• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Мамыр, 2017

Бейбіт күнде оққа ұшқан

323 рет
көрсетілді

2008 жылдың ақырған ақпанында түн жамылған бесеу қылмыстық оймен аяқтарын аңди басып, алға ұмтылды. Өзара ақылдасып, қылмыстық күш біріктіріп, алдағы іс-жоспарларына уағдаласқан олар Ақтау қаласында жазықсыз бір азаматты ұрып-соғып, қылғындырып ұялы телефонын, 4000 мың теңге ақшасын және «Мазда-626» автокөлігін тартып алып, Ақтау – Жаңаөзен тас жолымен Жаңаөзен қаласына қарай бағыт алды.

Жаңаөзен қаласына кіреберіс тас жол бойында орналасқан «ҚазМұнайГаз» газ толтыру стан­сасының аумағында олар тағы сой­қан салды. Автокөлікті тексеруге кел­ген ОІІД жол полициясы дербес батальоны инспекторларының же­кеменшігіндегі ав­­­то­көлігін иеленген олар қылмыстық са­пар­ларын одан әрі жал­ғас­тырды. Жаңа­өзен – Түрікменбашы жол бо­й­ын­да кез­дескен Түрікменстан Рес­пуб­ли­ка­сының азаматына өз қол­­да­рын­да­ғы қаруларымен дене жа­ра­­қатын са­лып, оның да авто­көлігін тар­тып ала­ды.

Ақтаудан басталып, Жаңа­өзен­де жал­ғасып, Түрік­мен­станға қарай жылжыған қылмыстық істі ауыз­дықтау үшін Маңғыстау облысы аумағында арнайы «Тосқауыл» жедел-іздестіру шарасы енгізіліп, тәртіп сақшылары аяқтан тік тұ­ра­ды. Қылмыскерлерді құрық­тау­ға Жаңа­өзен ҚІІБ-ның же­ке құрамы жұмылдырылып, қыл­мыс­керлердің соңына түседі. Осы аралықта Қара­қия ауданындағы Ақсу-Темірбаба елді мекенінің аумағында авто­кө­лікті қалдырып, бой тасалаған қан­дықолдар жаяу-жалпылап жапан да­ламен Түрікменстан Респуб­ли­ка­сы­ның ше­ка­расына қарай қа­ша­ды.

Соңдарына сойқан салып, алдарына қауіп төндірген қылмыс­керлерді өкшелете қуған полиция қызметкерлері арасында полиция капитаны Дүйсенбай Бисекенов те бар еді. 1972 жылы 12 маусымда Түрікменстан Республикасы Та­шауыз облысында туған қазақ жігіті қызметке жауапты, ширақ, ақкөңіл болатын. Тәуелсіздік алған соң қазақ топырағына оралған ол 1991 жылы Жаңаөзен мұнай және газ техникумын бітіргенмен, өз нәпақасын мұнай саласынан емес, тәртіп сақшылары қатарынан іздейді. 1994 жылдан бастап Ішкі істер органына қызметке қа­был­данып, 1995 жылдан бастап Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөлімі учас­келік полиция инспекторы қыз­метін атқарады.

 14 жыл салада тәжірибе жинап ысылған полицей Д.Бисекенов өз әріптестері К.Лепесбаев және С.Ес­босыновпен бірге тығылып жат­қан қылмыскерлердің үстінен түсіп, екінші топқа рациямен хабар­лап үлгереді. Айдалада күші басым қылмыскерлер арнайы дайындаған қару-құралдарымен полиция қыз­мет­керлеріне кенеттен қарсылық көр­сетіп, шабуылдай жөнеледі. Жа­ңаөзен ҚІІБ-нің учаскелік полиция инс- пекторы полиция капитаны Д.Бисекенов және криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі поли­ция капитаны К.Лепес­баев қылмыскерлердің шекара асып қа­­шып кетуіне жол бермей, тосқауыл жасап, қоян-қолтық күрес кезінде, ауыр дене жарақаттарын алады. Дәл осы кезде көмекке кел­ген полиция қызметкерлері, қыл­мыскерлерді қол­ға түсіреді. Қылмыскерлерді ұс­тау кезінде ал­ған ауыр дене жара­қа­ты­нан, Жаңаөзен ҚІІБ-нің учаскелік полиция инспекторы, полиция ка­питаны Дүйсенбай Бисекенов оқиға болған жерде қайтыс болады. Ел тыныштығын қамтамасыз ету, бейбіт күнде ел арасына бүлік салған арам ойлы қылмыскер­лер­ді ұстау ке­зіндегі ерлігі үшін Д.Бисекенов қаза бол­ғаннан кейін 3 дәрежелі «Айбын» мем­лекеттік орденімен марапатталды.

«Маңғыстау облысының Ішкі істер департаменті бойын­ша қа­зіргі таңда қызмет бабында қаза болған 24 полиция қызметкері бар. Оларды мәңгілік есте қалдыру мақ­сатында депар­таменттің мұ­ражайына әріп­тес­т­еріміздің ерлік­те­рін насихаттай­тын тарихи кі­тап­тар мен құнды ақ­параттар жи­налған. Департамент қыз­мет ба­бында өмірден өткен по­ли­цей­лер­­дің туған-туыстары мен от­ба­сы­ларына тұрақты құрмет көр­се­тіп келеді», дейді Маңғыстау облыстық ІІД кадр басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұхтар Садақбаев.

Ел тыныштығы жолында ерлік­пен жан қиған ерлердің есімі ел есінде сақталады десек, солардың бірі Дүйсенбай Бисекенов екені анық.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы