– Гамлет Төреханұлы, Елбасы бұқаралық спортты дамыту керектігін жиі айтып келеді. Бұл мақсатта өңірде айта қаларлықтай жетістіктер бар ма? – Қазіргі таңда өңірде денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары халықтың 26,9 пайызын құрап отыр. Жалпы, өткен жылы облыс спортшылары әлем, Азия чемпионаттары мен кубок сындарында 166 медальға, ел чемпионаттары мен кубок жарыстарында 714 жүлдеге және халықаралық турнирлерде 159 медальға қол жеткізді. Саланы дамытуға биыл барлығы 5,8 миллиард теңге бөлінді. Соңғы екі жылда 5 спорт кешенінің пайдалануға берілгені де бұқаралық спорттың дамуына жол ашып отыр. Сондай-ақ, Тараз қаласы мен аудандарда 1600-ден астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар спорттың әр түрімен шұғылданады. Бір айта кетерлігі, жыл сайын жастар арасында денешынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны артып келеді. Бұл қуантарлық жайт. Мәселен, бүгінде 131 мыңнан астам жас спортпен айналысады. Аталған көрсеткіштердің бәрі де өңірде бұқаралық спорттың дамығанын айқындайды. – Бірқатар аудандарда бұқаралық спортты қаржыландыру көлемі ойдағыдай емес екен. Бұл мәселе төңірегінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Әрине, оң өзгерістермен қатар, назар аударатын өзекті мәселелер де бар. Мәселен, өткен жылы бұқаралық спортты қаржыландыру көлемі Меркі ауданында 3,3 млн теңге және Мойынқұм ауданында 5,0 млн теңге деңгейінде болса, биыл Мойынқұм ауданы қаржыны тек 500 мың теңгеге ғана өсірген. Сонымен қатар, Байзақ ауданында – 13, Мойынқұм ауданында 11 және Меркі ауданында 2 нұсқаушы әдіскер бірліктерін ашу қажет. Ал Шу және Сарысу аудандарында нұсқаушы-әдіскер бірліктері қысқарған. Ауылдық округтерде спорт бойынша нұсқаушы-әдіскерсіз бұқаралық спортты дамыту қиынға түседі. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бұл мәселе бойынша аудан басшыларына тапсырма да берген болатын. – Сіз бірде өңірде ауа райының жағдайына байланысты қысқы спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік болмай отырғанын айтып едіңіз. Сондай-ақ, Тараздағы Бауыржан Момышұлы атындағы саябақ ішінен жасанды мұз айдыны салынады дегелі көп болды. Бірақ нәтиже әлі жоқ. Неге? – Бір кәсіпкер мұнда жасанды мұз айдынын салмақшы болған. Өкінішке қарай, халық көп күткен мұз айдынының құрылысы қазір тоқтап қалды. Дегенмен, бүгінде Тараз қаласынан мұз айдынын салу жұмыстары жоспарланып отыр. Егер аталған мұз айдыны салынса, өңірде қысқы спорт түрлерін дамытуға мол мүмкіндік туады. – «Тараз Арена» ғимараты − Елбасының қатысуымен ашылған үлкен кешен. Дегенмен, сол спорт нысаны бүгінде қаржылық жағынан өзін өзі ақтай алып отыр ма? – Бұл шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын. Енді қаржылық жағына келсек, кешенге арғы жылы 60 миллион теңге табу міндеттелген болатын. Бұл межеге жеттік. Сондай-ақ, өткен жылы тиісті 100 миллион теңгенің 90 пайызы орындалды. Мұндағы мақсат – жергілікті бюджетке салмақ түсірмеу болып отыр. Енді мекеме төңірегінде талдау жасап, қаржылық жағынан шынымен өзін өзі ақтай ала ма, жоқ па деген мәселе төңірегінде зерттеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. – «Тараз» футбол клубының атына жиі сын айтылады. Әрі қаржы шығындап, сырттан маман әкелу жайы тағы бар. Бірақ, сол мамандардың да кейде көмегі тимей жатады. Жалпы, Тараз футболының тағдыры туралы не айтасыз? – Бүгінде «Тараз» футбол клубында жаттықтырушы болып жүрген Вайт Талгаев 1996 жылы сол «Таразды» чемпион қылған. Ал енді сырттан маман әкелу жайына келсек, бүгінгі футбол командасының жетпіс пайызы жергілікті ойыншылар. Шыны керек, «Тараз» футбол клубының да жетістіктерге жетсек деген мақсаттары бар. – Олимпия ойындарында топ жарған жерлестеріміз баршылық. Болашақта да өңірден шығатын Олимпиада жеңімпаздарын дайындауға мүмкіндік бар ма? – Жамбыл өңірінен әр Олимпиада сайын жеңімпаздар мен жүлдегерлер шыққан. Соңғы кезеңдегі Ақжүрек Таңатаров, Зүлфия Габидуллина, Елдос Сметовті айтсақ жеткілікті. Әрине, болашақ жеңімпаздарды дайындауға мүмкіндік бар. Сырттан маман алдырмай-ақ, бұл мәселеге жергілікті бапкерлердің де мүмкіндігі толық жетеді.
Әңгімелескен Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»