• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Маусым, 2017

Мемлекет пен жекеменшік әріптестігінің әлеуеті

339 рет
көрсетілді

Ақтөбе аймағында оның оң мысалдары мол

Соңғы жылдары әріптестік ұғы­мының аясы мен шеңбері кеңейіп келеді. Айталық мұның мәнісін мемле­кетаралық деңгейде қарастырсақ бүгінгі күні ТМД ауқымындағы және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бір-бірімен стратегиялық әріптестер болып табылады. Бұлардың бәрі тең құқылы стратегиялық әріп­тестер. Осы арада ежелгі көршілер Қазақ­стан мен Ресей мемлекеттері арасында стратегиялық әріптестік қарым-қатынастар басым сипатқа ие екені де анық. Бұған дейін тек қарапайым адамдардың қарым-қатынасы мен байланысына тән болып келген әріптестік ұғымы 2015 жылдың 31 қазаны күні рес­публикамызда мемлекет-жекемен­шік әріптестігі туралы заң қабылдан­ған­нан кейін өз арнасы мен ауқымын одан әрі көтеріп, мүлдем жаңаша сипат­қа ие болды. Осы кезден бастап тіл­дік қорымызда мемлекет-жекеменшік әріптестігі деген тіркес пайда болды. Тұжырымдап айтқанда, мұның өзі бірқатар мемлекеттік қызметтер көр­сету міндетін бизнеспен бөлісу деген сөз болып шығады. Қазіргі күні мем­­лекет-жекеменшік әріптестігі эко­но­мика­ның барлық саласындағы инфра­құрылымдарды, соның ішінде әлеу­меттік инфрақұрылымды дамы­тудың, оның өрісін өсірудің басты тетік­терінің біріне айналып келе жатқаны да атар таңдай, батар күндей шындық.  Өмір бір орнында тұрмайды. Ол үнемі алға даму, жылжу үстінде. Осы орайда Қазақстанда өмірдің өзінің қажет­тілігі туғызған, солай болған соң да арнайы заңмен бекітілген мем­лекет-жекеменшік әріптестігіне де осындай ой орамы тұрғысынан кел­геніміз жөн секілді. Бұған соңғы жыл­­дары республикамыздың батыс өңірінде қарқынды түрде дамып келе жатқан Ақтөбе облысынан да көп­теген мысалдар келтіруге болады. Өңір­де бұл бағытта жүзеге аса бас­таған жобалардың аясы мен арнасы кең. Мемлекеттік мүлікті сенімді түрде бас­­қаруға берілген нысандардың басым бө­лігін әлеуметтік инфрақұрылымдар құ­­­райды. Осы мақсатты жүйелі жолға қою үшін тартылған инвестиция көлемі 28 миллиард теңгені құ­райды.  Биыл облыста мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында екіжақты келісім­шарттар бойынша 38 жоба қолға алын­ған. Қазір соның елеулі бөлігіне қол қойылған. Тұтастай алғанда, түбегейлі келісімдер мен сараптауларға, соның ішінде жобалау-сметалық құжаттар әзірлеу сатысына 8 балалар бақшасы ғимараттарын тұрғызу мен қайта жаңғырту жобалары енгізілген. Қалай дегенде де, қазіргі күні мемлекет-жекеменшік әріптестігінің басты «жұ­лыны мен жүйкесі» Ақтөбе қала­сында екенін көреміз. Енді екі жылдан кейін құрылуының 150 жылдығын атап өткелі отырған шырайлы шаһарда мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жай-күйі мен материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға жан-жақты көңіл бөлінген.  Оның басым бөлігі мемлекет-жеке­меншік әріптестігі аясында іске асуда. Бүгінгі күні облыс орталығында мектеп жасына дейінгі балалардың балабақшамен қамтылуы 92 пайыз құраса, алдағы жылдары бұл көрсеткішті 100 пайызға дейін жеткізу белгіленген. Бұл үшін қазіргі кезде кәсіпкерлер мен бизнесмендер жер телімдерін сатып алып, алдағы кезде тұрғызылатын әрі 2018 жылы аяқталатын балабақша құрылыстарының жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге кірісіп кетті. Ақтөбе қаласында биылғы жылға жоба­ланған балабақша құрылыстары мен қайта жаңғыртылған ғимараттардың алғашқы кезегі пайдалануға беріле бас­тады. Өткен аптада еліміздің барлық өңірлерінде Балаларды қорғау күні кеңінен аталып өткені мәлім. Осы күні мемлекет-жекеменшік шеңберінде қызмет жасап, тәрбие беретін бала­бақшалар пайдалануға берілді. Соның бірі – «Райгүл» мектепке дейінгі мем­лекет-жекеменшік мекемесі. 12 топтан тұратын балабақша 300 орынға лайықталған. Қайтадан жаңғыртылған ғимаратта 3-6 жас арасындағы балалар үшін барлық жағдайлар жасалған. Олар­ды оқыту мен тәрбиелеу екі тілде жүргізіледі. Мұнда жаңа үлгідегі жиһаздар, музыка, денешынықтыру залдары жасақталған. Медициналық блок, логопедия және психолог кабинеттері бар. Балабақша төңірегі мен аумағы көгалдандырылған ойын алаң­дарымен қамтылған. Ақтөбеде 1 ма­усым күні ашылған мектепке дейінгі ұйымдарға тәрбиеленушілер тиісті жолдамалар арқылы қабылданады. «Райгүлдегі» барлық істер оның құ­рылтайшысы, өңір бизнесінің қа­быр­ғалы өкілдерінің бірі Ержан Кенжебаевтың сенімді басқаруына берілген. Ол қызмет көрсету жөнінде жасалған келісімшарттар талабына сай іс-қимыл танытады деп сенгіміз келеді. Агломерациялық аймаққа өткен 1 маусым күні мемлекет-же­кемен­шік әріптестігі аясында ашыл­ған республикада баламасы жоқ әлеуметтік нысандардың бірі –хоккей модулі. Ең бастысы, әлеуметтік ин­фра­құрылым санатына кіретін айы­рықша құрылыстың аяқталуы жас­өспірімдердің шайбалы хоккей, шорт-трек және мәнерлеп сырғанау секілді қысқы спорт түрлерімен шұ­ғылдануына кең мүмкіндіктер береді. Модулге хоккей-жаттығу спорт кешені деген атау берілгені де оның осы ерекшелігінен туындағаны анық.  Жаңа нысанның ашылу рәсімі кезінде тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бері Ақтөбе қаласында жа­бық ғимараттағы мұз айдыны болып көрмегені айтылды. Мұндағы мұз айдыны өзінің көлемі мен аумағы және сапалық көрсеткіштері бойын­ша халықаралық стандарттарға толықтай сәйкес келеді. Оны орнату мен құю жұмыстарын Ресей астанасы Мәскеуден арнайы шақыртылған кәсіби біліктілігі жоғары мамандар тобы атқарған. Дәл осы фирма бұған дейін Сочиде өткен қысқы Олимпиада және Алматы қаласында өт­кізілген бүкіләлемдік қысқы Уни­версиада ойындарының мұз айдындарын құю ісін жүзеге асырған екен.  Мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңберінде пайдалануға берілген хоккей-жаттығу спорт кешенінің жал­пы құны – 544 миллион теңге. Аталған қомақты соманың тең жартысы жергілікті бюджеттен бөлінсе, қалған 50 пайыздық бөлігі Ақтөбе қала­сындағы «КТП» ЖШС бас директоры Всеволод Щегельскийдің қолдауымен құрылысқа құйылған. Аталған ғимарат Ақтөбе облысының денешынықтыру және спорт басқармасы мемлекеттік мекемесінің қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі коммуналдық мем­лекеттік мекемесінің құзырына берілді.  Осы орайда өңірде мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында тұрғызылып жатқан спорттық ны­сандардың лентасын қию рәсімдері алдағы айларда да одан әрі жалғаса беретінін айтқымыз келеді. Оның алдыңғы қатарында жекпе-жек күресі сарайы тұр. Оның ашылу салтанатына орай дзюдо күресінен ересектер арасында Қазақстан чемпионатын өткізу белгіленген. Бұдан кейінгі кезекте облыс орталығында құны 3,5 миллиард теңге тұратын  мұз сарайының құрылысы басталмақ.  