• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2011

Қазақ елі

1397 рет
көрсетілді

Бүгін мен болашақ туралы ой Жазушы Роллан Сейсенбаев Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр қазақ даласын жиі-жиі аралап тұрады. Осындай сапарлар барысында өзі куә болған жәйттерді сырт жұрттың тірлік-тынысымен салыстыра отырып, ел өмірінің бүгіні-ертеңі туралы өзіндік пайымын қағазға түсіретін жазушының әр шығармасында түрлі ойлар легі шүпілдеп тұрады. Және сол ой орамдары шынайылығымен жан тербейді. Қашанда елдің рухани тынысы кең, халқының еңсесі биік болуын қалайтын жазушының ел ішін аралаған сәттерінен қағазға түскен осындай бірқатар дүниелерін біз бүгіннен бастап жұртшылық назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Ұлттық ырғақ немесе қисық ағаштан түзу көлеңке түспейді

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң, енді өз ырқың

                                         Абай.

Маған кітаптарымен ғана емес, адамдық пиғыл-ниеттерімен, айтулы адамдық істерімен үлгі болған аға қазақ жазушылары болды. Олар көп те емес еді. Нағыз адам да өмірде сирек кездеседі. Ал нағыз жазушы нағыз адамнан да дү­ниеге сирек келер өзгеше құбылыс. Өйткені, нағыз жазушы, қара жерге Аллатағаланың бұйрығы­мен жіберіледі. Сонан да, нағыз жазушының өмірі қиямет-қайым азаптардан, адам жүрегі үшін болар айқастардан, жақын­дар мен туыстардың түсінбеушілігінен, өмір­ден өзін-өзі іздеген мехнатты жан санда­лу­ларынан тұрады. Жазушы мақсұты: өмірде ойлы, парасатты, адам тәрбиелеуге жан-жүрегін бағыштау, адам санасына шапағатты нұр сіңдіру, ой-әлемін даралау, адамдық келбетіне мейірім құю. Нағыз жазушы өз өміріне де, өз кітап­тарына да разы болмай дүниеден өтеді. Өйткені, әдеби, рухани, көркем ой әлемінің жетілу сатысының шегі де, шеті де жоқ. Оған қол жеткізген суреткер де болған емес. ХХ ғасырда өзіме үлгі тұтқан аға жазушылар мен ойшылдар қазақтан – Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлей­менов, Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұратбеков, орыстан – Лев Гумилов, Георгий Гачев, Юрий Домбровский, Юрий Казаков, түріктерден – Осман Тюркай, жапоннан – Макота Ода, Кэндзабуро Оэ, финнан – Пентти Холоппа, пәкстаннан – Мирза Тахир Ахмад, қырғыздан – Шыңғыс Айтматов. Бүгінгі оқырман, мен үлкен құрметпен атаған адамдардың бірін білер, бірін білмес. Бұлар өз халқының біртуар ұлдары. Қай-қайсысы да маған әр кезде ұстаз, аға, ақылшы болған ойшыл тұлғалар. Бұлардың көбі о дүниеге мәңгілікке сапар шеккен. Бірақ, олардың қай-қайсысы да менің жүрегімде қалған ардақты есімдер. Жандары жәннатта болсын деп Аллата­ғаладан мың мәрте тілеу тілеймін. Олар менімен жан бөліспесе де, менің адал адам, адал жазушы болуыма жандарын салған нұр кеуделі кемеңгер адамдар еді. Мен он