• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Тәрбие 01 Маусым, 2017

Балаңыз сізге сыйлық жасағанда...

516 рет
көрсетілді

Елуді еңсеріп қалған апайым, мектепте «оқушылармен кеңес» бөлімінің жетекшісі. Аты айтып тұрғандай бала санасындағы түйіні қиын түйткілді мәселелер жөнінде пікір алмасатын қызмет атқарады. Сол кісі айтады. «Бір күні бұрын бірге оқыған 4-5 әйел бас қоса қалдық. Сөзден сөз шығып, әңгімеміз баланың ата-анаға сүйіспеншілігі жайына бұрылды. Әркім өз баламыздың кішкентай кездерінен сыр шерттік» дейді.

Жамал құрбысы басынан өткенін былай әңгімелепті.

«Ол кезде тұрмысымыз қоңторғай, үстемелеп жұмыс істейміз. Жұмыстан келе салып үй жинастырып, тамақ істеп харбаластанып жатыр едім, есіктен жүгіре кірген 6 жасар ұлым: «мама, мынаған қараңызшы» деді ентігіп. «Соншалық не нәрсе?» деймін қолына үңіліп. «Міне, күміс теңге, бір балмұздаққа ауысып алдым» дейді. Анықтап қарасам онысы металь теңге. Бірақ күміске қатты ұқсайды екен. «Мама! Бұдан жүзік жасауға болады екен, сізге әкелдім» деген кезде қалай толқып кеткенімді білмей қалдым, еріксіз көзіме жас та іркілді. Баламды қатты қысып құшақтадым. «Күміс» теңгені кішкентай алақанынан алып, сандықшама сақтап қойдым. Балам мектеп бітірді, алысқа кетіп университет оқыды, кейін басқа қалаға жұмысқа тұрды. Талай сыйлық әкелді. Бәрін қуанышпен қарсы алам. Ең қызығы, кей-кейде балам есіме түскенде баяғы сандықшадағы «күміс» жүзікке қараймын. О, құдірет! Әсері ерекше! Сандықшаны ашып қалғанымда баламның маған деген баяғы аппақ көңілі жүрегіме нұрдай шашырап, тұла бойым шуақтанып сала береді», деді Жамал құрбым тебіреніп.

Айман өзінің қызының кішкентай кезіндегі бір оқиғасын былайша еске алды. «Бір күні 7 жастағы қызым маған: «мама, бері келіңізші» деді. Бардым. «Мама, туылған күніңіз құтты болсын, менің сізге сыйлығым бар, мынаның ішіне салғаным менің ең жақсы көретін адамым» деді де әдемі қораптан бір айна алып шықты. Сөйтіп оны маған қаратты. Одан өзім көріндім. Қуанышымда шек болмады. Қызымды қатты құшақтап бетінен сүйдім. Бұл оның маған деген сәбилік махаббаты еді. Осы күнде айнаға қараған сайын қызымның сол қылығы есіме түседі. Еріксіз жымиям. Көңілімде шаттықтың лебі еседі...».

Осы кезде сөзге Дина араласты. «Әкесі балаға ақша ұстатпайтын. Бір күні көкке шығатын болып, бірдеңелер алып жесін деп 5 жасар ұлыма ұсақ ақша бердім. Жолда машинаның ішінде отырғанымызда балам құлағыма сыбырлайды. «Мама, мен сізге сыйлық алдым» дейді. «О не?» деп бұрылсам, қолында кішкентай жасанды сырға. Жатып кеп ашу шақырдым. «Бұ несі, өтірік ойыншық бұл. Онанда ішетін сусын, жейтін бір нәрсе алмайсың ба?» деп ақшаны түкке тұрғысыз нәрсеге жұмсағанына ызаландым.

Ұлым қипалақтап қалды. Басын төмен салып, қолындағысын екі тізесінің арасына тыққыштап жаман болды. Баланың жүрегіне қаяу түсіргенімді кейін білдім. Қатты өкіндім. Ол ойыншық сырға емес, баламның маған деген аппақ жүрегі екенін кейін білдім...».

