• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Маусым, 2017

Гүл көмкерген Астана (Фоторепортаж)

617 рет
көрсетілді

Биыл елордадағы гүлзарлардың жалпы аумағы 163 мың шаршы метрге кеңейген

Дәл қазіргі таңда, ел күткен халық­аралық көрме – ЭКСПО-ның алдында Астана ажарын паш етіп тұр. Зәулім сарайлардың, ғаламат ғимараттардың келбеті өз алдына, көшені бойлай көкке ораған тал-дарақтар көңіл көншітеді. Көбелек қонып, көркін ашқан гүлзарлар көз сүріндіреді һәм сүйсінтеді. «Аста­на көгалдандыру құрылысы» АҚ бағбан­дарының күтіп-баптауымен шаһарға шырай берген өсімдіктер атаулының мән-жайын бас агроном Бақтияр Шаймұхамбетов былай баяндады: «Алпыс жылдан аса тарихы бар мекеменің жұмысы маусымдық қана болып көрінгенімен, жыл бойы жалғасады. Себебі, тал-дарақтар тірі организм болғандықтан, оларды жыл он екі ай күтіп-баптау қажет. Содан кейін ерте көктемде көшет-шыбықтар жер қатты болғандықтан қорек ала алмай, күннің белсенді қызуына ұрынады. Бұл да күтімдегі өсімдіктің көктемей сарғаюына әкеліп соғады. Біз тал-дарақтарды, көшеттерді осындай қатерлерден қорғап, күтімге аламыз. Күзден бастап жылыжайларда гүл өсіре бастаймыз. Оны да зиянкестерден қорғау, топырағын залалсыздандыру, өзге де толып жатқан жұмыстары мойнымызда». 

● Ерке Есілдің оң қапталы. Та­ғы да көзге бірінші шалынатыны – жайқалған гүлзар алабы. Осы жыл­дың жаңалығы – бір­жылдық гүлдердің саны азайып, орнын түбі топырақта қалып қойып, өз­дігінен көбейетін рудбекия, мың­жапырақ, дельфиниум сынды көп­жылдық гүлдер басқан. «Тамы­рын тереңдетіп алып, тұтас гүл кө­шеттерінің жамылғысын құрай­тын көпжылдық өсімдік бір-екі жылдан кейін біржылдық гүлге орын қалдырмауы мүмкін», дейді мамандар.  Олардың тағы бір ерекшелігі – біреуі мамырда бүр­шік атса, екіншісі айдың аяғында гүлдейді, ал біразы тамызда ғана көктейді. Біржылдық гүлдер бір мезгілде, бір мезетте жайнап, жайқалып шығады.

● Есілдің жағасына гүл-аққулар қоныпты. Мұндай композициялармен кәсіпорынның ландшафтық дизайн бөлімі айналысады. Қыс кезінде шеберхана мамандары гүл көшеттерінің алдын ала жобасын дайындап, мүсіндердің үлгілерін әзірлейді, жазуын басады. Жоспарға сәйкес, гүлден жасалған қобыз мүсіні «Астана Опера» театрының маңына, торсық – Сарайшық көшесі мен Мәңгілік ел даңғылының қиылысына, ал текше пішіні «Керуен» сауда және ойын-сауық орталығының жанына орналасады. Франциядан әкеліп, жерсіндірілген раушан гүлдері «Хан Шатырдың» айналасына отырғызылып, ерекше көрік бермек.

● Гүл дестелерімен бой көтерген керіктер мен пілдер Қабанбай батыр даңғылы мен Қорғалжын тас жолының қиылысындағы Астана циркінің алаңына орнығыпты. Астанаға ажар беріп, көз тойдырған мүсіндермен көпшілік суретке түсуде. Осындай көгалдандыру жұмыстары елорданың Бас жоспарына сай және 2007-2030 жылдарға арналған қаланы көгалдандыру тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып жүргізілуде.

● Ақордадан «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығына дейін созылған «Нұржол» сулы-жасыл желек бульварында Астана көгалдандыру құрылысының бағбандары еңбек көрігін қыздыруда. «Бүгінгі таңда елорда бойынша екі мыңға жуық бағбан бас шаһарды көгалдандыруға жұмылдырылған. Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне орай қызметкерлеріміздің қатарын жылдағыдан арттырғанымызды айта кетейін. Халықаралық шараға байланысты басқа да қолға алған шаруаларымыз жетерлік. Айталық, жылда қала ішін гүлдендіру шілденің басына дейін созылатын болса, биыл бұл істі ертерек қолға алып, гүлдердің тоқсан пайызын, шамамен он бес түрлі жеті миллион түп гүл отырғызып қойдық», дейді бас агроном Б.Шаймұхамбетов. Оның айтуынша, қалаға жыл сайын он-он бес мың түп көлемінде тал көшеттері егілетін болса, биыл қырық мың түп тал көшеті көшелерімізді көркейтпек. Қазіргі таңда оның жартысына жуығы Астананың ажарын ашып тұр. Олардың қатарында кәдімгі қарағай, сібір шыршасы, татар үйеңкілері, терек және жөке ағаштары бар.

Фоторепортажды дайындаған Асхат РАЙҚҰЛ, суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ,  «Егемен Қазақстан»