• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Әдебиет 16 Маусым, 2017

Адамзат тарихындағы аянышты эпизод

854 рет
көрсетілді

«Тарихты көркем әдебиет дей алмасақ та, әдебиетті көркем тарих деп әбден айта аламыз» деген Чернышевскийдің сөзін Қазақстан Жазушыларының V съезінде «Көркем әдебиет шығармалары терең де шыншыл болсын» атты тақырыпта баяндама жасаған Жұбан Молдағалиев мысалға келтіреді. Ал қазақтың ұзақ тарихын шындық негізінде ғылыми жүйеге түсіруге талпыныстар болғанымен Кеңес үкіметінің цензурасы оған мүмкіндіктер бермегені, тарих ғылымының жүгін амалсыз әдебиет көтергені де рас. Бұл сөздерді ары қарай растап жатпайық. Өйткені, оны қаламгерлер шығармалары әлдеқашан дәлелдеп қойған.

Тәуелсіздік жылдары қазақ халқы үшін ең алдымен сана-сезімді, ойлау жүйесін бостандыққа шығаруымен қымбат болатын болса, сол тәуелсіз сана тудырған талай ғылыми-көркем әдебиеттерге «жүк» болған тарихи тақырыптар біздің санамызға сіңіп кетті деуге болады. Соны «көркем тарихтың міндетін атқаратын» шығармалар оқтын-оқтын жаңғыртып отырды. Неге десеңіз, ғылыми әдебиеттердегі құрғақ баяндаулар мен көп цифрлардың «ар жағында» қалып кететін адам тағдыры, жақсылық пен жамандықтың, зұлымдық пен мейірімділіктің, махаббат пен ғадауаттың майданы, бастысы сол тұстағы қоғамдық өмір, адамдардың психологиялық жай-күйі, өмірге көзқарасы көркем әдебиетте ғана мейілінше ашылатынына бәс тігуге бармыз.

«2999999+1». Жазушы Әкім Таразидың жекелеген кейіпкерлер мен бірқатар кейіпкерлер арқылы тұтас дәуірдің ақтаңдақ тұстарын көркем шындықпен бейнелеген бірегей шығармасы. «Андрей», «Күлтай жеңешем мен Александр Солженицын» сынды әңгіме, хикаяттары туралы жазған едік. Алайда, осылардың ішіндегі ең ауыры, ең қасіреттісі, тіпті адамзат тарихында болмаған қасіреттісі де осы «2999999+1» атты жұмбақ әңгіме. «Адамзат тарихында болмаған» деген сөзімізді артықтау алынды деп ойларсыз, жоқ. Оған да көзіміз жетеді әлі...

Өткен ғасырдың 30-шы жылдары қолдан ұйымдастырылған ашаршылық барысында халқымыздың тең жарымына жуығы қынадай қырылды, біразы шетел асты. Бірақ түрлі зерттеу жұмыстарында түрлі цифрлар көрсетіліп, бұл туралы ортақ тұжырым жасалмаған соң біз өз тарапымыздан «дұрысы мынау» дегенді айта алмаймыз. Өкінішке қарай, ашаршылық салдарынан құрбан болғандар саны туралы әлі ортақ тұжырым болмай отыр. Әрине, бұл туралы нақты мәлімет беру тарихшылардың міндеті екенін білеміз. Ал, көркем әдебиеттің міндеті сол ақтаңдақ жылдардағы қоғам жағдайын көркем шындық арқылы бейнелеу. Соны бейнелеу аясында кейіпкерлер галереясын, қоғам картинасын жасау. Жазушы Әкім Таразидің ұлт тарихының ақтаңдақ беттерінен шағын бір эпизод алынған, таңдап алынған «2999999+1» әңгімесінен түйгенімізді ортаға салғымыз келді. «Шағын эпизод» дегенді әдейі айтып отырмыз. Алапат ашаршылық қазақ жерін түгел қамтып, қазақ халқының жартысына жуығы аштан өлгенде, әңгімедегі Абыз ағаның айтқан оқиғасы шынымен шағын ғана эпизод сияқты әсер қалдыратыны бар. Бірақ, сол эпизод қазақ халқының бастан кешкен тауқыметін өмір бойы есіңнен қалғысыз етіп, миыңа шегелеп тастауға жетіп жатыр.

