• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
22 Қыркүйек, 2011

Ливияның жаңа билігін мойындады

349 рет
көрсетілді

Африка одағы Ливияның Ұлттық өтпелі кеңесін осы елдің бірден-бір заңды билігі ретінде танитынын мәлім­деді. Осымен бір мезгілде, африкалықтар Ливия­ның жаңа билігін осы елде жұмыс істейтін қара нәсілділерді қорғауға шақырды. Африка одағының ұзақ уақыт Муаммар Каддафидің оппозицияға қарсылығын қолдап келгені белгілі. Тіпті, көтерілісшілер ел астанасы Триполиді басып алғаннан кейін де аталған ұйым Ұлттық өтпелі кеңесті заңды билік ретінде танудан бас тартқан еді. Енді Африка одағының басқалай таңдауы қалмаған секілді.   Нью-Йоркте Ислам орталығы ашылды Кеше Нью-Йоркте Ислам мәдени орталығының ашылу салтанаты бол­ды. Ол 2001 жылдың 11 қыркүйегінде жасалған қанқұйлы лаңкестік салда­рынан құлаған Бүкіләлемдік сауда орталығының қос мұнарасы орын тепкен жерден екі орам жерде орналасқан. «Парк-51» деген атау берілген Ислам орталығын құру жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ. Ол үшін әлі де бірнеше жыл қажет көрінеді. Орталықта, атап айтқанда, мұсылмандар үшін ғибадат ету орны да ашылуы тиіс. Бұл нысан құры­лысының кезінде АҚШ-та көптеген наразылық туғызғаны да белгілі. Бірақ парасат биігі басым түскені байқалады.   Бұрынғы президент опат болды Ауғанстанның бұрынғы президенті Бурхануддин Раббани опат болды. Оны жанкешті-лаңкес жарып жіберді деген ақпарат тарады. Жанкешті жарылғышты өзі ораған сәлдесінің ішіне жасырыпты. Кабул криминалды полициясының бастығы Мохаммед Захир Раббанидың қаза табатын 20 қыркүйек күні «Талибан» қозғалысының екі өкілімен келіссөз жүргізгенін көлденең тартып отыр. Жанкешті-лаңкес соның біреуі болып шыққан. Құрбандығына жақындап келген ол бомбаны іске қосса керек. Жарылыс салдарынан Раббанидың орынбасары мен ел президенті Хамид Карзайдың кеңесшісі жараланыпты.   Қылмыскерлерден сұхбат алуға қарсы Қырғызстан парламентінің депу­таты, «Ата-Мекен» партиясының серкесі Өмірбек Текебаев жергілікті БАҚ-тарды ұйымдасқан қылмыстық топтар басшыларынан жиі-жиі сұхбат алатындары үшін оларға сын түй­реуішін қадады. Оның пікірінше, егер журналистер мұндай жария­ланымдарын өздері  тоқтатпаса, қылмыстық беделділермен сұхбатқа ресми тыйым салынатын болады. Текебаев сондай-ақ мұндай тыйым салулардың шетелдерде қолданылатынын қаперге салды. «Ата-Мекен» серкесі бұған дейін «қылмыстық мәдениетті насихаттауға» қа­тысты  қылмыстық жауапкершілік қолданудың бастама­шысы болған еді.   Бір айналдырғанды шыр айналдырады Кеше Жапонияның Хонсю аралының шығыс жағалауында дауыл «сайран» салды. Сидзуока префек­турасы табиғи апат соққысының астында қалды. Төрт жергілікті тұрғын көз жұмса, екеуі із-түзсіз жоғалып кеткен. Жалпы, осы аптаның басынан бері Хонсю аралында жаңбыр нөсерлетіп тұр. Жаңбырдың салдарынан бірнеше өзен арнасынан асып, жолдарды бұзған. Дауыл соғар алдында 1,3 миллион тұрғынға қауіпті аумақтағы өз үйлерін тастап шығу ұсынылыпты. Соңғы деректер бойынша, 900 үй топан судың астында қалған. Метеоро­логтардың болжаулары бойынша, «Рокэ» тайфуны сол­түстік-шығыс бағытына жылжитын көрінеді.   Үндістандағы зілзала салдары ауыр Үндістанның солтүстік-шығы­сын­дағы Сикким штатында қуаты айтарлықтай жер сілкінісі тіркелді. Зілзаланың эпицентрі Непал мен Тибет шекарасында орналасыпты. Таби­ғи апат салдарынан кем дегенде 130 адам опат болған. Көз жұмғандардың басым бөлігін Бутан, Батыс Бенгалия, Бихар және Джарханд штаттарының тұрғындары құрап отыр. Жергілікті биліктің айтуларына қарағанда, 40 шақты жұмысшы Сиккимнің  солтүстігіндегі Лачен таулы өзенінде су электр стансасын салып жатқан алаңда опат болуы мүмкін. Ал зілзаланың қуаты 6,8 баллды құраған.

Қысқа қайырып айтқанда:

*Латвия университетінің профессоры Инесис Фелдманис елде тұратын латыш ұлтынан еместердің барлығы өздерін «басқын­шылардың ұрпақтарымыз» деп мойындаулары керек екенін мәлімдеді. *Голландияның астанасы Амстердам қаласында сәрсенбіге қараған түні сот ғимараты жанында жарылыс жасалды. Ғимараттың үш қабаты зардап шексе, жетінші қабатқа дейінгі бөлмелердің терезелері шағылған. Зардап шеккендер жоқ. *Росавиация «Як-Сервис» әуе компаниясының лицензиясын кері шақырып алды. Аталған әуе компаниясының Як-42 ұшағы Ярославль қаласының маңында апатқа ұшырап, оның бортындағы адамдардың барлығы дерлік опат болғаны белгілі. *Кеше ертеңгісін Сухумидегі Кодорск шоссесінде бизнесмен Арсен Бжекшиев мінген «Мерседес» жеңіл көлігіне жасырылған жа­рылғыш құрал іске қосылған. Кәсіпкер оқиға орнында көз жұмса, жанындағы зайыбы көптеген жарақатымен ауруханаға жеткізілген.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.