Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр кеңсесінің, Мәдениет және спорт министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның, Қазақстан Республикасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) аймақтық өкілдігінің, «Ақ Орда» Республикалық қозғалысының Құрметті төрағасы Қайрат Сатыбалдыұлының қолдау көрсетуімен Ұлттық кітапхана ғимаратында басталған Биенналеге әдебиет бойынша Нобель және басқа да сыйлықтар лауреаттары, белгілі жазушылар, әлемнің 20-дан астам елінен ғылым және мәдениет қайраткерлері, 40-тан астам шет ел қонақтары келді. Экономикалық өзара ықпалдастықты нығайтумен қатар, әдебиетшілердің шығармашылық әлеуетін пайдалана отырып, қоғамның рухани кеңістігін кеңейте түсу қажеттілігін көрсетуді мақсат тұтқан Халықаралық әдеби биеннале ЭКСПО-2017 көрмесіне арналған мәдени іс-шаралар топтамасы аясында өткізілуде. Аталмыш шара Қазақстанды ұлттық мәдениеті мен менталитеті сан алуан халықтардың бір-бірімен тату тұратын әрі достық пен рухани тұтастыққа ұласқан сындарлы байланыстар орната алатын қоғам үлгісі ретінде таныта түспек. 12-14 маусым аралығында өтетін, «Орталық Азия – Араб әлемі: тарих пен мәдениеттің өзара ықпалдастығы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, Библио-түн, «Қоғамның рухани жаңғыруындағы кітапханалардың рөлі», «Ұлттық авторларды ағылшын тіліне аудару» атты дөңгелек үстелдер, «Маған кітап оқып берші» халықаралық акциясы, бейресми әңгімелесу, кітап-экспозициялық және фотокөрмелер, арнайы экскурсиялық бағдарламалар, әлемге танымал жазушылармен кездесулер сияқты бірнеше бағдарламаны қамтитын Биеннале қорытындысы бойынша Әлем мәдениеті қайраткерлеріне Үндеу жасалынатын болады.
Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