• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Маусым, 2017

Тәуелсіздігіміздің айшықты белгілері

817 рет
көрсетілді

Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негіздерінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді», деген болатын. Расында, егемен еліміздің дербес мемлекет екенін көрсететін мемлекеттік рәміздер екені анық. Осы орайда біз Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Үнзила ШАПАҚҚА жолығып, рәміздеріміздің конституциялық-құқықтық негіздері туралы айтып беруін өтінген едік.

– Үнзила Шапаққызы, әңгі­мемізді мемлекеттік рәміздердің тарихи қабылдану, қалыптасу кезеңінен бастасақ.

– Иә, Қазақстан Республи­ка­сының Мемлекеттік рәміздері еге­­мендіктің, тәуелсіздіктің бел­­­гісі. 1990 жылы 25 қазанда «Қа­зақ­стан Республикасының Мем­­ле­кет­тiк егемендiгi туралы деклар­ация» қабылданды. Мем­ле­кет­танушылар аталған саяси-құқықтық құжатты «Кіші конс­титуция» деп те атайды. Осы заңның 16-бабында «Қазақстан Рес­публикасы мемлекеттік еге­мендігінің символдары – герб, жалау, гимн – қасиетті бо­лып табылады және оларды қор­лау­дың қандайы болса да заң­мен жазаланады» деп жазыл­ған. Ал 1991 жылғы 16 жел­то­қ­санда қабылданған «Қазақ­стан Республикасының Мемле­кет­тік тәуелсіздігі туралы» Конс­титу­циялық заңның 17-бабында «Қазақстан Республикасының өз мемлекеттік символдары – елтаңбасы, жалауы, әнұраны бар» деп көрсетілген. 

1992 жылдың басында еліміз­дің жаңа мемлекеттік ны­шан­дарын (рәміздерін) дайын­дау жөніндегі Жоғарғы Кеңес Төрал­қасының Қаулысы негізінде жұмыс тобы құрылды. Қаулыға сәйкес жасақ­талған комиссия құрамына С.Әбділ­дин, С.Зиманов, С.Әбдірах­манов, Е.Шәймерденов және тағы басқа танымал адамдар кірді. Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларына конкурс жарияланды. Тарихи деректерге сүйенсек, Мемлекеттік тудың конкурсына 600 адам қатысып, 1200 жоба ұсынылса, Мемлекеттік елтаңба бойынша 245 жоба жасалған, ал Мемлекеттік әнұранның іріктеу конкурсына 750 жоба жіберіл­ген деген мәліметтер белгілі. Мем­лекеттік әнұранымыз төл тари­хы­мызда екі рет – 1992, 2006 жыл­дары қабылданды. 

Алғашқы Әнұранның сөзін ақиық ақындар Т.Молда­ғалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Дәрі­баева жазды. 2006 жылы қаңтарда «Менің Қазақстаным» Әнұран ретінде ресми бекітілді. Сөзін Жұмекен Нәжімеденов және Нұрсұлтан Назарбаев, ал әуенін Шәмші Қалдаяқов жазған. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конс­титуциялық заңда көздел­ген реттерде орындалатын музыка­лық-поэтикалық туынды деп ай­қын­далды. Осылайша Қазақстан Пре­зидентінің «Қазақстан Респуб­ликасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» 1998 жыл­ғы 20 қаңтардағы №3827 Жар­лы­ғына сәйкес, 4 маусым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні болып жарияланды. Ал 1995 жылы қабылданған Ата Заңымыздың 9-бабында «Қазақ­стан Республикасының Мемле­кет­тік рәміздері – Туы, Елтаң­ба­сы және Гимні бар. Олар­­дың сипаттамасы мен ресми пай­да­ланылу тәртібі Консти­туция­лық заңмен белгіленеді» деп бекітілген. 

1996 жылы 24 қаңтарда «Қазақ­­стан Республикасының Мем­­ле­кеттік нышандары туралы» Конс­­титуциялық заң қабылдан­ған еді. 2007 жылы 4 маусымда «Қазақ­стан Республикасының Мем­­ле­кеттік рәміздері туралы» Конс­ти­туциялық заң қабылдану арқылы алдыңғы заңның заңды күші жойылды. Конституция­лық заң мемлекеттік рәміздерді пайда­лану тәртібін нақты белгі­­леп берді. Осылай, тәуелсіз еліміз­­дің мемлекеттік рәміздердің конс­ти­ту­циялық-құқықтық негізі қалыптасты. 

– Демек, еліміздің Мемлекет­тік туы, Мемлекеттік елтаңба­сы және Мемлекеттік гимні­нің сипаттамасы Мемлекет­тік рәміздер туралы Конститу­ция­лық заңмен айқындалады, ал оларды дайындау және пайдалану тәртібі өзге де нормативтік құқықтық актілермен белгі­ленеді ғой. Олар қандай орын­дарда пайдаланылуы тиіс?

