• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Маусым, 2017

Самұрық әннің салтанатты самғауы

377 рет
көрсетілді

Күн сайын таң мезгілінде – алғашқы сабақ бас­талар алдында оқушылардың оң қолын кеу­десіне қойып Отаны­мыздың Ән­ұра­нын орындау  салтанатын бастан кешіру бақытына ие болғанымзға да 10 жылдан астам уақыт өтіпті. Бұл ән – уақыттың сынынан өзгеріссіз өткен, халық жүрегінен орын тапқан ұлттық  саз – «Менің Қазақстаным!» Бұл – бір кезде бүкіл Кеңес Одағындағы демократия­лық қозғалыстардың көш­бас­шысы болған Алматы­да­ғы Желтоқсан көтерілісі­не қатысушылар құлшы­на шырқаған, ұран ретін­де айтқан ән. Бәрі де есімізде! Тарих парақшаларын әріден ақтарып көрейік...

Әнұран – мемлекеттің бас­ты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіретіні де бүгінде баршаға мәлім жайт. Әнұран ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады. Қазақстан Ресей импе­риясының құрамында бол­ған кезде қазақтардың бір­ың­ғай әнұраны болмады. Қазақтарды ұлт-азаттық көтерілістерге қарсы қайсар ерлікке рухтандыратын ақындар мен жыраулардың жеке әндері ғана бар еді.  Тәуе­л­сіздік алғаннан кейін қай­сар халқымыздың бір­неше ұрпақтарының көп ғасы­рлық арманы – азат­тық пен зайырлылықты бей­не­лейтін жаңа әнұранын әзір­леу қажеттігі туындады. Ән­ұранның сөзі де музыкасы да рухты көтеретін салтанатты, үлкен мұраттарға бастау тиіс-тін. Ол – адамға қуат беріп, мерейін асырып, ерекше патриоттық сезімге бөлейтін музыкалық шығарма. Қазіргі Әнұран «Қазақ вальсінің королі» атанған сазгер Шәмші Қалдаяқовтың елге бұрын­нан таныс «Менің Қазақ­станым» әнінің негізінде және ақын Жұмекен Нәжімеденов шығармасының мәтініне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев енгізген өзгерістер бойынша Мемлекетіміздің ресми Әнұраны болып біржолата бекітілді. Алғаш рет «Менің Қазақ­­­станым» әнін Мемле­кеттік гимн ету туралы Елбасы Н.Ә. Назарбаев Парламент­ке жолдаған хатында: «Еліміз­дің қай түкпіріне барсам да кәрі де, жас та Әнұран­­дық мәртебесі болмаса да, аса көрнекті компазиторымыз Шәмші Қалдаяқовтың ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған «Менің Қазақстанымды» Әнұран есебінде шырқаған­дары­ның талай куәсі бол­дым. Біріншіден, Әнұранда ғасырлар бойы Тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрсетілуі тиіс. Әнұранның әуенінен Отан­ға деген сүйіспен­шілік, туған жерге деген шексіз махаббат аңғарылса, сөзінен жан дүниемізді танытар ұлттық қа­сиетіміз бен бейбіт пейі­ліміз, досқа ашық құша­ғымыз, еркіндікке құштар кең көңіліміз жақсы көрініс тапқан. Екіншіден, мәтінде ата-бабалардан қалған асыл мұрамыз – жеріміздің кең байтақтығы орын алуы керек. Үшіншіден, еліміз бен жеріміздің байлығы біздің ұрпақтарымыздың болашағына жарқын жол ашатыны да айқын көрініс тапқаны жөн. Ең бастысы, біздің Тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі – ел бірлігі баса көрсетілуі керек. Осы уақытқа дейін бейресми Әнұран қызметін атқарып келген бұл әнге ресми мәртебе беретін күн жетті деп есептеймін», – деп жазған еді. Сөйтіп, «Менің Қазақ­станым» әні 2006 жылы 6 қаң­тарда ресми түрде Пар­ламентте талқыланып, «Мем­лекеттік рәміздер» тура­лы Жарлыққа тиісті түзе­ту енгізіп, мемлекет гимні болып бекітілді. Жаңа Ән­ұран баспасөзде жария­лан­ғ­ан күннен, яғни, 10 қаң­тардан бастап күші­не енді. Н.Ә. Назарбаев Қазақ­стан Республикасының Президенті қызметіне кірісу құрметіне арналған салтанатты рәсімі кезінде 11 қаңтарда, Астана­дағы Ақордада алғаш рет орын­далды. Тәуел­сіз Қазақ­стан­ның жаңа Әнұраны­ның тұсаукесеріне әлемнің 70 елінен келген мәртебелі қонақ­тар куә болған. Ән же­ңіл орындалады. Сөзі жат­тау­ға, есте сақтауға ыңғай­­лы, екпінді, жігерлі, сон­дай-ақ, тілге жеңіл, жүрек­ке жылы. Бұқаралық сипат алуының сыры да осы қасие­тінде. Бүгінде ән өзінің өмір­шеңдігін танытты. Алматыдағы Ы.Алтын­сарин атындағы Алматы қала­лық №159 гимназия ұжы­мы осынау өткен жылдар ішінде мәртебелі ұлттық саздың ру­хын жасөспірімдер алдында аспандату үшін  талай-талай мазмұнды шаралар өткізді. Ақын Жұмекен Нәжі­меденовтің  жан жары Нәсіп апамен оқушылар қауы­шып, естеліктер тың­дады. Мұн­­дай үйлесімді жүз­­десу­лер­дің жас ұрпақ тәрбие­сіне тигізер пайдасы ұшан-те­ңіз. Әннің мәтініне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі­нің  жазылуының да мәні зор, әлеуе­ті асқақ. Бір сөзбен ай­т­қан­­да,  самұрық әннің Ұлы Да­ла­­да салтанат құруы – Қазақ ру­хы­­­ның аспандауы деп білемін.

Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері

АЛМАТЫ