Біз хоккей модулінің ашылу рәсімі кезінде Ақтөбенің Атымтай жомарт атануға әбден лайықты, туып-өскен елі мен жеріне жаны ашитын, оған қолынан келетін көмегін көрсетуге әзір тұратын асыл азамат, «КТП» ЖШС бас директоры Всеволод Щегельскийге жолығып, хоккей модулінің пайдалануға бері­луіне орай бір-екі ауыз пікірін айтып беруін өтінген едік. Ақжарқын, ер көңілді өндірістің кәсіпорын басшысы, біліктілігі мол кәсіпкер бұған еш тартынбастан көңілдегі көрікті ойын былайша жеткізді.  – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде бизнестің дамуына үлкен қолдау көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде көптеген бағдарламалар қабылданып, істі алға жылжытудың тиімді тетіктері жасалды. Бизнеспен шұғылданып жүрген біздерге осындай қамқорлық көрсетілмегенде осы деңгейге жетер ме едік, жетпес пе едік?! Табыс пен пайданың басын біріктіре алар ма едік, алмас па едік. Сондықтан мен ел кәсіпкерлерінің бүгінгі жетіс­тік­терін Елбасының кәсіпкерлікті дамы­туға жасаған қамқорлығы мен қол­дауынан бөле-жара қарай алмаймын. Біз­дердің бұған қайтарым беретін, осы орайдағы парызымызды сезіне алатын кезіміз келді деп есептеймін. Хоккей модулі құрылысына қосқан үлесім осы парыздың өтеуі деп біліңіздер, – деді ол.  Мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту мен қалыптастыру, республика Президенті Н.Ә.Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткендей, әкімдердің нақты және кәсіби жұмысына да байланысты. Осы екі міндетке Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев шаң тигізбей, ойдағыдай атқарып келе жатқанына қол қоя аламыз. Қандай іске болса да оның әділ бағасын беретін халық емес пе?! Олар қашанда шаршауды білмейтін, тіпті демалыс күндері кезінде де мемлекет-жекеменшік әріптестігі талаптарына сай тұрғызылып жатқан нысандардың жай-күйін бақылап, оның сәнді де сапалы түрде аяқталуы үшін тиісті талаптар қоюдан да танбайтын облыс басшысының іс-қимы­лы­на дән риза екенін көріп жүрміз. Біз осы материалды газет өндірісіне әзірлеу барысында бүгінгі көтеріліп отырған тақырыпқа қатысты Бердібек Мәшбекұлынан өз ой-пікірін айтып беруін өтінген едік. Оның қайтарған жауабының түп-төркіні төмендегідей болып шықты.  Мемлекет-жекеменшік әріптестігі бірінші кезекте қандай салалар үшін тиімді екенін айқындап алудың пайдасы мол. Мемлекет басшысы бұл бағытта әлеуметтік инфрақұрылым­ға басымдық беру қажеттігін айт­қаны белгілі. Сондықтан да өңірде екіжақ­ты әріптестік аясында бой көтеріп мем­лекеттік мүлік сенімді басқаруға беріліп жатқан жаңа нысандардың негізгі бөлігін осы әлеуметтік тұр­ғыдағы құрылыстар құрайды. Сондай-ақ, бұл бағытта экономиканың барлық буындарына тән нормативтік және құжаттық базаны мемлекет-жекеменшік әріптестігі қызметіне берік түрде орнықтыру тетігі жасалған. Сонымен бірге, бұл істі ұдайы жетілдіру мәселесі де назардан тыс қалған емес.  Міне, замана талабы жүктеген сындарлы міндетті ақтөбеліктер осылайша абыроймен атқарып келеді.

Темір ҚҰСАЙЫН,  «Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ Суретті түсірген  Хайредин РАУШАНОВ