Ең алдымен, шығарманың тақырыбы туралы ойландық. Неге бұлай? 2 999 999 шартты түрде аштан өлген адамдардың саны болсын дейік, ал оған қосылып тұрған 1 кім? Бастан кешкенін әңгімелеген Абыз аға ма? Сыртым бүтін болғанымен, ішім өлген дегенді айтқаны ма? Әлде аштықтан «сүйгенінің» етін жеп, өзі Абыздың қолынан қаза болған Қосан ба? Әлде социалистік конвейер қоғамның қанды шеңгелі жанын азаптап, шығарма соңында өртеніп кететін Омар ма? Жоқ, әлде,  сол 2999 999-дың өліміне бір ғана кінәлі социалистік жүйе, сол үшін 2999 999-дың ажалы соның мойнында дегенді тұспалдау ма? Міне, бұл жұмбақ...

Шығарманың өз басы әңгіменің ішіндегі әңгіме сияқты әсер қалдырады. Өткен шақ пен қазіргі шақты байланыстырып тұрған орталық кейіпкер – Абыз аға. Жазушы негізгі кейіпкер Омардың да, орталық кейіпкер Абыздың да қоғамдағы орнын өңірлеріндегі «Алтын жұлдыз» арқылы көрсетеді. Бірі өз сөзімен айтқанда «сегіз жүз отыз жыл өмір сүрген», яғни, іші өліп қалған аға болса, екіншісі айналасымен де, өз жанымен де арпалысып, тірі жүруге де, өлуге де себеп таппай аласұрған іні. Шығарма барысында сол іні ағаның айтқан әңгімесін көңіл экранынан кәдімгі кино лентасы сынды тізбектеп өткізіп, әрбір деталына шұқшиып, тағы бір тұстарда лентаны тоқтатып қойып, ірі планмен көріп отырады. «Абыз аға ұзақ сөйледі. Асықпай сөйледі. Тіпті баппен, мәнерлеп сөйледі. Айтқаны – өз тарихы. Өз тарихы дегені ел тарихы. Алтауы бірігіп тажал аузына бет алды. Өз еріктерімен. Алтауы... Үлкен Тажалдың өзіне хат жазбаққа серттесті». Тоқтай тұрыңыз, бұл туралы нақты тарихи деректер қандай еді? «Ф.И. Голо­ще­кинге жолданған Т.Рысқұловтың «Сталинге хаттары», Ғ.Мүсiрепов, М.Ғатаулин, М.Дәулет­қалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев жазған «Бе­сеу­дiң хаты», қазақ даласында «оттай лаулаған» ашар­шы­­лық туралы көрнектi қазақ зиялылары Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Нұр­мақов, Ораз Исаев, Сұлтанбек Қожанов және т.б. жазған Мәс­кеуге ресми хаттарда қазақтың «қара шыбындай» қырылуы мен үдере шетел асуының негізгі себеп­терi, экономикалық және демогра­фия­лық шы­ғынды айғақтайтын нақты мәлiмет­тер берілдi» дейді Қали Омаров «Аштық тауқыметі» атты мақаласында. Енді жазушының кейіпкері кім? Осы тұлғалардың ішінде емес пе екен? Әлде?..

Біздің мақсат, әрине, Абыздың кім екенін анықтау емес, сондықтан жұмбақ әңгіменің жұмбағына осы жерге дейін ғана бойлап, тізгін тарталық... Ойымыз өткен шаққа, яғни, оқиға өтіп жатқан мерзімнен 55 жыл ілгері мерзімге саяхат жасайтын Абыздың жан дүниесіндегі «таңдаулы кейіпкерлерді» алып шығып, соны ішкі сыры ретінде ғана баяндауы еді...