жылда бір рет Мұхаңның (Мұхтар Әуезов) «Абай жолын», Гетенің, Толстойдың, Хемингуэйдің, Фолкнердің, Гессенің шығар­маларын мұқият оқып шығамын. Бес жылда бір рет қазақ даласын шарқ ұрып еркін кеземін. Ұлттық ырғақтың қаншаға түге­сіліп, жоғалып бара жатқанын аңдаймын. Шамам жеткенше Қазақ еліндегі университеттердегі, мектептердегі кездесулерімде жастарға ұлттық ырғақ туралы толғанамын. Әлемдік жаһандану өрісінің қазақ даласын жайындай жұтып жібермеуі үшін ашық күреске түсемін. Әр ұлттың өз табиғи ырғағы – болмысы, діні, тілі, ділі, ортасы, оқуы мыңдаған жылдар бойғы тәрбие аясы, күндізгі күндей, түндегі айдай жарқырап жанып тұруы керек. Мұны бізге жиырма ғасырлық Дала жырлары уағыз­дайды. Көк Тәңірі құлағымызға сыбырлайды, жүрегіміз сезеді. Өзінің табиғи ырғағын жоғалтқан халық – тірі өлік. Табиғи ырғақтан жаңылған елде тіл өледі. Тіл өлген соң халық өледі. Қазақ жазушылары, ойшылдары, ұлттық ырғағымызды қолдан беріп жатқанымыз тура­лы толғанулары, халыққа уағыздауы қажет. Қазақтың көзін ашуға ұмтылуы тиіс. Бұл біздің азаматтық парызымыз. Мұны бізден басқа ешкім айтпайды. Бұл тұста үндемей қалу сатқындық болады. Менің жазу столымда Құран, Абайдың, Шәкәрімнің, Махамбеттің, Ясауидың, Сүйін­байдың өзім шығарған бір томдықтары жатады. Ала таңнан тұрып Құран кітабын оқимын, қара түнде көз ілердің алдында тағы да Құран сүрелерін іштей күбірлеп жатамын. Соңғы жиырма жыл өмірім Құранмен бірге өтуде. Намаздан алған ләззатқа өмірдің өзге ләззаты қайдан жетсін?!. Жете алмайды екен. Кітап сөремдегі Американың, Африканың, Еуропаның, Латын Америкасының жазушы­ларының кітаптарын үш жылда бір рет еркін ақтарып шығамын. Былтыр жаз Иорданияны, Палестинаны, Израильді, Ливияны, Сирияны, Түркияны, Иран­ды түгесе ұзақ аралап шыққан соң (үш ай), Семейдегі шешемнің үйіне тоқтап, қала кітапханаларындағы, музейлеріндегі Шығыс әдебиетін түгел жиып, қайтадан сүзіп оқып шықтым. Оған да үш ай уақытым кетті. Үш үлкен дәптерге конспект түсірдім. Сол жолы, қазақтың дүниеден өткен ақын-жазушыларының Шығыс әдебиетін қазақ тіліне аударудағы ұлан-ғайыр еңбектерін оқып көзіме жас келді. Сол ақын-жазушы ағала­рымның ерлігіне бас идім. Бұндай ғажап еңбектерді Мәдениет министрлігі мен Қазақ­стан Жазушылар одағы қайтадан басып шы­ғарулары керек-ау деп ойладым. Сол құнына баға жетпейтін кітаптарға жан бітіру керек. Сол кітаптардағы ұлтық рухты бүгінгі ұрпақ­тың қанына сіңіру керек. Алладан тілеп, дем салу қажет. Жарқыратып көрсету қажет. Сол асыл аудармашы аталарымыздың отбасына әлгі кітаптардан қаламақы төлеу керек. Дәл осындай сәттерде, Эрмитаждан Түркіс­танның тайқазанын қайтарған Өзбекәлі Жәні­беков ағамыз еске түседі. Дәл бүгінгі қазақ еліне Өзекең секілді біртуар асыл тұлға қандай қажет десеңізші деп арман қыласың!... Әттең... Онан