• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Маусым, 2017

Айшуақ ханның құлпытасы табылды

1869 рет
көрсетілді

Белгілі Әбілқайыр ханның баласы, өзі де Кіші жүзді 1797-1805 жылдары билеген Айшуақ ханның құлпытасы Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданынан табылды.

Теректі ауданы Ұзынкөл ауылдық округіне қарасты Бекей ауылының тұсындағы көне қорымда сақталған қарапайым құлпытас – Әбілқайыр ханның Бопай ханымнан туған төртінші баласы Айшуақтың ескерткіші болып шықты. Құлпытасты осыдан үш жыл бұрын журналист Нұртас Набиоллаұлы суретке түсіріп, өңірде құлпытас зерттеумен айналысып жүрген топқа ұсынған. Бірақ мүк басқан ескерткіштен жазу анық көрінбей, «тазалап оқу керек екен» делініп, сәтті күні туғанға дейін жата беріпті.

Сол сәтті күн 13 маусымда туды. Батыс Қазақстан облысындағы араб жазулы құлпытастарды зерттеу тобының жетекшісі Жантас Сафуллин, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, тарих магистрі Айболат Құрымбаев, Батыс Қазақстан облыстық мұсылмандар мешітінің имамы, шығыстанушы Мұратбек қажы Жахатов және осы жолдардың авторы көне қорымға арнайы барып қайтты. Қойылғанына екі ғасырдан асқан, мүк басқан ескерткішті уақыт тозаңынан тазартып, оқып шықтық.

Құлпытаста Айшуақты «жеңімпаз, мәртебелі, баһадүр хан» деп сипаттап, оның Әбілқайыр хан Қажы сұлтанның ұлы екендігін, 1812 жылы 15 сәуірде 85 жасында қайтыс болғандығы жазылған екен. Оған қоса «Кіші жүзге билігін жүргізген хан еді, әрі екі баласы Жантөре мен Шерғазы да хан болды» деп тасқа қашалған екен. Белгіні Айшуақтың ұлы Алғазы сұлтан қойған.

– Айшуақ ханның қазақ тарихында, XVIII ғасырдағы қазақ-орыс қатынасындағы саяси оқиғалар кезеңінде өзіндік орны бар тұлға, – дейді тарихшы Жәнібек Исмурзин. – Ол Әбілқайыр ханның Бопай ханшадан туған төртінші ұлы. Ағалары Нұралы мен Ералы секілді Айшуақ та саяси өмірге ерте араласқан. 1748 жылы әкесі Әбілқайырдың тірі кезінде інісі Қожахметті алмастырып, Жаманқалада (Орскіде) аманатта болған. Әбілқайыр хан қаза тапқанда әкесінің өлімін Айшуаққа естірте алмай, «мінезі қызуқанды еді» деп қатты қиналғаны тарихи құжаттарда сақталған екен. Айшуақтың Апақ және Жантөре деген балалары Сырым батыр қозғалысына белсене қатысуына байланысты 1785 жылы атаман Донсков Айшуақты тұтқынға алып, екі жылдай қамауда ұстаған. Кейін Сырым батыр және Ералы сұлтандардың араласуымен тұтқыннан босап шыққан. Кейінірек, 1797 жылы ол Кіші жүздегі Хан кеңесіне төрағалық еткен. Сол жылы Кіші жүздің ханы Есім Нұралыұлы кісі қолынан қаза тапқан соң хан сайланған. 1805 жылы 17 ақпанда «жасым ұлғайды» деп өз өтінішімен хандықтан босаған.

Бір қызығы, осы кезге дейін Айшуақ ханның өмір сүрген жылдары туралы дерек әртүрлі болып келген. Мәселен, орыс зерттеушісі Л.Мейер 1865 жылы «Киргизская степь Оренбургского ведомство» деген еңбегінде Айшуақты 1811 жылы қайтыс болды деп көрсеткен. Ал белгілі қазақ ғалымы Жанұзақ Қасымбаев Айшуақ ханды 1719-1810 жылдар аралығында өмір сүрді деп жазған. А.И.Добросмыслов, И.В.Ерофеевалар Айшуақ ханның 1811 жылы бақилық болғанын жазса, А.Ф.Рязанов, Ә.Қ.Мұқтар, А.Ахмет секілді тарихшылар 1812 жылы фәниден озғанын алға тартады. Ал құлпытас дерегіне сүйенсек, Айшуақ хан 1727 жылы туып, 1812 жылы дүниеден өткен екен. Белгілі шығыстанушы ғалым, профессор Әшірбек Муминовтің пікірінше, құлпытастағы дерек – ең сенімді, ең дұрыс мәлімет болып саналады. 

Құлпытаста Әбілқайыр хан Қажы сұлтанның баласы деп көрсетілген. Қажы сұлтан – Сауран қаласының билеушісі болған екен. Ал Әбілқайыр ханның жоңғарға қарсы күресте қазақ қолының бас қолбасшысы болғаны мәлім. Тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар «XVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы» монографиясында Әбілқайыр ханды қазақтың «аға ханы» болғанын жазады. Осы Әбілқайырдың Бопай деген әйелінен өңкей көкжал 5 ұл – Нұралы, Ералы, Қожақмет, Айшуақ және Әділ туған. Нұралы, Ералы және Айшуақ кіші жүзге хан болған. Айшуақтың балалары да осал болмаған. Жоғарыда аты аталған Жантөре мен Шерғазыдан бөлек, белгілі Баймағамбет сұлтан Жайықтың Бұқар бетін биледі. Айшуақтың үлкен ұлы Сүйікәлі сұлтаннан атақты Санжар Асфендиаров тарайды. Петербург әйелдер медицина институтын бітірген, қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер қыз Гүлсім Асфендиарова да – осы Айшуақ ханның тікелей ұрпағы.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысының бір топ белсенді азаматы бірнеше жылдан бері Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының мамандарымен бірлесіп, облыс аумағындағы араб жазулы көне құлпытастарды зерттеумен айналысып келеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2015-2016 жылдары облыс аумағынан әр жылдары Кіші жүзді билеген Есім хан Нұралыұлының, Жантөре хан Айшуақұлының құлпытасы табылып, зираты анықталған еді. Енді міне, Айшуақ хан Әбілқайырұлының да жатқан жері, нақты өмір сүрген жылдары анықталып, қазақ тарихындағы тағы бір ақтаңдақтың орны толып отыр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы Сурет автордікі