Апайым айтады: Балалардың сүйіспеншілігі үнемі кіші-гірім дүниелерден тұрады. Кішкентай істерден бейнеленіп жатады. Ол мүмкін сізді оқу нәтижесіндегі «5» балдай қуантып, белгілі бір жетістігіндегі сыйлықтарындай желпінте қоймауы мүмкін, бірақ ол баланың адамдық өмір жолындағы белесі. Ата-ананың армандап жете бермес зор табысы.

Өкінішке қарай, көп ата-аналар баларына мейірленеді де, балаларының өздеріне деген сүйіспеншілігін сезіне бермейді. Білсе де білмеске салынады. Сабақ нәтижесіне ғана қарап, тек соны ілгерлету жолында баласының көптеген әрекеттеріне немқұрайды қарайды.

Қазір біреулер балаларды «суықбауыр», «қатігез» деп сөгеді. Бірақ олар балаларының көңілін түсінді ме? Көп ата-аналар үнемі балаларының көңілін суытады. Балалардың жан әлеміндегі сүйіспеншілікке пысқырып қарамайды. Содан ол сүйіспеншілік суықбауырлыққа өзгереді. Ішкі әлемі құлазиды. Бірақ мұны әке-шешелері сезе бермейді. Сабағы дұрыс болса, жетістікке жетсе деген ой ғана бар. Олардың қолдан жасаған осы «қиянаттары» түбінде өздеріне опық жегізбей қоймайды.

Рас-ау, дейміз біз де. Баланың өзі кішкентай, оның сыйлықтары да кішкентай болмай қайтсын?! Алайда бұл сыйлығы өз көңілінде әрең қолы жеткен үлкен дүние екені ақиқат қой. «Күміс» теңгені балмұздағына ауысып, сусын алар ақшасына айна, сырға алғалы тұрған бүлдіршіндердің аппақ көңілінде қандай ізгі сезімдер бұлқынып, бүршік жарып тұрды екен деңізші сол кездерде!

Сәйкестік шығар, дәл осы ойдың жетегінде отырғанда кішкентай қызым даладан екі тал бақ-бақ гүлін алып келіпті. «Сізге сыйлығым!» дейді. Ерекше ықыласпен қабылдадым. Қызымның төбесі көкке жеткендей қуанды. Ойлаңызшы, сіз біреуге сыйлық жасадыңыз делік. Әспеттеп тұрып бердіңіз, сонда ол кісі сыйлығыңызды «а, анда қоя сал» немесе «мұның қажеті қанша?» десе, иә болмаса көз қырын да салмастан сүлесоқ күйде, «ім, рахмет» дей салса, қалай боласыз?.. Ал, біз бала деген балапандардың, құлдыраңдаған құлыншқтардың көбелектей алып ұшқан нәзік көңілдеріне осы сүлесоқ, наумез, иісалмас бейнемізбен талай рет су септік қой! Бұртияр, бұлқынар, не істей алады ары қарай? Кішкентай ғой, қолынан не келеді?.. Құлдыраңдап келіп құшағыңа еніп кетпек болған баланың кеудесінен түйіп тоқтатқандай ауыр ғой, а...

Айтпақшы, апайым айтады. Кейін Жамал мен Айжанның балалары шынымен ата-ана, айналасына сыйлық бергіш, кісі көңілін емдегіш елгезек болыпты. Ал, Динаның баласы ондайға онша көңіл бөле бермейтін секілді.

Ата-ана үшін мейлі бала, мейлі ересек кезінде болсын өзінің туған перзентінен алған сыйлықтан артық сый бар ма? Оның үлкен-кішісі болмаса керек. Ол олардың сүйіспеншілігі. Сүйіспеншілікті сүйіспеншілікпен қабылдай білу керек екендігі айтпаса да түсінікті дүние ғой негізі.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»