• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Маусым, 2017

Шығыс Қазақстанда 851,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынады

227 рет
көрсетілді

Биылғы жылдың қаңтар айында елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы бекітілгені белгілі. Бағдарлама аясында әуелі облыс орталықтарында қанатқақты жобаларды жүзеге асыру көзделген. Шығыс Қазақстан облысында қанатқақты жобалар Өскемен және Семей қалаларында қолға алынады деп жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта өңірдегі ең ірі қос шаһар Өскемен мен Семейде жер кезегінде тұрған жұрттың қатары қалың. Әсіресе Семейде. Өскемен қаласында 3375 адам жер кезегінде тұрса, Семей бойынша 23,6 мың адам жер алуға өтініш беріпті. Бүгінде Өскемен қаласы бойынша 20, 21, 22, 25, 27, 28 тұрғын аудандары мен Ахмер, Самсонов ауылдарында жеке тұрғын үй құрылысына арналған алаңдар бар. Онда барлығы 5887 жер телімі шоғырланған. Оның 2688-інің өз иелері бар. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мәди Отарбаев аталған аудандардың көбі жоба талаптарына сай емес екенін айтады. «Облыс орталығы бойынша №28 тұрғын ауданды «Нұрлы жер» бағдарламасына ұсыну қарастырылуда. Мұнда иесіз 1002 телім бар. Сондай-ақ, №22 ауданда қатарынан бос тұрған 157 телім бар. Бұл бөліктерге еш кедергісіз инфрақұрылым тартуға болады. Ал қалған аудандарда бос телімдер үйлермен араласып кездеседі. Сондықтан олар бағдарламаға жатпайды», дейді басқарма басшысы.  Семейге келер болсақ, Ақсай, Ұшақтар, Комсомол, Суықбұлақ, Бобровка, Жарқын, Аққайың, Жібек жолы, Малая Актюба тұрғын аудандары мен Степной кентінде жеке тұрғын үй құрылысын дамыту көзделген. Бұл аудандарда 13715 жер теліміне құрылыс түспеген. Дегенмен, оның 2895-інің иесі бар. Өтініш саны анықталған телімдерден 10 мыңға артық. Қаланың бас жоспары 2025 жылға дейін әзірленгендіктен, мұнда да өзгеріс болмайды. Өйткені, шаһар аумағында жеке тұрғын үй құрылысына жаратылмаған жерлер көп. Облыстың өзге өңірлерінде де жеке тұрғын үй құрылысы дамып келеді. Осыған орай, Риддер қаласында – 1075 телім, Аягөз қаласында – 400 телім, Зайсан қаласында – 350 телім, Шемонайха қаласында – 85 телім, Курчатов қаласында 42 гектар жер беру көзделген.  «Тұрғынүй құрылыс жинақ­банкі» АҚ «Нұрлы жер» бағдар­ла­масы арқылы салынатын жеке тұр­ғын үйлерге ипотекалық несие беруді жоспарлап отырғаны белгілі.  Аталмыш бағдарламаның бір бағыты алдағы 10 жылдың ішінде бүкіл ел аумағында 1,5 млн жеке баспана тұрғызуды көз­дейді. Шығыс Қазақстанда қа­зіргі күні 30 мыңнан астам адам жеке баспанаға зәру. «Тұр­ғын­үйқұрылысжинақбанкі» АҚ-тың басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова жақында Өскеменге келген сапарында бұл істі өңірде қалай жүзеге асырудың жайын облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге талқылаған болатын. «Нұрлы жердің» алғашқы толқынында Семей қаласы бойынша 3667 жер теліміне инфрақұрылым тарту көзделген. Қанатқақты жоба аясында осы телімдерге ауданы 80 шаршы метрден аспайтын, бірыңғай сәулеттегі үйлер тұрғызатын болады. Дәл осындай жұмыс облыс орталығы мен өзге қалаларда да жүзеге асуы тиіс. Банк төрағасы Л.Ибрагимованың айтуынша, тұрғындардың бағ­дар­ламаға қы­зығушылығын арттыру үшін «Нұрлы жер» ар­қы­лы берілетін ипотекалық несиенің пайыздық ставкаларын тө­мен­детіп, үйдің шаршы метріне шаққандағы бағасын арзан­­дату қа­жет. «Ипотекалық не­­сие­­нің пай­ыздық мөлшерлемесін тө­мен­дету жөнінде бағдарлама әкімшісіне ұсыныс жолдау керек. Біздің банк ұсынатын мөлшерлеме 8,5 пайыздың көлемінде болса, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бес пайыз деп көрсеткен. Осы екі арадан ортақ мөлшерлеме алыну қажет. Жергілікті әкімдік те өз тарапынан министрлікке тиісті ұсыныс білдірсе, дұрыс болар еді. Екінші мәселе жер үй­лер­дің бағасына қатысты», дейді Ләззат Ибрагимова. Бағдарламада ипо­текалық жер үйлердің әр шаршы метрі Астана мен Алматы қа­ла­сынан басқа өңірлер үшін 140-180 мың теңгенің арасында болады деп бекітілген. Ал орташа жалақысы статистикалық дерек бойынша 105 мың теңге деп саналатын семейліктер үшін бұл өте жоғары баға. Оған банк төрағасы Семейге жасаған сапарында көз жеткізіпті. Осы жиында облыс басшысы Семей мен Өскемен қалалары тұр­ғын­дарының төлем қабілеті екі түрлі  екендігін ескеріп, әр қа­лаға жеке-жеке қанатқақты жоба әзір­леу керек деген ұсыныс айтты. «Се­мейде жеке тұрғын үй кезегі 24 мыңға жеткенін айттық. Мұндай сұ­ранысқа тиімді ұсыныс та болуы керек. Сол үшін Семейге жеке бір қанатқақты жоба ұсынайық. Бұл жерүйлердің келбеті мен сәулеті еуропалық үлгіде болады. Семейліктер 12 түрлі жобаның ішінен өзіне ұнағанын таңдап алуы керек», деген-ді Д.Ахметов. Ал Өскемен қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы №20 шағын ауданнан бастау алуы мүмкін. Облыс әкімі банк төрағасына аталмыш аудан бойынша да жеке жобамен жұмыс істеу керектігін тілге тиек етті. Өйткені, бұл ауданда адамдар тұрып жатыр, жер телімдерінің көбі иесін тапқан. Бағдарламаға енгізілсе, мұнда инфрақұлым тарту мәселесі жеңіл шешілетіні сөзсіз.  «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы қанатқақты жобаны Семей мен Өскеменде жүзеге асы­ру жоспарланып отырғанын айт­­тық. Тұрғын үй салынатын жер те­лімдері де анықталып жатыр. Алайда, бар­­лық мәселе мұ­ны­мен шешілді деуг­е кел­мейді. Алда атқарылар жұмыс ау­қым­д­ы. Об­лыстық жер қатынастары бас­қар­ма­сының басшысы Виктория Барсукова қа­зіргі уақытта бағдар­ла­маның қалай жү­зеге асырыла­тынын халыққа түсіндіру ба­ғы­тында тиісті жұмыстардың жүр­гі­зіліп жат­қанын айтты. «Мәсе­лен, бағдарламаны тү­сіндіру бой­­ынша Семейде кездесу өтті. Ара­­сында қарсы болып жатқан тұр­­ғындар да бар. Сондықтан тү­сін­діру жұмыстарын толық жүр­гі­зіп, жұрттың пікірін ескеретін бола­мыз», дейді басқарма басшысы.

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН