• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2011

Сабырлылық кепілі – діни сауаттылық

334 рет
көрсетілді

Облысқа құрамында Дін істері жө­ніндегі агенттік төрағасының орын­басары Марат Әзілханов бастаған бір топ теологтар келді. Олардың өңірге келу­лерінің мақсаты тұрғындармен жүзбе-жүз кездесіп, діни ақпараттық-түсінік жүр­гізу, имамдармен діни біліктілікті арттыру бағытында тығыз жұмыс жасау екен. «Достық» үйінде болған зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, мемлекеттік органдар мен мекемелер өкілдерімен кездесуде дәстүрлі дініміз Ислам туралы тереңірек тарқатылды, оның бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы, имандылыққа ұйытудағы ар­тықшылықтары сөз болды. Жат пиғыл­дағы секталар мен діни ағымдарға тосқауыл қоюдың жолдары жайлы әңгіме өрбіді. Жиында сөз алған Марат Әзілханов еліміздегі діни ахуал тұрақтылығының мысалы ретінде Қазақстанда 4,5 мың діни бірлестік тіркелгенін, 3300 ғибадат­хананың есігі ашықтығын, мемлекет пен діни бірлестіктер арасында байланыс­тардың нығайып келе жатқанын, конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудің үлгісі ретінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съез­дері өткізіліп келе жатқанын, мемле­кетіміздің ЕҚЫҰ-ға, ИЫҰ-ға төрағалығын тілге тиек етті. – Алайда, діни ахуалда алаңдататын жәйттер да туындап отырғанын жасы­рудың реті жоқ. Теріс пиғылдағы дәстүрлі емес ағымдар пайда болуда. Олардың бірі отбасын ойрандап, екіншілері діни бірлестіктер арасына іріткі салып жүр. Үшін­шілері экстремистік пиғыл танытып отыр. Бұл көріністердің себебі, діни біліктіліктің таяздығы, дәстүрлі дін өкілдерінің көп­шілікті мазалап жүрген сауалдарға жауап бере алмауы. Діннің беделін жамылып, өз мақсаттарына пайдаланушылар да көбейіп келеді. Олардың арасында діннің беделін түсіруге ұмтылушылар да бар. Бұлар – қоғамдағы ынтымақ пен бірлікке қауіпті үрдістер. Сондықтан бізге жат көзқарастар мен идеяларды тамырымен жою керек, – дей келіп, М.Әзілханов мемлекет тара­пынан осы бағытта атқарылып жатқан істерге де тоқтала кетті. Осы мақсатта Елбасының Жарлығымен құрылған Дін істері жөніндегі агенттіктің облыстардағы департаменттері жұмысын белсендірек жүргізе бастағанын, дәстүрлі діндермен ортақ іс-әрекет ету тереңдей түсетінін, діни бірлестіктердің заңға қаншалықты сәйкес келетіні талдап тексерілетінін, «Дін туралы» Заңның бүгінгі заман талаптарына сай жетілдірілетінін, облыстар және аудандар жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес­тері дін төңірегіндегі мәселелерді шешудің ортақ алаңына айналатынын, жастарға рухани-тәлімдік тәрбие беру күшейті­летінін, мемлекет тарапынан қолдау ретінде діни мамандарды даярлауға 220 квота бөлінетінін жеткізді. Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының аппарат жетекшісі Қайрат Жолдыбайұлы, Қазақстан қажылар қа­у­ым­дастығының төрағасы Еркін Дауанаев, облыстық қоғамдық-саяси кеңесі­нің үйлестірушісі Еркін Құрманбеков, Бейбітшілік пен келісім кеңесі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспа­ғамбетов, Сағынай қажы Құсайынов ай­тыл­ған мәселелер бойынша ой-пікір­лерін ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Теологтар содан кейін Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің Жастар сарайында студенттермен, арнаулы орта және жоғары оқу орындарының оқытушыларымен, мектеп директорла­рымен жүздесті. Мұнда да дін мәселелері төңірегінде кеңінен сөз болды. Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бұл бағыттарда атқары­латын жұмыстарға тоқтала келіп, әкімдік тарапынан жасалатын қолдау-көмекті тарата әңгімеледі. Меймандар ауыл, аудан имамда­рымен, Ақтөбе медресесінің ұжымымен, сондай-ақ, Мұғалжар және Темір аудан­дарының тұрғындарымен де кездесті. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.