• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Театр 02 Маусым, 2017

Сезім шынары

1612 рет
көрсетілді

Бейбітшілік және келісім сарайында Шыңғыс Айтматовтың «Арманым, Әселім» повесі желісімен танымал режиссер, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов сахналаған Қазақтың мемлекеттік академиялық Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрының «Қызыл орамалды шынарым» лирикалық драмасының премьерасы өтті.

Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов шығармалары Қ.Қуа­ныш­баев театры репертуарынан еле­улі орын алады. «Боранды бекет» романы бойынша кезінде Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов «Ғасырдан да ұзақ күн» спек­таклін ұсынса, «Жәмила» повесі мен «Раймалы» аңызы желісімен Қазақстанның халық әртісі, белгілі театр және кино ре­жиссері Талғат Теменов суреткер жазушының қос туындысы не­гізінде «Аққудың көз жасы» ли­рикалық драмасын тудырды. Со­лардың қатарын толықтырған «Қызыл орамалды шынарым» спектаклі туралы айтатын бол­сақ, адамзаттың Айтматовы шы­ғар­малары ішіндегі шоқтығы би­ік хикаяларының бірі болып са­налатын бұл туынды – кеңес дәу­ірі­нде жазылғанына қарамастан кү­ні бүгінге дейін оқырман үшін ба­ға жетпес рухани олжа, сезім гим­ні іспеттес асыл жауһар. Өмір­лік құндылықтар өзгерді, қа­зіргі қо­ғамда махаббаттың тұ­рақ­ты­лы­ғына баланың өзін сен­діру қи­ын деп төбемізден күдік бұл­тын төндіргенімізбен, үміт пен күмән, арман мен адасу, бақыт пен сәтсіздік арпалысын баяндайтын рухани туындыларға деген сұраныс артпаса, ешқашан азайған емес. «Арманым, Әселім» («Шынарым менің, шырайлым менің») повесі осы санаттан, жас­тықтың, сүйіспеншілік пен жү­ректің мөлдір жыры, бұлақтай бұ­раң­даған бұрымдылар әні, құ­рақтай тербетілген сарбаздар сыры-ау, тәйірі. «Қызыл орамалды шына­рым» қойылымы Құдайдың маңдайға жазған бағының қадіріне жете білуге, арзан, жеңіл-желпі ләззат­тың құрдымдағы құдығына құл­ди­лап түсіп кетпеуге үндейді. Мұн­­­да азаматтық намысқа қоса се­зім сынға түсіп, жолдары сан тарау дүр­мекке толы жандардың хи­­кая­­сы баяндалады. Өмір-өзен­нің жал-жал толқындары мен асау тұл­пар­дың үстінде ау­ып кетпей асудан аман-есен өту­дің өзі оңай емес. Сол тар­паң тағ­дыр­дың қомында табаны тай­ға­нақ­тап, аты шатқаяқтаған Ілияс си­­яқтылар қазір де арамызда жоқ емес. «Қолда бар алтынның қа­дірі жоқ» демекші, спектакль жал­­ғанды жалпағынан басам деп жа­ңылысқан сондай жұмыр басты пен­денің басынан кешкенін бая­н­дау арқылы көрерменге өмірді ба­ғалау керектігін ұқтырады. Өмір­де бір-ақ рет жаза басқан, ағат­тық жіберген жанның уысы­нан шығып кет­кен бақыттың құнын бағалауға шақырады. Сүйіс­пен­шілік, адал­дық, сыйластықтың базарына қоса, өмірдің бәйгесінде аярлық пен іштарлықтың, опасыздық пен сат­­­қындықтың бәсі де әлі күнге бә­сеңси қоймағаны тағы шындық. 