Кеңес үкіметі «бай мен кедейді теңейміз», «әйелдер теңдігі» деген желеумен небір текті билерді, небір іргелі байларды ит тепкіге салғаны рас. Иә, бұл оқиғаның да соған қатысы бар, анығы – содан басталған. Әңгіменің желісін қысқаша айтсақ, былай болған.

Абыз бұдан аттай 55 жыл бұрын Арқа даласына келген. Міндетпен келген. «Байларды кәмпескелеу», «ескіліктің қалдығын жою» сынды міндетпен келіп, Күреңби деген әрі би, әрі бай кісінің Гүлғайша атты тоқалын тартып алып Қосан деген бір жігітке қосады. Күреңбиді итжеккенге айдатады. Сосын, бір ақынға ақшасын төлеп «Қосан мен Гүлғайша» деген поэма жаздырып, оны Мәскеудегі ең таралымы мол, беделді газетке шығартады. Жырда Гүлғайша мен Қосан ғашық болады, Гүлғайшаны Күреңби байлығымен алған болады. Кедей Қосан ынтызар болады. Сөйтіп жүргенде Кеңес үкіметі келіп кедейдің жоғын жоқтап, «ғашықтарды» қосады. «Теңдік» әпереді. Құйдай өтірік поэманың айдай ақиқаты осы. Адамзат тарихында болмаған сұмдық осыдан басталады. Енді болған жайды шығарманың өзімен байланыстыра отырып ретімен айтайық.

«...Абыз-аға ол кезде жас бәлшебек. Тууы туралы куәліктегі аты-жөні бөлек. Жазушы боларын, Абыз атанарын әлі анық білмейді. Жамбасына батқан жамбастай тапаншасы тұла бойын күйдіріп барады. Әй-шәйға қарамай атып тастайтын Кеңестің атқамінерлері ауыл-ауылды аш бөрідей кезіп жүрген кез. Жұртта үрей қалмаған. Тап жауы –  сенің жауың, оларды аясаң – өзің құрисың. Алдына жүгініп отырған еңгезердей көркем кісі Жас Бәлшебекке мұрты едірейген құбыжық болып көрінді.

- Атыласың! – деген сөз маржандай тізілген отыз тістің арасынан жұп-жұмыр, сүйкімді қалпында үзіліп түсті. – атыласың! Екі әйел алуға Кеңес өкіметі тиым салатынын естіген шығарсың. Сауатты едің ғой. Орынборда оқыған едің ғой! - Айтам деген зілді сөздерінің қауқарсыз шыққанын сезіп жас Бәлшебек түйіліп қалды...

- Жаз. Қолына қалам, қағаз беріңдер! Ал, жаз! Кеңес өкіметінен кешірім сұраймын! Гүлғайша тоқалымнан бас тартамын! Гүлғайша тоқалымды Кеңес өкіметінің құзырына бердім! Солай деп жаз! – Бұл, әрине, Жас Бәлшебек...

- Әйел теңдігі! – Бұл енді, екі ғашықтың желкесіне шұқшиып тұрған тұрған екі іні, комсомол».

«... Көрікті жігіт Қосан. Өзі әнші, өзі шешен. Үкілі бөрік, үкілі домбыра, төс қалтасында алақандай төрт бүктелген ақ орамал, иіс майын аңқытып... киіз үйге кіре берді де, төрде отырған кеңестік төре Абыздың алдына тізерлей жүгінді.

- Тақсыр! – дей беріп тез түзелді. – Жолдас орталықтың өкілі!

Біреулер алдын ала әзірлеп, айтар сөзін, істер қылығын әбден үйретіп қойса керек. – Ғашықпын! Ғашықпыз! Еркіндік алып бер! Байдың тоқалы! Сүйіп... Болмаса – өлеміз!

Қарулы екі жігіт екі білегінен ұстап келіншекті де кіргізді. Орталықтан келген айбарлы өкілдің алдына жүгіндірді.