өзгеге шама жетпей, күрсінесің. Бүгінгі күні әлемнің сексенге жуық кітап­ханаларына таралған «Орхон жазбаларының атласы» ерен еңбек. Мырзатай Жолдасбеков пен Қаржаубай Сартқожаұлы бірлесіп, бірнеше жылдар бойы «қара терді төгіп, қызыл қанды ағызып» жазған құнды еңбек. Марқұм Ақселеу Сейдімбековтің соңғы жылдары жазған «Күй кітабы» ерлікке тең құдіретті еңбек еді-ау. Бұлар талассыз туындылар болатын. – Роллан, сен көп айтатын ұлттық ырғағың осы еңбектерде толып тұр. Бірақ, ұлттық ырғақ туралы елдің қолында жүрер жеке шағын ғана еңбек керек-ақ. Оны дұрыс айтасың. Өмірің шетте өтті, шеттің ондағы ой адамдарымен дастарқандас болдың, көргенің көп. Сонан да шыдай алмайсың-ау. Мен сені түсінемін. Ал қазақ ортасы сені түсінеді деп айта алмаймын. Жазған кітаптарыңды да оқыған жоқ. Мына мен де сенің соңғы кітаптарыңнан көз жазып қалдым. Несіне көлгірсиін. Ұлттық ырғақ туралы кітапты өзің де жазар ең, маған жол бергенің мәрттігіңді көрсетеді. Текті атаның баласысың ғой. Бойына қызғаныш бітпеген жалғыз қазақ, дәл осы сен боларсың. Қайтып қолыма қалам алмаймын деп уәде беріп қойып ем, ойланайын, Роллан. Дәл қазір қинама. Ойланайын. Менен қайыр болмаса, өзің жаз. Немесе басқа кісі таңда. Ондай адам ортамызда бар ма екен осы?.. Сол еңбекті жазуға Ақселеудің ғұмыры жетпеді. Шамасы, қазақ жастарына хат ретінде сол шағын еңбекті өзіме жазуға тура келер. Оның сәтін Алланың сағаты салса көрермін, деп дала кезіп мен жүрмін. Соңғы жиырма жылдағы әдебиет пен өнердегі қазақ азаматтарының бұлқынысын бір жүйеге келтіріп жазып шығу қазақ ғалым­дарының ғұзырында-ау деп ойладым. Мемле­кеттің идеология айдынын қарап отырған институттар көбей­месе, азайған жоқ. Бірақ, сол идео­логиялық институттардың сапалық жүйесін жаңарту керек. Рухани діңгегін біріктіру қажет. Кеңес Одағы кезінде бір дүниені талқандау үшін комитет құратын. Бүгінде бізде де комитет көп. Өткен Кеңес Одағының сарқыты әлі таусылар емес. Ұмытпасам, 1980 жыл. Мәскеудің қара түнінде, такси жалдап Әнуар Әлімжанов екеуміз жазушылардың Переделкинодағы үйіне жол түзедік. Бір кезде машинада қазақша еркін сөйлесіп отырған бізге таксист зілді үнмен: – Шүлдірлегендеріңді доғарыңдар – деп дүрс етті. Сонда тартып отырған темекісін терезеден ытқытып жіберген Әнуар ағам: «Сен не айтып отырсың? – деп тіксінді. – Біз ана тілімізде сөй­лесіп келеміз. Анаға қай халықтың ұлы тіл тигізген? Ананы сыйламайтын сен кімсің? Ана тілінен артық бұл дүниеде не қасиет бар?... Сен орыс екен деп, біз де орысша сөйлеуіміз керек пе?» Таксист тісін қайрады. Бірақ үнсіз қалды. Машина Переделкиноға келіп тоқтағанда, Әнекең алдыңғы орынға ақшаны қойып, жылдам шығып кетті. Әдепті адам еді, есікті сілкіп тастаған жоқ, жайлап жапты. Енді ғана шыққалы жатқан менен таксист жігіт: – Ұлттарыңыз кім? – деп сұрады. Ыза қайнап тұрса да, сабырға жүгініп: – Біз қазақпыз. Ал сенің ұлтың кім? – Орыспын. – Ә, бәсе, сендер аналарыңды сыйлаушы ма едіңдер? – деп есікті қатты жаптым. Таксист машинасынан шығып, Әнекеңе: «Кешіріңіз!»... деп мүдірді. – Үш жыл Аягөзде солдат болғанмын. Бір білместік кетті. Мен қазақтарды жақсы көремін. Арасында әлі де араласатын достарым көп. Әнекең үндеген жоқ. Қолын бір сермеді де жүріп кетті. Таксист маған бұрылып ыңғайсызданған күйде: – Біздің түбімізге мәдениеттің аздығы жетеді мен білсем – деді. – Сенің түбіңе мәдениеттің жоқтығы жетті, бауырым. – Тағы да ағат кеттім, кешіріңіз... – Кешірім сұрауға рухы жеткен адамды Құдай да кешіреді, – деп иығынан қақтым. – Рахмет!... деді де машинасына от алдырып таксист жүріп кетті. Әнуар ағам кең адымдап, жазушылардың шығармашылық үйіне еніп, екінші қабатқа көтеріле берді. – Роллан, сыйымызды ұмытқан жоқпысың?... деп артына бұрылды. – Ұмытқам жоқ, көтеріле беріңіз. Сағат түнгі он еді. Келген кісіміз башқұрттың атақты ақыны, драматургы, ойшыл көсемі, аяулы Мұстай Кәрім ағамыз болатын. Бөлмеге кіргенімде, Мұстай аға столға төніп, жазу жазып отыр екен. Орнынан асықпай көтеріліп, Әнуар Әлімжановты бауырына басты. – Аман-есенбісің Әнуар?! – Рахмет, Мұстай аға, өзіңіз күйлі қуаттысыз ба?! – Бәрі жақсы, Әнуар. Қазір Ахияр келеді. Ана дәм жасаулы тұрған столға жайғасайық. – Мен де сол арада сөмкеден «Қазақстан» коньягын, жылқының қазысын, үлкен қораптағы шоко­ладты шығарып, столға қойдым. – Түркі елінің асы дастарқанды әрлендірді-ау, – деп күлді Мұстай аға. – Роллан, балам, әкең күйлі ме?! – Бәрі жақсы, Мұстай аға. – Әнуар! Ролланның әкесімен Малеевка үйін­де таныстым. Партия, кеңес қызметінде істейтін адамдардың ортасынан әдебиетті көп оқитын адамды тұңғыш кездестіріппін. Виктор Астафьев екеумізді оқыған кітаптарымен, ой биіктігімен таң қалдырды ғой. Әкеңе жақында Уфадан хат жібердім. Соңғы шыққан жыр кітабымды қоса салдым. Жарқылдап Ахияр Хакимов ағамыз келді. Ахияр Хасанұлы ұзақ жылдар «Литературная газетада» СССР халықтары әдебиетін басқарды. Талантты журналист, аса қабілетті проза шебері болатын. Осы кеште Мұстай Кәрім толғанып, ұзақ әңгі­ме айтты. Бұл бір ғажайып сыр кеші болып еді. Кеш соңында Мұстай аға Әнуар Әлімжа­новқа хат берді. – Осы хатты Әнуар, Дінмұхаммед Қонаевқа тапсыруыңды сұраймын. Бұл хатта Алматы ша­һарында түрік тілдес жазушылардың үлкен кеңесін өткізсек деген жалғыз ғана тілек бар. Балтық жағалауындағы елдер жиі бас қосады. Біздерге де бас қосу керек. Бір-біріміздің кітаптарымызды аударуымыз қажет. Туысқан халықтар бір-бірінің әдебиетінен, мәдениетінен хабардар болғаны өте тиімді болады. Бұл артымыздан қаулай өсіп келе жатқан жастарға керек. Ақсақалдар бір-бірін біледі, жастарды табыстырайық. Өмір