• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2011

Рухани бірігудің көкжиегі кеңейді

312 рет
көрсетілді

Кеше Астанада ТҮРКСОЙ-ға қатысушы мемлекеттердің Мәдениет министрлері Тұрақты кеңесінің ХХІХ отырысы өз жұмысын бастады Ерте ғасырларда Еуразия ке­ңіс­тігін жайлап, ежелгі дүние өр­кениетінің қанат жаюына өлшеусіз үлес қосқан сақтар мен ғұн­дар­дың, түркілердің ұрпақтары осы күні жер шарының едәуір бөлігін қамтитын аумақта  қырыққа жуық ұлыс пен ұлт атымен даңқы өр­леу­де. Бір өкініштісі, осынау байырғы жұрттың арасында тілі мен дінінен, ділі мен дәстүрінен ажырап, жер бетінен жойыла жаздап тұр­ған халықтар да аз емес. Кеңестік кезең келместің кемесіне мінген соң, өз Тәуелсіздігіне қолы жеткен түркі тілдес мемлекеттер – Қа­зақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан Түр­кия­мен бірігіп, түркітілдес халық­тар­дың тартылған рухани тамырына қан жүгірту мақсатында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымын құрған болса, бұл Хаттамаға 1993 жылы Алматыда қол қойылып, Қазақ елінің тәуелсіздік рухын биіктеткен тағы бір құнды құжат дүниеге келген еді. Оған алғаш Әзербайжанның бұлбұл әуезді ән­шісі Полат Бюл-Бюлоғлы сияқты белгілі адамның басшылық етуі көптеген игілікті істердің жүзеге асуына септігін тигізгені рас. Ол ұйымды 15 жыл басқарса, 2008 жыл­дың 27 мамырынан бастап ТҮРКСОЙ-дың бас директорлы­ғы­на Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері Дүйсен Қасейі­нов сайланды.  ТҮРКСОЙ аясы жыл­дан жылға кеңейіп, бүгінде мү­шелері арта түскен. Олардың ішінде, мысалы, бір ғана Ресейдің өзінен Татарстан, Башқұртстан, Алтай, Тыва, Хакасия, Якутия сияқ­ты бірнеше аймақтың түгел енуі көп жәйтті аңғартары сөзсіз. Тұрақты кеңестің кезекті оты­рысында аталмыш ұйымның жыл­дық жарнасын ұлғайту мәселесі қозғалды. Халықаралық ұйымның бүгінге дейін ұйымдастырған мә­дени шаралары жайында айтылды. Солардың бірі ретінде Ыстам­бұл­да өткен халықаралық аударма­шы­лар симпозиумын атап кеткен орын­­ды. Оған ТҮРКСОЙ ұйымы­на мүше түркі тілдес елдерден белгілі ғалымдар, аудармашылар, баспагерлер қатысып, болашақта ақын-жазушылардың тұщымды ту­ын­ды­ларымен сусындап оты­ру­ды әңгі­меге арқау еткен. Көптеген концерттер мен кездесулер, бейнелеу және қолданбалы өнер көрмелері, симпозиумдар,  музыка және театр фестивальдері, белгілі бір адамға арналған мерейтойлық кештер, кітаптар мен күнтізбелер тұсауке­сер­ле­рі сияқты қызықты шараларды тізе бер­сеңіз, олардың саны өте көп. Наурыз мейрамының Францияда ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілгені істің жүйелі жүргізілуінің нақты жемісі деп санауға болады. Жиында У.Гаджибековтің «Кероглы» операсына тоқталмаған жан некен-саяқ. Оған алты түркітілдес елден 250 негізгі орын­даушының қатысуы түбінен тү­ңі­лу­ді емес, түгенделуді іздеген жұрттың  баға жетпес жобасын жоғары баға­латады. Әр мемлекеттің өз рухани құнды­лығына құрметпен қарау дағдысы қа­лыптасып жатқан уақытта ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен қолға алынған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының күл­лі түркітілдес елдерге өнеге болып, тіпті өркениетті жұртпыз деп отырған дамыған кейбір елдердің өзі үлгі тұтқаны белгілі. Бүгінде ұйымның мақ­саты мен ұлттық мәдени жобаның бір арнаға түйісу себебі, ата-бабаларымыз көз қарашығындай сақтап келген байыр­ғы байлыққа деген сүйіспен­ші­ліктің қайта түлеуінде екені тағы шындық. Қазақ ауыз әдебиетінің үздік үлгісі «Қыз Жібек» эпосының түрле­ніп, түгел елге тарауына да түрткі бо­лып отырған осы ұйым екенін жұрт жадынан шығармасына