- Айт, әпке! Қысылма! – деді екі жігіттің бірі. Інісі-ау шамасы.

- Теңдік! Тақсыр, теңдік! – деді келіншек Абызға тайсалмай тік қарап. – теңдік!

Әйелдің сұлуы осындай-ақ болатын шығар. Мұндай көз, мұндай маңдай, мұндай тіс, мұндай мүсін Үрдің қызына да бұйыра бермейтін шығар».

Бұл әңгімені Абыз 55 жылдан кейін айтып келе жатыр. Пойызда. Тыңдаушысы – Омар. Абыз: «Мен болып, Торғайдың үлкенді-кішілі текешіктері болып, әйтеуір, көп ұзамай үш мың жылқысы бар, бес мың жылқысы бар оқыған азаматты Жайық жаққа жер аудардық қой! Екі ғашықты некелеп қостық. Облыстық ақын Шалабайды астанаға шақыртып, өз үйімде жатқызып «Қосан мен Гүлғайша» деген поэма жаздырдым... жаздырдық!».

Міне, Абыз сол далаға қайта келе жатыр. Бұл келе жатқан кез қандай кез? «Ақмоладан үрейлі хабарлар келуде: бүкіл уезді аштық жайлаған, – деп жазады Түркістаннан. Аштыққа ұшыра­ған­дар­дың саны, оның көпшілігі қазақтар, 30-40 мыңға жетіп жығылады. Тамақ із­деген мыңдаған адамдар туған жерлерін тастап, жан-жаққа босып кетті. Баласыз ата-аналар, ата-анасыз балалар…Қазақ даласының барлық жеріндегі оқиғалар осы шамалас».

«Алтауы... Үлкен Тажалдың өзіне хат жазбаққа серттесті. Абыз айтты: «Мақұл, келістім. Бірақ менің мінезімді білесіңдер. Өз көзіммен көрмей... – Мен елді көрем!

...Абыз елге барды. Әрине, қаһарлы мекемелерден рұқсат алып барды. Ел күйзелді деген сөз бекер екен. Ел күйзелмепті, ел таусылып бітіпті. Тып-типыл.

Облыс басшысы Абызға күдікпен қарады. Күдігін жасырған да жоқ. Май басып кеткен іркілдек денесін әрең басқарып, орындықта әрең қозғалып отырса да даусы шіңкілдеп, қатын мінез танытты.

- МҰНДАЙҒА Алматы қалай араласады? Москваның құзырында емес пе?

Кімнің құзырында екенін көрді Абыз. Қостанайдан Бетпақ-Қараға шейін жолдың екі жағы... Арқаның азынай соққан екпінді желі апталап қуса да, айлап қуса да тазалап кетіре алмаған күлімсі иіс, қолқа қапқан қоңырсық иіс, соңғы үш тәулік бойы көктем лебін аңқыта келген Алтын күректе қолқа қапқан сасықтан құтқара алмады бұларды. Қайта Алтын күрек тозақтың есігін айқара ашып тастаған тәрізді. Қыстай қар астында жатқан өліктер... Өліктер! Бірін көргенде жүрегі дір еткен, онын көргенде жүрегі лоблыды, жүзін көргенде өлердей алқынды, мыңын көргенде мәңгіріп қалған, он мыңдап көргенде ойсырап барып оңалып кетті! Осылай болуға тиісті ме, қалай... бұған таң қалудың қажеті жоқ па, қалай... өмірдің заңы осылай ма, қалай... алба-жұлба киімдердің жұрнақтары, ағарып кеткен арық сирақтар, көкке қарай созыла беріп түсіп түйіліп қалған жұдырықтар, көкке қарай созыла беріп түсіп ашылып қалған алақандар, ана төсін аймалап жатып көз жұмған сәбилер, ата-анаға өкпелеп, жарық дүниеден көңілі қалып, етбеттеп жатып, етбеттеп жатып жер құшқан нәрестелер! Құшақтасып жатып жан тапсырған ғашықтар...».

