Бұл көрменің басты тақырыбы – «Болашақтың энергиясы». Соған байланысты көрмеде энергетика саласының заманауи жетістіктері мен балама қуат көздерін ашу, энергия үнемдеу және энергияны тиімді пайдалану мәселелеріне байланысты озық технологиялар паш етіледі. Қазірдің өзінде ЭКСПО-2017 көрме қалашығында «ақылды қала» технологиясы бойынша энергетикалық жетістіктердің небір озық жобалары жүзеге асырылуда. Жақында нақ осы мәселелерге байланысты Ұлттық компанияның атқарушы директоры – Жаңа технологиялар және ІТ департаментінің директоры Владимир Соболев баспасөз мәслихатын өткізіп, ЭКСПО қалашығында іс жүзіне асырылып жатқан «ақылды қала» жобаларын жан-жақты таныстырды. Оның айтуынша, көрме аумағында қолданылатын жобалардың бірі «Ақылды энергожүйелер – Smart Grid» жүйесі болмақ. Жүйе апатты жағдайларды жоюға жұмсалатын уақытты азайтуға, жұмыс мөлшерін автоматты түрде таратуға, электр энергиясын жеткізудегі жүйелердегі шығынды 30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін 50 қосалқы стансаны бір жүйеге бірыңғай орталықпен біріктіреді. Сонымен бірге, көрме қалашығында алғаш рет іс жүзіне асырылып жатқан «Ақылды жарықтандыру» жобасы көрме аумағында жарық диодты шамдармен жабдықталған 1200 жарық беру бағанасын қамтиды. Бұл жоба энергия үнемдеу технологиясына негізделген. Электр қуатын пайдалануды реттеу арқылы түнде шамдардың жарықтығын 10-20 пайызға дейін төмендетіп, қосымша қуат үнемдеуге қол жеткізіледі. Алайда, жол бойында көлік пайда болса, жарық автоматты түрде қайтадан толық жанатын болады. Атқарушы директордың айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесінің павильондары мен кеңсесінде «Ақылды ғимарат» технологиясы енгізілген. Бөлмедегі адамдардың санына қарай желдету жүйесі автоматты түрде ауа беруді реттеп отырады. «Көрменің жұмысы басталған кезде павильондарға адамдардың көптеп келуі күтілуде, сондықтан желдету, ауа баптау, жарықтандыру мәселелері өзекті болып отыр. Оларды шешу үшін ғимараттар мен павильондардың инженерлік жүйелерін басқаруды орталықтандыру көзделген. Инженерлік жүйелерді басқарудағы энергиялық тиімді тәртіп ауа баптау, желдету, жылытуға кететін шығындарды оңтайландыруға жағдай жасайды», дейді Владимир Соболев. «Ақылды ғимарат» технологиясы бойынша, тиімді ынтымақтастық мысалы ретінде Ұйымдастырушылар кеңсесі ғимаратындағы қызмет көрсетушілермен ұялы байланыстың ұйымдастырылуын келтіруге болады. Қазақстанда алғаш рет ұялы байланыс операторлары Байланыс және ақпараттандыру комитетінің көмегімен байланыс қондырғылары мен жабдықтарын бірлесіп пайдалануға мүмкіндік жасап, жабдықтар орнату мен коммуникацияларды өткізуді 4 есе қысқартты. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінен кейін кейбір арнайы жобалар қала балансына беріледі. Ұйымдастырушылардың пайымдауы бойынша, сөйтіп, көрме кешенінің нысандары жаңғыртылатын энергия көздерін қолдану, энергиямен қамтамасыз ету технологияларының одан әрі дамуына негіз болмақ.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»