– Ел Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы №873 қаулысымен «Қазақстан Республикасы­ның Мемлекеттік туын, Мемле­кеттік елтаңбасын және олар­дың бей­нелерін, сондай-ақ Қазақ­стан Республикасы Мемле­­кет­тік гимнінің мәтінін пайда­­лану (ор­нату, орналастыру) қағи­да­лары» бекітілді. Мемлекет­тік туымыз мынадай орындар­да міндетті түрде көтеріледі (тігіле­ді, орналастырылады): Қазақ­стан Президенті Резиденция­сы­ның, Парламент Сен­аты мен Мәжілісінің, Үкіметтің, министрліктердің, Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық ат­қарушы органдардың, Прези­дентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік ор­ган­дардың, олардың ведомство­лары мен аумақтық бөлімше­лері­нің, Конституциялық Кеңес­тің, Жоғарғы Сот пен жергі­лікті соттардың, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергі­лікті өзін өзі басқару орган­дары­ның, мемлекеттік ұйым­дар­дың ғимараттарында, сон­дай-ақ Қазақстан елшіліктерінің, халық­аралық ұйымдардағы тұрақ­ты өкілдіктерінің, сауда өкілдік­терінің, шет елдегі басқа да ресми мекемелерінің ғимараттарында және сол мемлекеттің хаттамалық практикасына сәйкес көлік құрал­дарында – ұдайы;

Қазақстан Президентінің, Парла­мент палаталары төраға­лары­ның, Премьер-Министрдің, Мемлекеттік хатшының, Консти­туциялық Кеңес Төрағасы­ның, Жоғарғы Сот Төрағасының және жергілікті соттар төраға­лары­ның, Орталық сайлау комис­сиясы төрағасының, Қазақ­стан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің, министрліктердің, Үкімет құра­мына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Президентке ті­келей бағынатын және есеп бере­тін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері басшы­лары­ның, жергілікті өкілді және атқарушы органдар басшылары­ның, Қазақстанның шет елдегі мекемелері басшыларының каби­неттерінде – ұдайы;

Қазақстан Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен және бөлек отырыстары, Парла­мент палаталарының, Үкімет­тің үйлестіру және жұмыс орган­дары­­ның отырыстары өтетін залдарда, Конс­титуциялық Кеңестің оты­рыс залдарында, Жоғарғы Сот­тың және жергілікті соттардың сот мәжілісі залдарында, орта­лық және жергілікті өкілді және ат­қарушы органдардың, Прези­дентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган­дар­­дың алқа отырысы залдарында, мемлекеттік және үкіметтік награ­далар тапсырылатын залдарда, еліміздің шет елдегі мекемелерінің қабылдау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некені тіркей­тін үй-жайларда міндетті түрде орналастырылуы тиіс. 

Сол сияқты, Мемлекеттік ел­таң­баны орналастыру, Мем­лекеттік әнұранды орындау да жоғарыда айтылып өткендей, Үкіметтің 2007 жылғы 2 қазан­дағы №873 Қаулысымен бекітіл­ген қағидаларға сәйкес жүзеге асы­рылады.

– Қазақстан Республикасы­ның азаматтары, сондай-ақ, республика аумағында тұра­тын адамдар мемлекеттік рәміз­дері­мізді құрметтеуге міндетті. Осы жағына тоқталып өтсеңіз.

– Қазақстан Республикасы­ның қолданыстағы заңнамалары­на сәйкес, еліміздің Мемлекет­тік туын, Мемлекеттік елтаңба­сын және Мемлекеттік гимнін қорла­ғаны үшін қылмыстық жауап­кершілікті белгілейтін еліміз­дің Қылмыстық кодексінің 372-бабы бойынша жауапкершілік енгізілген. Өйткені, еліміздің мемлекеттік рәміздерін құрметтеу міндеті – мемлекетіміздің ресми рәміздеріне, нышандарына құрмет көрсету, қастерлеу рес­пуб­лика азаматтарының конс­ти­туциялық парызы екенін біл­діреді. Осыған орай Консти­ту­­ция­ның 40-бабының 2-тар­ма­ғында, 1995 жылғы 26 жел­тоқ­сандағы «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті тура­лы» Конституциялық заң­ның 2-бабында «Республи­ка­­ның Пре­зиденті – халық пен мем­­лекет­тік билік бірлігі­нің, Конс­титуцияның мызғы­масты­ғының, адам және азамат құқық­тары мен бостандық­тары­ның нышаны әрі кепілі» делінген.

– Өзіңіз де жақсы білесіз, Президенттің 1995 жылғы 29 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы Президентiнiң байрағы және оның айы­рым белгiлерiнiң ресми пайда­ланылу тәртiбi туралы» Жар­лығы шықты. Қарапайым көпшілікке ұғынықты болу үшін осы Жарлықтың негізін тарқатып берсеңіз.

– Иә, ол Жарлыққа байланыс­ты: «1) Қазақстан Республикасы Президентi байрағының эта­лоны орналасатын жер Қазақс­тан Республикасының аста­насын­дағы Қазақстан Респуб­ли­касы Президентiнiң Резиден­ция­сындағы қызмет кабинетi болып табылады; Қазақ­стан Республикасы Прези­дентi­нiң байрағы респуб­лика аста­насындағы Мемле­кет бас­шысы тұратын Резиден­ция­да, оларда республика Прези­дентi болған уақытта басқа рези­денциялар үстiнде, респуб­лика Президентiнiң көлiк құрал­дарында орнатылады. Республика Президентiнiң омырау белгiсi мемлекеттiк ме­ке­мелер құрметiне, әскери па­рад­тар, шет мемлекеттер мен ха­лық­аралық ұйымдардың ресми адам­дарын қабылдау, республика Президентi атынан өткiзiлетiн ресми қабылдаулар, Парламент сессиясын ашу, мемлекеттiк наг­ра­даларды тапсыру кезiнде, сон­дай-ақ, республика Президентi сал­танатты кеште немесе кон­цертте құрметтi қонақ болған не қатысқан, ресми телевизиялық сұхбат берген кезде, шетелдiк сапар­лар уақытында қабылдаушы тараптың хаттамасына сәйкес тағылуы мүмкiн деп белгiленсiн» деп бекітілген.

Қазақстан Президентінің 2012 жылғы 31 қазандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Прези­денті байрағының сипаттамасы анықталды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»