Бұл шығармада автор көп жайды астарлап та береді. Оны сөз-сөйлемге мұқият бақылап отырған адам ғана аңғарады. Жоғарыда орталықтың өкілінің алдына келіншекті қарулы екі жігіттің алып кіргені, «айт әпке» деп тұрған жігіт оның інісі екені, Қосанға сөздердің үйретіліп қойғаны... бәрі-бәрі бұл істің зорлықпен істеліп жатқанынан хабар береді. Сол секілді Абыз елге келгенде оны атшанамен Николай деген орыс алып жүреді. Осы орыспен арадағы сөз-сөйлем әрекеттері арқылы да автор қаншама жайды паш етіп тұр.

«ОГПУ қосып берген атшы Николайдың мінезіндегі оғаштықтарды өкіл Абыз алғашқы сәттен-ақ түсінген. Ысқырып «өлеңдетіп», қалаған кезінде, қалаған жерінде көлікті тоқтатып, мән-жайды бұған түсіндірмей жолдан алыс кетіп, әлдебір қаңырап тұрған бос тамдарды, әлдебір сай-саланы аралап кетеді. Кей-кейде бұған қарап:

- Ал, осы арада қуығыңды босатып ал, бастық! – деген «қамқорлығының» астарында: «Сен өлкеден келген дөкей болсаң да менен мықты емессің! Себебін ішің біледі ғой! Ішің білуге тиіс қой!» - деген ызғар жатады.

... Қанша кең болса да Абыз, тынысы тарылып, басы айналып, жүрегі лоблып, көзі қарауытып, қолқа қапқан күлімсі исі жүрек түбіне запыран жинап, құсып тастаудың, ақтарып тастаудың амалын іздеп келе жатты. «Мынау ит те мені өліктің ең бір қылаң тұсына әдейі кезіктіріпті-ау! Осы араға әдейі тоқтаған-ау!» - деп түйді Алматыдан келген келе жатқан дөкей. «Бұл өлкенің қожасы сендер ме, біздер ме, өзің түсін, түсініп ал!» - дегені анық!».

Сөйте тұра, мына Николайға ыза бола тұра Абыздың Мәскеу, Кремльге шаң жуытпайтынын да аңғартып өтеді автор. Сол арқылы орысқұлдық сананың бір көрінісін тағы да көрсетіп өтеді. Николай туралы жаман ойлағанына өзі шошынып қалғанын қайтерсің?!.

«Сұмдық ойдан Абыздың жүрегі шым етті. Тізесі дір етті. Буындары босап, жүрелей құлады. Бұл сүмелек сезім бұрын да көңіл қақпасына талай мәрте мысықтабандап, ұрлана бас сұқпақ болған. Қуып салатын. Мәскеу. Кремль ондай емес! Ондай болуы мүмкін емес!» - дейтін. Болашаққа деген үміт нәрестесін әлдилеп, жылы құндақтап, көңіл бесігін тербете бастайтын. Үміт».

Енді келдік. Енді келдік адамзат тарихында болмаған сұмдық оқиғаға. Шығармадан тағы да үзінді келтірейік.

«- Жолдас өкіл... Сіз шанада отыра тұрыңыз! Ешқайда ұзамаңыз! Мен – қазір... деді.

... – Осы ауылда... Шолақ-Су ауылында адам жейтіндердің бандасы бар. Соларды бір шолып өт деп еді бастығым... – Қаруыңызды оңтайлап қолыңызға алыңыз. Сізге қарай жүгірсе ойланбаңыз – атып тастаңыз! Бір қолыңызға божыны ұстаңыз. Мылтық атылса – Теңбілкөк ала қашпасын!

ОГПУ қызметкерінің «ауыл» деп ауыз толтырып айтқаны – жолдың екі жақ шетіне шашырай түскен бес-алты тоқал там екен. Есік-терезелері жоқ, сукөзденіп, үңірейіп тұр. Арғы шеткі бір үйдің ғана сыртқы есігі мен екі терезесіне киіз ұсталған. Мылтығын көлденең кезенген Николай асықпай-саспай барды да киіз «әйнектерді» жұлып лақтырды, іш жаққа бірдеңе деп айқай салды. Үйден өңкиген үш қазақ шықты. Киімдері күтімді. Қызылжағалы олармен ұзақ сөйлесті. Содан кейін киіз «есікті» жұлқа тартып ішке кірді.

