• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Театр 12 Маусым, 2017

Елорданы көшпенділер сазы тербейді

165 рет
көрсетілді

ЭКСПО көрмесі аясында ұйымдастырылып отырған ірі мәдени шара – 11-15 маусым аралығында жаңадан бой көтерген «Этноауыл» ұлттық-мәдени ойын-сауық орталығында өтетін «NOMAD WAY» атты көшпенділер мәдениетінің музыкалық фестивалі.

Аталмыш фестивальдің өтуіне ұйытқы болып отырған мекеме Мәде­ниет және спорт министрлігінің жауап­­­ты қызметкері Анаргүл Мү­бәракова­­ның айтуына қарағанда, бұл мә­де­ни жобаның маңызы – түркі тек­­тес халық­тардың шығармашылық дәс­­түрін насихаттау және түбі бір жұрт­тар­дың туын көтеру арқылы туыс­қан өнер қайраткерлерінің басын қосу.  Осы бір ұлы дала мұрагерлері өнер көрсететін концертке – қазақстандық этно ансамбль «Тиграхауд» және «Ал­даспан» тобы, өзбекстандық өнер қайраткері Касим Аббосов же­текшілік ететін «Aббос», башқұрт бауыр­ларымыздың «Арғымақ» этно-рок тобы, Венгрияның цыган музы­калық мотивіне негізделген «Tilla Torok’s Band» тобының скрип­кашы­лары, татарстандық Талғат Хасенов басқарған ұлттық-дәстүрлі саз ұжы­мы, буряттың «Namgar» және «Shono», тә­жікстандық «Avesto» топтары, қыз­ғызстандық дәстүрлі әнші Гүлзада Рысқұлова, Таулы Алтайдың қырыл­дақ кайчылары (жыршылары) Болот Байрышев пен Алексей Чичаков, өзіміздің көмей-жыршы Еділ Құ­сайынов және тыбалық көмейші Радик Тюлюш басқарған «Чалама» тобы мен 1996 жылы Мұрат Эртел негізін қалаған даб-музыка жанрының насихатшысы түркиялық«Baba Zula» ұжымы қатысады деп күтілуде.  Жоғарыдағы өнер ұжымдары мен музыкалық топтардың қай-қай­сы да халықаралық деңгейде өнер көр­сетіп жүрген танымал өнер тар­лан­дары. Бұлардың басқа кәсіби музы­­канттардан айырмашылығы – өздерінің байырғы бабалар мұрасын қайта тірілтіп, оны қазіргі заманауи музыкалық стиль – джаз, рок пен фанк қоспасы арқылы байыта білуінде.  Бұл өнер ұжымдары қатарынан бес күн кешкі сағат 17.00-ден бастап «Этноауыл» қалашығында орналасқан 850 орындық этномюзикл залында концерт береді.  «Әлемге аты мәшһүр ЭКСПО көр­месі кезінде елордада ұлы даланың дәстүрлі музыкалық фестивалінің өтуі мерекелік атмосфераның жандануына үлкен үлес қосады», дейді шараны ұйымдастырушылар. 

Суреттерде: Қазақстандық этно ансамбль «Тиграхауд»; тыбалық көмейші Радик Тюлюш; қырғызстандық дәстүрлі әнші Гүлзада Рысқұлова; башқұртстандық «Арғымақ» тобы; өзбекстандық «Aббос» тобы

Бекен Қайратұлы, «Егемен Қазақстан»