енді солардікі. Солардың жолын ашайық. Халқымыздың әдебиеті мен мәдениетінің де жолы ашыла берсін. Беретінімізді халқымызға беріп қалайық. Соңғы орыс империясының құрт түскен діңгегі де сықырлап сынуға тақау тұр ғой. Дінмұхаммед Қонаев қорғанбасын. Хатты өз қолына ғана табыс ет. Әнекең де, Ахияр да үлкен ағаларының тілегін қабыл алды. Әрқайсысы өздерінің ойларын қосты. Әңгіме көкжиегі көтеріле түсті. Москваның қақаған аязында Переделкиноға Мұстай Кәрім екі атақты інісін ұлы түркі халқының болашағын ескеріп, қасына шақырып ой бөліскені мені таң қалдырған. Ол кезде мен жас едім. Бірақ Мұстай ағаның кемеңгер ойла­рының, асыл ниетінің астарында не жатқанын айнытпай ұққанмын. Сонан да жүрек тулаған. Рух аспандаған. Әттең, сол өміршең ой іске аспады. Біз ол кезде Рессей империясының боданында едік. Ал қазір, сол аязды Переделкино қысынан бері тура отыз бес жыл өтті. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз қазақ еліне бүкіл әлемнің басшыла­рын жинап, ЕҚЫҰ-ның үлкен құрылтайын өткізді. Тәубе, құрылтай сәтті өтті. Қазақ елінің сыртқы саясаты шыныққан шындыққа толған сайын, еліміздің абыройы асқақтап келеді. Рас, сырт жұрттың аздаған күмән-күдігі болды. Ал Назарбаевта күдік жоқ, ол бар жанын салып, алып кемесін ашық теңізге шығарды. Ең басты нәрсе, Қазақстанда болған ЕҚЫҰ саммитінде ортақ шешім қабылдаудың қиындығы еді, оған да қол жеткіздік. Әрине, бұл оңайға түскен жоқ, өйткені әлемде ұзақ жылдар бойы шешілмей жатқан қан жылаған проблемалар қаншама десеңізші. Сол кездегі көңіл-күйімді айтсам, мен Алладан ЕҚЫҰ саммитінде Қазақ елінің жұлдызы жарқырауын тіледім. Нұрсұлтан Назарбаевтың бәйгеге қосқан арғымағының көш алдында келуін Алладан сұрадым. Бұдан әрі бөтен жұрт Қазақстанды Үндіс­танмен, Пәкстанмен шатастырмайтын болады. All right Kazakhstan! Жаса қазақ елі! Дешті-Қыпшақ даласы дербестік алған кезде, әлемнің түркі тілдес халықтарын Астана аспанында жинап, олардың ойларын салмақтап, армандарын айғақтап, Аттила – Еділ бабамыздың аруақты түндерін еске алып бой көтеру керек-ақ енді! Даралығын айқындауға жан салған жиырма жылдың айтулы бір көрінісі де түркі тілдес ағайынға Нұрсұлтан Назарбаев салдырған Аста­наны көрсету болып табылады. Бұдан әрі Қазақ хандығының 500 жылдығы; Абылай ханның 300 жылдығы; Қазақ даласын азаға тұншықтырған аштықтың 80 жылдығы; Ядролық бомбаларды жару мен сынаудың 65 жылдығы; Желтоқсан трагедиясының 25 жылдығы мейлінше мол ақыл мен ой жұмсап өткізетін киелі шаралар. Сол күндер мен түндерде Дешті Қыпшақ даласының төсіне аруақтар көтеріледі. Сол азалы, киелі шараларды атқаруды сен де, мен де күткелі қашан! Ойхой, қазақ халқы көз жасын көл қылатын сол күндер мен түндерді жақындат! Жанымыз да, тәніміз де тазарсын! Тауымыз да, даламыз да дүр сілкінсін!  