... Жас Бәлшебек толғанып отырып байқамапты: сыртқа шыққан Николай қол бұлғап бұны шақырып тұр екен. «Мына найсап менің кім екенімді ұмытып кеткен-ау! Осыдан Қостанайға қайтып келейік, қызметінен қудырмасам да шенін төмендетпесем!». Бұл Абыздың ойы, аяр ойы. Дәл осындай тұста, осындай өліктердің арасында ойлап отырған ойы.

«Кіжінуін кіжінді, бірақ, әлдебір бұйрыққа бас игендей, шанадан түсіп, аяқтарын жазып, біраз тұрды да бұл да барды «сол жаққа».

Келіңіз, төрлетіңіз, жолдас өкіл! – деді Николай енді таза қазақша, сәл иіліп, төрге төселген құрақ көрпешені иегімен нұсқап. Үнінде жағымпаздық аңғарылады. Мына үш қазақтың алдында жота мүләйімсіп тұрған «орыстың ойыны» екенін жас Бәлшебек бірден түсінді. Түсінді де бірден сыздана қалды...

Тізе бүк, хайуандар! Кімнің алдында тұрғандарыңды сезесіңдер ме?..

... Пеш түбінде тұрған үшеу тізе бүкті. Қимылдары қолайсыз. Николай бұны жер-көкке сыйғызбай дәріптеп тұр. «Қазақстандағы ең мықты бастық Голощекин жолдас екенін білесіңдер ғой? Білесіңдер, бұл кісі сол кісінің оң қолы! Көздеріңді ашып қараңдар!»

Пеш түбінде тұрған тұрған үшеудің көздері бітиіп кеткен. Беттері быттиып кеткен. Желкелерін май басқан. Езіліп, бір кезде ақ болған қара көйлектер шылқып тұр...

...Көрпелердің ар жағына арқан керіліпті. Арқанда қақталған ет. Жіліктер. Жамбастар. Сүбелер. Көп ет. Жас бәлшебек жүрегі лоблып, құсып жіберді». Бұл адамдардың еті еді. Енді қараңыз, бір кездері «өзі әнші, өзі шешен көрікті жігіт» атанған, Қосанды таниды. Көзі біттиіп, өңі быттиып, екі беті шылқыған майға айналған Қосанды таниды. «Жас Бәлшебек таныды. «Мынау сол ғой. Соның өзі ғой, өзі тапсырма беріп жаздырған поэманың кейіпкері. Әнші. Күйші. Сері. Бай тоқалын бұның өзі тартып әперген, некесін Кеңес заңымен бұның өзі тіркеткен. Қосан. Қосан сері. Бұның өзі поэма жаздырған. Бұның өзі газетке бастырған. Бұның өзі кітап қып шығартқан. «Қосан мен Гүлғайша» поэма. Жыр»...

Міне, әлгі Қосаны. «Ғашығына» қосып кеткеннен кейінгі кездесіп тұрған жері. Қосанның адам жегені сұмдық. Алайда одан өткен сұмдық бар. Одан өткен. Енді одан ары сұмдық өтпейді.

«- Айт! Қайталап айт! –деді мылтықты адам. – шығар қойныңдағыны! Көрсет! – деді мылтықты адам.

- Шеш, көрсет! – деп ақырды Николай».

Абыз ағаның бұл сәттегі жайын: «Өте баяу, өте самарқау қимылдап, жыр кейіпкері жарғақ тонның түймесін ағытты. Ақ жібек орамалға ораған әлденені бұған көрсетті.

...Быттиған май бет өте жай қимылдап ақ жібек орамалды ағытты. Орамал ішінде екі төс, бір құйрық бар екен. Қозықұйрық. Екі емшек. Екі мама. Ұшы қарайып кеткен.