сенеміз. Мұн­дай шаралардың әсіресе, туған жерін аңсаған алыстағы ағайынның сағы­нышын басуға септігі мол десек, сол туынды түрлі жанрда түрленіп, жалпы түбі түркінің мүддесін біріктіруде. Қазақстан Мәдениет министрлігі бас­пасөз қызметінің мәліметі бойынша, ТҮРКСОЙ мәдениет министрлерінің кездесуі аясында түркітілдес елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық қа­рым-қатынасты мұнан әрі нығайтудың жолдары қарастырылып, сонымен бірге 2011-2014 жылдар аралығына ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы мен ұйым­ның уақытша үйлестірушісі сай­ланды. Сондай-ақ, кездесуде «Астана 2012 – түркі әлемінің мәдени астана­сы» бағдарламасының іс-шараларына дайындық жұмыстары жөнінде ақпарат тыңдалып, алдағы жылы 150 жылдығы тойланатын хакастың түрколог-ғалымы Николай Қатановтың құрметіне 2012 жылды Қатанов жылы деп жариялау туралы  ұсыныс қаралды. Түркітілдес елдер әдебиеті мен мәдениетіне, тілі мен өнеріне бүкіл саналы ғұмырын арнаған белгілі тұлғаларды дәріптеп, әлем өркениетін ортақ игілікке жұмыл­дыруда ұйымның ұшан-теңіз атқарған жұмыстары арасынан қазақтың Абай, Мұхтар Әуезов, Мұстафа Шоқай сын­ды алып бәйтеректеріне жасалған елдік құрмет пен ілтипаттың жөні бөлек. Оты­рысты сөз сөйлеп ашқан Қазақстан Мәде­ниет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің түбі бір түркі әдебие­ті­мен егіз есімдерге айрықша тоқталып өтуі бекер емес. ТҮРКСОЙ-дың ал­дында тұрған міндеттердің бір парасы ел мен елдің, халық пен халықтың арасындағы алтын көпірге айналған тұлғалар бейнесін санада жаңғырту десек, сол арқылы өзара достық пен ын­тымақтастықтың ізгі дәстүрлері қалып­таспақ. Мәселен, кездесу барысында бейнелеу өнері шеберлерінің 14-ші  және фотосуретшілердің 8-ші кездесу-көрмелерін өткізудегі мақсаттан алда­ғы істердің айшықты тынысы аңға­ры­лып, түбі бір түркі жұртшылығының тарихи сабақтастығы тағы бір белеске көтерілгеніне куә боласыз. Соңғы уа­қыт­та бірталай шет елдерде халқы­мыздың ардақты азаматтарына арнап көшелер берілсе, кейбірінде еңселі ескерткіштердің орнатылуы Қазақ елін өзге өркениеттің тануы, құрмет пен ізеттің белгісі ретінде бағалануда. Сол секілді басқа да құндылықты құрмет­теуден Қазақстанның кенде қалып қойған жері жоқ. Мұның растығына Астанада Мақтымқұлы, Манас, Гейдар Әлиев, Әбубәкір Диваев, Ұмай ана, Күлтегін сияқты жалпы түбі түркі тұл­ға­ларға берілген көше аттарынан көзі­ңіз айқын жете түседі. Қасиетті қазақ да­ласынан, оғыздардың қара ша­ңы­ра­ғынан бөлініп, сонау Х-ХІ ғасырларда Кіші Азияға, бүгінгі Анадолы топы­ра­ғына қоныс аударған түрік бауырларға ел Тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындауы тұрғысынан ғана емес, тілдік, елдік мәселелердің қай-қайсысында да өзінің достық, туыстық пейілімен дара тұратын жұртқа Қазақ елінің де көрсетер ілтипаты ерекше. Елордада Мұстафа Кемал Ататүрікке (2009 жылы) көтерілген еңселі ескерт­кіштің айбыны бауырмалдық қарым-қатынастың бастауындай түйіледі. Мұндай қос тараптар қоштаған жобалардан сандап мысал келтіре аламыз. Ендеше, бұл сан тармақта, руханият­тың алуан саласы бойынша алда да жал­ғасын таба беретін дәстүрлі өрнек­тер болмақ. ТҮРКСОЙ бағындырар тағы қандай шыңдар тұр деген мәсе­леде өзара ойласып алатын тақы­рып­тар екшелді. Түркі мәдениетінің жа­рығын өзінің түбіне ғана түсіріп қой­май, келешекте керегесін кеңейтуді ой­ластырған жобалар ұйымның халық­ара­лық ұйымдар арасындағы абырой-беделін асқақтатпаса, аласартпасы анық. Мұндай маңызды жұмыстар Еуропа елдерімен мәдени байланыстар барысында ойдағыдай басталып та кетті. Ресейде Алашорда мен Тұрар Рыс­құловтың құрметіне мемориалды тақта қойылып, күй атасы Құрманғазыға, Парижде алаштың ардақтысы Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылуы арқылы көбіне мәдениет күндері, фестиваль, байқау, көрмелер аясымен шектелер өзара қарым-қатынастар бертін келе халықтар бірлігін нығайтатын нақты шаралармен биіктеді. Анкарада Абай Құ­нанбаев, Мұхтар Әуезов пен Мағ­жан Жұмабаев ескерткіштері бой көтерді. ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов отырыста сөйлеген сөзінде ұйым ұйытқы болған көптеген осындай шараларды алға тартты. Тек Қазақстан жетістіктері ғана емес, түркі әлемінің әйгілі ойшылдары мен қай­рат­кер тұлғаларына құрметті жарасым­ды жалғастырудың басқа да бағыт-бағдарлары байыпталды. Түркияның Мәдениет және туризм министрі Эр­ту­грул Гюнал, Түркіменстанның Мәд­ниет және телерадио хабарларын тарату  министрі Гүлмырат Мырадов, Әзер­бай­жанның Мәдениет және туризм министрі Вагиф Алиев, Қырғызстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің статс-хатшысы Мукталы Бектенәлиев, Башқұртстан Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Кәмила Дәулетова, Кипрдің Туризм, қоршаған ортаны қорғау және мәдениет министрі Уналь Устель, Татарстан Мәдениет министрі­нің орынбасары Гюзель Нигматуллина, Молдова республикасы Гагаузия мәде­ниет бас басқармасының бастығы Евгения Люленова ТҮРКСОЙ-дың соңғы жылдарғы атқарған жұмыстарына баға бере келіп, түркі әдебиеті мен мәде­ние­тіне ортақ есімдерді мәңгі есте қал­ды­ру мақсатында көптеген жұмыстардың жүзеге асып жатқанын айтты. Кеңес отырысын жүргізе отырып Қазақстан Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед биыл Қазақстан өзінің ең ұлық мерекесі  – Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтіп жатқанын айта келіп, ШЫҰ-ға мүше елдердің мерекелік саммиті, Дүниежүзілік ислам эко­номикалық форумы, Ислам  Ынты­мақ­тастығы Ұйымына мүше елдер Сырт­қы істер министрлері кеңесінің оты­рысы, ШЫҰ-ға мүше елдердің мәде­ниет министрлері, Дүние жүзі қазақ­тарының құрылтайы сияқты айтулы оқиға­лардың ойдағыдай өткенін мә­лім­деді. Ұйымның бүгінгі ортада алатын орны туралы әңгімелеп, Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың ТҮРКСОЙ-ды түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналдыру идеясынан елор­дада Түрк академиясы ашылғанын айтты. Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, т.с.с. бірталай аймақтардан қазақ­тың тарихы мен мәдениетіне, этнографиясы мен өнеріне қатысты өте бағалы қолжазбалар мен баспа өнім­дері табылғаны, шет елдердегі қазақ­тар­дың тарихы кешенді зерттеліп жат­қаны, «Ұлы дала сазы», «Опералия», скрипкашылардың, пианистердің ха­лық­аралық байқаулары, «Еуразия» кинофестивалі сынды түбі түркі құлағын түретін дүниелер жемісін бере бас­та­ғаны жайында сөз болды. Биыл Астанада Анкараның мәдениет күндері шуағымен көңіл көншітсе, күзде қырғыз киносының күндері өтпек. Мұндай мәдени жобалар артпаса, алдағы уақытта кемімейді деп күтілуде. Кеңесте жұрттың тағы бір көңілін аударған нәрсе, белгілі татар ақыны Ғабдулла Тоқай жылына орай өткен, сондай-ақ түркітілдес мемлекеттердің 20 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар сараланды. 2013 жылы Түркияның Ескишеһир қаласын түркі әлемінің астанасы деп жариялауға байланысты ТҮРКСОЙ бас хатшы­сы­ның орынбасары Фырат Пурташ өз ойын ортаға салды. Ұйымның алдағы жылғы бағдарламасы байыптала келіп, мәдениет пен өнер саласындағы байла­ныстар мұнан әрі де ұлттық жобаларды ұлықтау ұлағатымен ұштала түсетініне сендірді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.