• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Маусым, 2017

Әркім өз денсаулығының дәрігері

247 рет
көрсетілді

Елбасы биылғы Жолдауында елімізде енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға байланысты нақты тапсырмалар жүктегені белгілі. Мемлекет басшысы жүйенің жүйелі жұмыс жасауы үшін ең алдымен ақпараттандыру қызметі ақсамауы керектігін айтқан-ды. Халықты хабардар ету міндеті қалай атқарылып жатқаны жөнінде Алматы шаһарының №7 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері, Денсаулық сақтау министрлігінің МӘМС жүйесін түсіндіру бойынша бас спикері Марат ШӘДІБАЙҰЛЫМЕН әңгімелескен едік.

– Міндетті әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру жүйе­сін Қазақстанға енгізу қандай қажеттіліктен туды?

– Бірінші мақсат – халықтың денсаулығын жақсарту үшін жасалып жатқан жұмыстардың қызмет сапасын одан әрі же­тілдіру. Екінші – денсаулық сақ­тау саласындағы тұрақты қар­жылық жүйені қалыптастыру. Өйткені, медицина саласына өте көп қаржы керек. Басқа мем­лекеттерді алып қарайтын болсақ, Германия, Франция, АҚШ-та бұл жүйе бұрыннан қалыптасқан. Мысалы, Германияда МӘМС жүйесі екі ғасырдан бері қызмет етіп келеді. Олардың жүйесі халықты толықтай қамтамасыз етіп үлгерді. Ал еліміз тәуелсіздік алып, тәй-тәй басқанымыз ке­ше ғана. Сондықтан, бұл сақ­тандырудың тиімді тұстарын халыққа түсіндіру үшін әлі де болса атқарылатын шаруа көп. Біздің негізгі міндетіміз – аурудың алдын алу болғандықтан, ең алдымен, емханалардың жұмысын күшейту керек. Күнделікті өмірде саламатты өмір салтын сақтайық деген сөзді жиі айтқанымызбен, іске келгенде кері кетіп жата­мыз. Өзіміздің өміріміз өз қолымызда болғандықтан, оған асқан жауапкершілікпен мән берген абзал. Балаларымызға да соны үйреткен жөн. Менің дәрігер болып жүргеніме 37 жыл болды. Осы уақыт аралы­ғын­да түрлі адамдармен кез­дестім. Бірі ем алуға келсе, енді бірі кеңес сұрап келеді. Оларға денсаулықтың қа­дір-қасиетін қарапайым түр­де түсіндіруге тырысамын. Мы­салы, сіз қырық жасқа дейін өзі­ңіздің денсаулығыңызбен келі­сімшартқа отырып, несие аласыз, ал қырық жастан кейін сол алған несиеңізді үлкен пайыз­бен қайтарасыз. Тоқетерін айт­қанда, әрқайсымыз өз денсау­лығымыздың дәрігері болуды үйренуіміз керек.

– Жұмыссыз қалғандар немесе халықтың әлеуметтік жағдайы төмен бөлігі үшін бұл жүйе қиынға соқпай ма?

– Сұрағыңыз өте орынды. Де­генмен, аталған жүйенің сәтті жүзеге асуы үшін Үкімет жан-жақты даярлық жасады. Ха­лықтың әлеуметтік жағдайы төмен бөлігінің қаражат аударуға қауқары жетпеуі мүмкін. Сон­дық­тан, мемлекет оларды 14 топ­қа бөліп, солар үшін қорға жарна төлейтін болады. Олардың ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, интернат мекемелерінде оқып, тәрбиеленіп жатқан тұл­ғалар, сондай-ақ, кәсіптік-тех­никалық, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ме­кемелерінің күндізгі бөлім­де­рінде, жоғары оқу орында­рында білім алып жатқан студенттер бар. Бұдан өзге жарна төлеуден бала тууға, бала асырап алуға және 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі ба­ланы тәрбиелеп отырған жұ­мыссыз азаматтар, зейнеткер­лер, әскери қызметкерлер, ар­­наулы мемлекеттік қыз­мет және құқық қорғау орган­­дарының қызметкерлері, ең төменгі дең­гейдегі қауіпсіздік ме­ке­мелерін есептемегенде, сот ше­шімімен қылмыстық ат­қару жүйесі мекемелерінде айыбын өтеушілер, уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар босатылады.

– Бұрынғы жүйенің тиім­сіздігі неде деп ойлайсыз?

– Тоқсаныншы жылдары егемендігімізді енді алып, есі­мізді жинай бастаған тұс еді. Экономикамыз да едәуір төмен болғандықтан, оның әсері атал­ған жүйеге де тимей өтпеді. Оның нәтижесіз аяқ­талуының бірден-бір себебі осы деуге болады. Ал қазіргі ұйым­дастырылып жатқан қор бұрынғы қателікті қайталамайды. Әрине, қар­жы­сынан қағылып қалған ха­лық­тың үрейі барын Үкімет сезіп отыр. Сол себепті осы жол­ғы сақтандыру жүйесіне арнап арнайы заң шығарылып, ол то­лықтай басшылықтың ба­қылауымен жүзеге асады. Қа­зақстанның қазіргі денсаулық сақтау саласында жүріп жат­қан қарышты қадамдарды, қарқынды дамуды көзіміз көріп, көңіліміз марқаяды. Қиын­дықтарға мойы­май, атар таң­нан үлкен үміт күткен еліміз дегеніне қол жет­кізді. Бүгінгі таңда трансплантология, ортопедия жасау өзімізде жүзеге асырылады. Мұның өзі осы саладағы бірден-бір жетіс­тігіміз деп ойлаймын.

– Қаржыландыру жүйесі қалай жүзеге асады?

– Жұмыс берушілердің қызмет­керлері үшін төлейтін мін­детті медициналық сақтандыру жарнасының мөлшері жаңа заң жобасы бойынша, 2017 жыл­дың 1 шілдесінен – 1 пайыз, 2022 жылы 3 пайызға дейін көтерілмек. Сондай-ақ, жаңа заң жобасы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар, яғни жеке кәсіпкерлер және азаматтық құқық шарттары бойын­ша кіріс алушылар, басқа да жеке тұлғалар үшін 2017 жыл­дың 1 шілдесінен бастап бірден кірісінің 5 пайызын қорға аудару көзделген. Ал қарапайым қыз­меткерлер жарнаны тек 2019 жылдан бастап төлейді.

Әңгімелескен

Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»