Май басып біттиіп қалған екі тесіктен реңсіз су тамшылары сорғалады. «Жылағаны шығар» - деп қорытты Жас Бәлшебек.

Меңіреу дүние, тас керең дүние зың етті де ашылып кетті.

- Гүлғайша... -деді ісік бет. - Гүлғайша ғой!

- ... ғой! - деді су сорғалаған екі тесік.

- ғой! -деген еді Қосан...

- Гүлғайшаның екі төсі мен қозықұйрығы...».

Ал, бұдан сұмдық өте ме? Адамзат тарихындағы аянышты эпизод! Адамзат тарихында осындай қасірет болған ба? Білмейміз... Бірдеңе айта да алмаймыз. Сондықтан ары қарай да автор сөйлесін, шығарма сөйлесін.

«Содан кейін арбасу басталды. Шананың қасына айдап әкелген үшеудің екеуін мылтықты адам қақпайлап әрірек апарды да, әй жоқ, шәй жоқ екі атып, жар басында отырған қарғадай жалп-жалп құлатты. Екі құлағын қайшылап, тықыршып тұрған Теңбілкөк былқ етпеді. Бар ғалам селт етпеді. Ештеңе болмаған тәрізді... – «Мынау бізге айғақ үшін қажет!»

Мынау дегені – Қосан. Түсінікті.

Ештеңе болмағандай, ештеңе байқалмағандай шананың арт жағында жантайып жатқан жас Бәлшебек бәленің төркінін бұлжытпай таныды: бұл халық осындай жабайы, бірін бірі жеп жатыр деген өсек таратуға бұл, бір, ұтымды жағдай. «Оларды ондай халге жеткізген кім? Қай үкімет? Неғылған құдірет? – деген сауал ешкімнің көкейіне келмейді, әрине. Келсе де отыз тістің ар жағында қалады, әрине. Жоқ. Ол – олай бола қоймас!»

Табиғатында тәрбиелі, биязы жан іштей булықты. Ширықты. Қаны қайнады. Атшыны иығынан түртіп өзіне қаратты.

- Тоқташы! – деді. Жерге түсті. Шөп үстіне төңкеріліп жатқан Қосанға:

- Дәрет сындырып ал! – деді.

Қосан да қиналып, айтуға батпай келе жатса керек, құнжыңдай қимылдап жолдан шыға берді.

Жолдан шыға бергені сол еді, жанына жетіп келген Жас Бәлшебек, үн-түнсіз қалпы, жарғақ тонның жауырын астынан тапанша ұңғысын тақап тұрып басып қалды. Бұл да манағы екі серігі құсап жалп етіп құлай берді. Теңбілкөк талай-талай атысты бастан кешірген әккі ме, қалай, бұл жолы да былқ етпеді.

... Аудан орталығына келген соң да, облыс орталығына қайтқан соң да  Николай кісі жейтін ганнибалдар туралы ешкімге тіс жарған жоқ. Батпақ-Қараға жете бере мұрттай ұшқан Жас Бәлшебек төсек тартты да жатып қалды».

Шағын ғана әңгімеге жазылған бұл зерделеуімізді (әлі аша түсер жайттер көп болса да) түйіндеуге жақынбыз. Абыз ағаның өз аузынан айтқан осынау әңгімелерін тыңдап, тыңдап қана емес көңіл экранынан өткізіп отырған Омарға да арнайы тоқталмадық. Өйткені, әу бастағы мақсатымыз шығарманы толық талдау емес, қазақтың естен кетпес қасіретті тарихына үңілу еді. Енді Абыз ағаның автор баян еткен, Омардың көз алдында қалған бір-екі іс-әрекеті мен сөздеріне тоқталсақ. Өмірінің соңғы сәттерінен берілген аңдатпаның да айтары бар шығар бәлкім, бәлкім...