Қара жерді қадірлемесек, қарғысы атады

Жер!  Бұл жалғанда сол үшін ғана жанталасып еңбектенуге, соғысуға һәм өлуге болады, өйткені жер ғана мәңгілік.                          «Унесенные ветром» романынан Жапонияны бір ай емін-еркін аралағанымда, бір түйсінгенім Жер-Ананың қасиетін дүниеде бір ұғынып болған ұлт болса, ол жапон халқы-ау деген ойға жығылдым. Мұхиттар әлемінің ортасындағы шағын ғана арал өзінің мәрттігі мен рухани биіктігін көздің қарашығындай сақтап тұрған бірегей халық. Ұлттық дәстүрлерін киесіндей сақтаған жалғыз жұрт. Кеңес Одағынан титықтай, шын мәнінде, күйрей жеңілген жапондықтар не істерге білмей дал болған кез болатын (1945 жыл). «Мырзалар, сіздер енді, құдайсыздар!» – деп жапон императоры жас солдаттарды со­ғысқа айдады. Ол жас «құдайлардың» бәрі бірдей қырылды, жараланды, жапон императоры өзінің күйрей жеңілгенін түсінді. Жүздеген кемелері тас-талқан болды. Күшті деген мемлекет омақаса құлап жатыр еді. Соның артынша-ақ, Хиросима мен Нагасакиге америкалық ұш­қыш атом бомбасын тастады. Екі миллион адам қырылды. Содан бастап Жапония Амери­каның қол астында ұзақ жылға қалды. Бұл жапон халқы үшін ең ауыр жылдар еді. Қапас жылдар еді. Намыстары езілген жылдар еді. Рухтары қан жылаған жылдар еді. Бұл қасіретті қайғыны жапон халқы ешқашан ұмытпақ емес. Ұмытпайды да. Биыл америка-лықтардың Жапонияға атом бомбасын таста­ғанына 66 жыл толды. Сол алпыс алты жыл­дың ішінде Америка үкіметі Жапониядан кешірім сұраған емес. Өткен жылы Американың Жапониядағы елшісі Хиросимада атом бомбасының құрбан­дарының ескерткішінің алдында жапон халқы­мен бірге қаралы қарауылға тұрды. Бұл Обама билігінің адамгершілік белгісі еді. Жұмыр жерді мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстар бас қосып, жұмыр жердің, оны мекендеген халықтардың нағыз шын тарихын жазып шығулары керек-ақ. Бұл біздің адамдығымызға сын. Адамзатқа қара жердің қожасы емес, қара жердің баласы болған сыйымды. Менің бүкіл Жапонияны аралауымды реттеп жүрген Мацузава сан өте кішіпейіл, жас жігіт еді. Сағыз шайнамайды. Темекі тарт­пайды. Бос сөйлемейді. Өтірік айтпайды. Құдайға құлай сенеді. – Жұма күні Токиодан мешіт тап. Мен ба­рып намаз оқиын, – дедім. Өкінішке қарай, біз жұма намаздан қалып бардық. Жолда машина көп, жүре алмадық. Ал мешітке тақай бергенде жауын құйып берді. Жауынның қаттылығы сонша, біз машинадан мешітке жеткенше үсті-басымыз малмандай су болды. Мешіт, әрине, біздің ойымыздағыдай емес. Жапон үлгісіне ұқсайды. Іші мұнтаздай таза. Әдемі. Біз мешіттен намаз оқып шыққанда, жауын тоқтапты. – Роллан-сан, сізді Құдайыңыз жақсы көреді екен, – деді ол. – Жаңбырмен қарсы алды, күннің шуағымен шығарып салды. – Жолаушы мұсылманға көрсетілген құр­мет болса керек, дедім. – Мешіт ішіндегі аура өзгеше жеңіл, өзгеше жайлы екен. – Қонақ үйге барып киім ауыстырып алыңыз. –  Өзің ше? – Мен де сонда киім кептіріп аламын. Макота-санды күттіріп алып жүрмейік. Ол Жапонияның атақты адамы. Атақты тұлғасы. Атақты жазушысы. – Әрине, уақытында жеткеніміз, дұрыс. – Сіздің жапондық аудармашыларыңыз да сол үйде жиналады. Роллан-сан, жапондықтар үйіне өте ерекше сыйлаған немесе ерекше құрметтеген адамдарын ғана шақырады. Өзгелерін кафелерде, ресторандарда күтеді. Макота-санның үйінің қасында сізді журналистер тосып тұрғанын да есіңізден шығарып алмаңыз. – Әрине, рахмет, Мацузава-сан. Макода Ода Жапонияның атақты жазу­шысы. Әлемге әйгілі «Хиросима» романының авторы. Макота Ода екеуміз кезінде Ресейді, Қазақстанды айлап аралағанбыз. Макота Оданың аудармасы арқылы менің «Дүние тас-талқан болған күн» повесім әйгілі «Асахи» журналында жарық көрген. Көп тиражбен жеке кітап болып басылған. Нобель сыйлығының иегері Кэндзабуро Оэ мен Макота Ода менің аса сыйлы достарым болатын. Біз қай елде кездессек те, уақыт тауып жеке жүздесіп қалуды салтқа айналдырғанбыз. Осако қаласындағы Макота Оданың үйінде жапон журналистерімен, аудармашылармен болған кездесу естен кетпес. Макотаның әйелі, суретші қызы Нара да менің аудармашылармен болған кездесуіме жандарын салды. Иә, сол күні Жапонияның түкпір-түкпірінен жиналған журналистер, аудармашылар, баспагерлер, Мако­та-санның оқушылары ұзақ түн келелі әңгімеге беріліп еді. Ал таңға жақын, Осако қаласының вокзалында тұрып, бір-бірімізге саулық, сәттілік тілеп, Жапонияның әр қаласына жүрдек пойызбен кетіп жаттық. Токио әуежайының алдына келіп жүгі­мізді реттеп, мені шығарып салуға ниет білдірген жаңа достарымызды тосып тұрғанбыз. Темекі тартып тұрған жігіттер жан-жақ­тарына қарап, темекі тұқылын тастайтын урна іздеп таппаған соң, бұрышқа темекілерін тастай салып, ұшаққа асығып еді, Мацузава жас барыс құсап жігіттерге ұмтылды. – Темекілеріңіздің тұқылын көтеріңіздер! Анау арадағы урнаға тастаңыздар. Ресейдің жаулап алған жері үлкен, Жапонияда жер шағын. Киелі жерімізді ластамаңыздар, – деді орысшалап. Хабаровскінің орыстары қайта жүгіріп келіп, лезде еңкейіп темекі тұқылын көтеріп, урнаға апарып салды. – Роллан-сан, қара жерді қадірлемесек, бізді қара жердің киесі атады. Қара жерге біз ерекше табынамыз. Қара жерді ардақ тұтамыз. Осы жапон аралынан қымбат бізге бұл өмірде ешнәрсе жоқ. Әрине, Будда, тіліміз, жапон халқы. Қалған дүниені жапондықтар, еңбегі­мен, ақылымен, рухымен иемденеді. Біз өз есемізді жібермейміз. Электрониканы аштық, сол арқылы ғаламды ұстап тұрмыз. Қазақтар да бір үлгілі жаңалықты ойлап тауып, соны ұстанса, бақытты халық болады. Әрине, бақыт деген салыстырмалы ұғым ғой. Маған сіздің жапон теледидарына берген интервьюіңіздегі ұлттық ырғақ туралы толғанысыңыз ерекше әсер етті. Кезінде біз самурайлық рухтан айырылдық. Қазірде жапон жастары салт-дәстүрден бойла­рын тежеп ұстауда. Әлем американизацияға бой ұруда. Өкінішті. «Қазақ халқына Құдайдың көзі дұрыс болсын!» деген сөзіңіз қандай керемет ой. Өте терең сөз. Терең ұғым. Мен сізден көп нәрсе ұғындым, Роллан-сан. – Мен де Мацузава-сан. Әуежай төбесінде Жапонияның аппақ туы желбіреп тұр. Қақ ортасында жеңіс белгісі – Қызыл күн. Роллан СЕЙСЕНБАЕВ.