Жаңа ескерткіш қаланың қақ ортасындағы Наурызбай батыр мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы «Қарағайлы» саябағында орнатылған. Биіктігі 3 метр болатын, қола мен граниттің қоспасынан құйылған мүсін, Қанат Бегулиев, Айдос Бүркітбаев және Дулат Үсенбаев сынды танымал сәулетшілердің туындысы. Салтанатты рәсім зұлмат заманның уын жұтқан боздақтардың аруағына құрмет көрсету мақсатында, бір минут үнсіздікпен басталды. Зиялы қауым өкілдері сол бір қиын-қыстау заманның ауыртпалығын, қазақ халқына тигізген салқынын толғаныспен еске алды. Өткенге салауат, ұрпаққа аманат айтылды.
«Ескерткіш Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен бой көтерді. Біз осы ескерткішті жасауға байқау жариялаған болатынбыз. Оған жалпы саны 21 жоба түсіп, арнайы мамандардың талқылауына ұсынылды. Елордамыздағы мемлекеттік комиссияның ұйғарымымен жобалардың ішінен баласын кеудесіне қысқан Ана бейнесі жеңімпаз деп танылды. Ана – барша тіршіліктің қайнар көзі, ұлттың ұйытқысы, келешектіңң кепілі. Ана қасіреті – ел қасіреті. Аштықтан бұратылған – болашағын – өз сәбиін құшақтаған Ананың қайғылы халі сол кезеңде өмір мен өлімнің арасындағы қазақ халқының басынан кешкен талайлы тағдырын шынайы бейнелейтіндей. Ашылғалы тұрған ескерткіш өскелең ұрпақтың жазықсыз шейіт болған ата-бабалар мен аналардың рухына бас иіп, Тәуелсіздіктің тәттілігін, азаттық пен бейбіт өмірдің баға жетпес байлық екенін ұғына білетін киелі орын болсын деп тілейміз! Бұл ескерткіштің мәні – өткендер рухына тағзым, ал, болашақ – үшін тағылым», дейді қала әкімі Бауыржан Байбек.
Шара соңында 30-шы жылдардың басында орын алған қазақ қасіретінің себеп-салдарын зерттеген алғашқы ірі еңбектердің бірі Валерий Михаиловтың «Ұлы жұттың жазбалары» кітабының жаңа басылымы жиылғандарға тегін үлестірілді. Ата-бабаларымыз көрген қиындық пен ұмытылмас нәубеттің ұмытылмас белгісіндей болған бұл ескерткіш, жас ұрпақты Тәуелсіздіктің қадірін біліп, тәубесіздіктен аулақ болуға шақыратындай.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