«- Махаббат туралы поэманың концовкасы осылай аяқталған, - деді Абыз аға. Деген еді. Алтындатқан азу тістерін ерекше сәнімен аша түскен. Үнінде кекесін болды. Өзін мазақтады ма, қазақты тұқыртты ма, адамзатты мұқатты ма? Омар түсіне алмады».

«Тағы бір жұлдыз таққың келе ме, Омар?!» Абыз аға тағы әдемі жымиды».

«...Абыз ағаның бұдан бір жыл бұрын дүние салғаны есіне түсті. Сол кісінің сол жолы: «Қазақ даласында жиналмай шашылып жатқан үш миллион өлікті ешкім керек қылмағанда Николай екеуіміздің еншімізге тиген үш шыбынды кім іздесін!» -деп  мысқылдай күлгені есіне түсті.

Тағы осы өлер шағындағы жайын айта келіп: «Соңғы жылдары ерекше киініп жүретін мода тапқан еркек шаш қатыны да, мен еркін адаммын деп үйге қонбауды шығарған жалғыз қызы да көңіл жайлауынан көрініс тапқан жоқ»– дейді Омар, – дейді автор.

Өлік сасыған далада келе жатқанда әлде елес, әлде шын мұның алқымынан сығып еді ғой әлде бір қолдар. «... жылы тонның ашық жағасын аша түсіп, алқымына жармасқан екі қолды анық көрді. Сабыр сақтап, енді, анық аңғарды. Саусақтары салалы екі қол. Өліктің қолы. Жүрелеп қайта отырып жатып діттеп қарады: сақал-шашы қауғадай болып өсіп кеткен аққұба кісі. Аққұба өлік. Ағза».

« - Таныдым. Жағамнан алған өлікті таныдым! Жайық-Қапал Күреңби деген атақты бай еді. Мешіт салдырған, Медресе салдырған. Тоған қаздырып, еліне егін егуді үйретіп жүрген көзі ашық, шешен кісі еді. ...Ол да еркектің көріктісі еді жарықтық! Ұялы көздері нұр шашып тұратын, екі иығына екі жігіт мінгендей, екі беті нарттай...Үлбіреген үрдің қызы Гүлғайша Күреңбидің тоқалы еді...».

Біз де қайталайық, Мешіт салдырған, Медресе салдырған, Тоған қаздырып, еліне егін егуді үйретіп жүрген, еліне пайдасы болмаса зияны тимеген, еңгезердей еркектің көріктісі болған Күреңби! Сенің кінәң адал некелесең де тоқал алғаның болды. Ол жарыңды «ескіліктің қалдығы» деп жаттың қойнына зорлап салып берді. Текті туған қазақтың еріне бұдан асқан қорлық бар ма? Жоқ. «Қосан мен Гүлғайша» поэмасындай мың-миллион өтірік, мың-миллион жалған ұрандар итжеккенге айдалып ізіңді құм жасырған жалғыз сенің шырқыраған үніңді естіртер ме? Жоқ! Сенің ойыңды, мұрат-мақсатыңды, қайғы-қасірет, ауыр азабыңды, тіпті сенің еңбегіңді (ол кездегіні былай қоялық) осы күнгі дүйім қазақ ескеріп, еледі ме? Жоқ әлі. Сенің тоқал алғаныңның соншама ауыр жазаға тартардай қылмыс емес екенін түсініп жетті ме? Жоқ әлі. Мүмкін Гүлғайшадан ұрпақ қалып, одан тараған үрім-бұтақ осы күні арамызда жүрген болса, ол да мүмкін Абыз ағаны қоштар. «Оқыған, Орынборда оқыған сауатты адам қалай екі әйел алады?» деп өзіңе қайта төнер ме Күреңби ғарып?! Мүмкін!..

Өйткені, «Қосан мен Гүлғайша» поэмасы сынды мың-миллион өтірік, мың-миллион жалғандық бізді Сенің бекзат болмысыңнан әлдеқайда алыстатып жіберген! Күреңби – асылым!

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

«Болмыс» кітабынан