Аққуды махаббаттың символы санаған, арманын аспандағы қыранға балаған 50 мен 60-шы жыл­дар ұрпағы үшін Ілияс пен Әсел тек кітаптың кейіпкері ға­на болып өмір сүрген жоқ, бұл екеуі олардың жүрек түбіндегі ең аяулы, ардақты, асыл досы ретін­де адалдықтың айдынында тер­бетіліп, жан жаялығында аялан­ды. Екеуінің өмір жолындағы бұ­ра­лаң-бұлтарыстарға қарамастан үміт гүлін ызғарда үсік шалдыр­май мәпелеп, қайта көктете алғаны үшін олардың тағдырына кейінгі желкілдеп өсіп келе жатқан жас буын да алдыңғы ұрпақтай алаң­дап, жанына жақын тұта ма? Әде­би, сахналық кейіпкерлерін сүйіп, әсем үнге, тазалық пен сұ­лу­лықтың символы – аққу-арман­ның сыршыл әуеніне құлақ түруді біле ме? Шынайылықтың шынысын шытынатып алудан қаймыға ма? Достыққа, сүйгеніне әрдайым адал болып қалуды ойлай ма? Міне, осы тұрғыдан келгенде, ре­жис­сер қос толқынның арасын қай­та табыстырған рухани кө­пір­дің міндетін атқарып отыр. Мұн­да кеудесіндегі аңсарлы жырын үзіп алған ғазіз ғашықтардың көз жа­сы баяндалғанымен, сахналық туын­ды еңістегі еңсені көтертіп, тау бөктерінен қызғалдақ теріп қай­т- қандай желпінтеді. Әдебиетте шы­ғарманың екінші тынысын аш­ты, жазушының жаңа өмірі бас­талды деген ұғымдар кездеседі емес пе? Мұнда да дәл солай. Инсценировка автор ойымен өзара үйлесіп, орамды өріледі. Бірқатар сахналық тұстар, мысалы Әсел мен Ілиястың монологтары Айтматовта жоқ. Мәселен, Әселдің: «Сіз мені кешіріңіз... Шығыс халқында қыз жігітті іздемейді. Оны өзіңіз де білесіз... Бірақ, қыз өз махаббаты үшін бәріне барған. Жанын да құрбан еткен...» дейтін, болмаса оның мәшинеге гүл қоятын сәті, Жантайдың Әселге Ілиясты сыртынан ғайбаттап келетіні, Қадишаның Ілиясқа: «Доспын, доспын деп жүріп домалаң астыратын жансың», ал Ілиястың оған: «Мен достықты бәрінен биік көремін» деуі сахналық нұс­қада ғана кездеседі. Әдетте туын­дылары адами құндылықтар мен романтикалық сезімге, сүйіс­пен­шілік пен сыйластыққа, достық пен іңкәрлікке құрылатын Теменов қол­таңбасының Айтматов ауди­то­риясынан ауытқымай, өмір-өт­келдің асуынан іркілмей өтуге тағы да тәуекел етуін соған салынған соны соқпақ деп бағалаған абзал. Өйткені автор шығармасындағы әсерлі сәттер, басым байламдар мұнда режиссер назарынан тыс қалып қоймайды. Ш.Айтматов повесінде: «...Ат үстінде келе жатып ой ойлауға да, қоңырлатып ән салуға да болады. Өзге емес, жа­ныңды жырға қосасың...» дей­тін жолдар бар. Осы тұспалды режиссердің ары қарай іліп әкетіп, спект­акльді қырғыз композиторлары әндерімен әспеттеп әрлеуі қан­дай әсерлі. Бек Бөрбиев пен Мұрат Бегалиевтің спектакльде орындалатын ән-әуендері таудан ескен самалдай кісі жанын сергітеді.  Ал театрдың көркемдік жетек­шісі, режиссер Талғат Теменовті әңгімеге тартқанымызда:  – Ш.Айтматовтың шығармасы же­лісімен 1961 жылы қырғыз ки­не­­матографистері «Асу» («Пере­вал») фильмін түсірген бола­тын. Мұнда Ыдырыс ағамыз Ілия­стың рөлін ойнайды. «Одан кейін «Тянь-Шань» деген тағы бір картина дүниеге келді. Бірақ өкінішке қарай, Ш.Айтматовтың шығармалары ішіндегі экранда бағы жанбай қалған жалғыз туындысы осы еді. Мұнан соң Түркияның белгілі актрисасы Тюркан Шорайдың қатысуымен «Қызыл алма» фильмі жарық көрді. Бұл Түркияда көрермен тарапынан жылы қабылдап, алайда Айтматов деңгейіндегі туындыға жетпей қалғанына қарамастан әлемнің көптеген сахналарынан лайықты орын алған ұлы шығарма. Сондай-ақ ол Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында да қойылған болатын. Ал елор­да­лық театрдағы спектакльге кел­­сек, музыкалық лирикалық дра­­мада жастардың ашылуына мүм­­кіндік туғызғымыз келді. Бұл – бір, екіншіден, театрға көрер­менді қайтару мақсат етілді. Ерек­шелігі – Ыдырыс ағамыз бас­ты кейіпкерге түскен «Асу» фи­льмінен алынған кадрлар пайда­ла­нылады. Сахналық туынды ак­терлер ойынымен шектелмейді, со­нымен қатар бұл синтездік өнер еке­нін көрсетеміз. Сондықтан кино мен театр элементтері қосылып, хореография, сөз, кино өнері, бәрі бірін-бірі толықтырып тұрады, – деді ол өз сұхбатында.  Әселді сомдаған Ақмарал Тана­баева мен Ілиясты ойнаған Әбіл­мансұр Серіковтің «Ты­рау­лап ұшқан тырналар» қой­ы­лымынан кейінгі тағы бір табыс­ты тандемі осы спектакльде та­ма­ша көрініс тапқан екен. Ал Қа­­дишаны сомдаған «Серпер» Жас­тар одағы сыйлығының иегері Сая Тоқманғалиева өзіне берілген кейіпкердің ішкі жан-дүниесін түсініп ойнауымен ерекшеленді. Сахнаның безендірілуі түпкі идеямен үндесіп, сөзбен жетпегенді оймен, тұспалмен, көркем ше­шіммен беру мұраты сәтті орын­далған. Бұл ретте спектакль тек актерлер ойынының жиынтығы ғана емес, ол сонымен қатар синтездік өнер десек, бұл орайда ұжымдық жұмыстың, ішкі ой тұтастығы мен бірлігінің же­місін көру қиын емес. Сахнада сон­шалық жарқ-жұрқ етіп, жұрт­ты елеңдетерлік еште­ңе бай­­қалмайды, бар болғаны қос қап­тал толы доңғалақ. Бірақ бұ­лар бірде өмір терезесі іспетті, ал енді бірде қарапайым шопыр тіршілігінің әуенін әдемі сипат­тайды. Дөң­ге­ленген дүниені мә­шиненің доңғалағы арқылы көр­кемдеп жет­кізу – өте сәтті шешім. Бұл рет­те Қазақстанның халық әртісі Гүл­жан Әспетованың Байтемірді сом­даған Сырым Қашқабаев ше­бер­лігіне риза­шы­лығын білдіре келіп: «Маған осылай кеңінен көсіліп жатқан сахна ұнайды, ал мұндағы түрлі жолақтар, сызықтар өмір жолы тәрізді. Сол жолда адамдар ба­қы­тын кездестіреді, бақытын жоғалтады. Өмір заңдылығы солай. Мына баршамыз да осы сан тарау жолдың үстінде кетіп бара жатқан жолаушымыз», – деген сөзі терең ой салды. Өмір. Жол. «Қызыл орамалды шынар». Махаббат символикасы-ау! 

Қарашаш Тоқсанбай, «Егемен Қазақстан» 

Суреттерді түсірген  Ерлан Омаров,  «Егемен Қазақстан»