Түбі бір Түркия мемлекетінің айтулы қаласы Ыстамбұлдағы Абай мектебінде жаңа оқу жылы басталды. Бұл білім ордасы 2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған болатын. Содан бергі уақыт ішінде қазақтың данышпан ақыны Абайдың ілімі мен білімі бауырлас ел балаларының бойына дарып, ойына қонып келеді.
Биылғы жаңа оқу жылының ашылуына сол мемлекеттегі Қазақ елінің елшісі Жансейіт Түймебаев қатысып, оқушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы биыл ата-жұртымызда аталып өтетінін, оған ерекше дайындықтың жүргізіліп жатқанын, бұл мерекеге елдің егемендігін тұңғыш таныған бауырластардың да үлесі бар екенін жеткізген. Ол сонымен қатар, түрік бауырлардың 20 оқушысы көрікті Көкше өңіріндегі, Бурабай баурайындағы «Балдаурен» кешенінде дем алғанын да назарға салды. Бұл екі ел жастарының қазірден бастап араласып отыруына жасалған мүмкіндік екенін де атап өткен.
Жалпы, соңғы жылдары бауырлас елмен тек қана экономикалық қарым-қатынастар жасап қоймай, тегі бір жұрттардың рухани құндылықтарын өзара танып-білу мақсатында да жүргізіліп жатқан атаулы жұмыстар аз емес.
Сүлеймен МӘМЕТ.