Қазақ руханиятының ардагер абыздарының бірі Ғабит Мүсірепов: “Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі” деген екен. Осы мәңгілігіміздің мәңгілік мәселесі күн тәртібінен әлі де түспегендігін кеше Алматыдағы Ұлттық кітапханада Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің басшылығымен өткен жұмыс тобының алғашқы отырысы көрсетіп берді.
Мемлекеттік тілдің қоғамдық және мәдени өмірдің сан-саласындағы түйткілдері, қазақ тілінің қазіргі жай-күйі соңғы уақытта зиялы қауымды шынында да көбірек толғандыра бастағандай. Осыған орай Елбасының арнайы тапсырмасына сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігі тіл саясатының алдағы кезеңдегі стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін айқындап, оның негізгі басымдықтары мен нақты іскери тетіктерін белгілейтін жаңа Мемлекеттік бағдарлама әзірлеуге кіріскендігі көпшілікті бір серпілтіп тастайтындай жағымды жаңалық екендігіне сөз жоқ. Алдын ала айта кетсек, отырыстың басында-ақ министр М.Құл-Мұхаммед жетекшілік ететін осы арнайы жұмыс тобына ғылыми және шығармашылық, әртүрлі әлеуметтік-саяси топтар мен мемлекеттік емес ұйымдардың, саяси партиялардың өкілдері тартылғандығы белгілі болды. Сондай-ақ бұл құрамға елімізге танымал ғалым-лингвистер, заңгерлер, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, барлығы елуден астам азаматтар енгізілген екен. Отырыс барысында жұмыс тобы толықтырыла түсті. Топ жетекшісінің орынбасарлығына “Мемлекеттік тіл” республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов лайықты деп табылды. Төрағаның тағы бір орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева.
Әрине, мұндай сайдың тасындай іріктелген ауқымды жұмыс тобы бұрын-соңды құрылмағандығын білеміз. Мұның өзі қоғамдағы тіл саясатына деген қазіргі терең алаңдаушылықты ескере отырып, елдік мұраттар мүддесіне негізделетін маңызды стратегиялық құжатты барынша ашық, әралуан пікірлер мен ұсыныстарды жан-жақты ескеруге билік тарапынан шынайы да ынталы ықылас танытылуының бір белгісі десек, қателеспеспіз. Министр де ешкімнің пікіріне тұсау салмады. Сөйтіп, жұмыс тобының отырысы әралуан пікірлердің шын мәнісіндегі тоғысына айналды. “Ашынғаннан шығады ащы дауысым” дегендей, тіл төңірегіндегі жанайқайлардың түп төркінінде ұлт тағдырына деген жанашырлық жатқандығы да анық. Артық-кем айтылған сөздердің бәрі де дұрыс ұғылып, дұрыс қабылданды. Ең тамашасы, соның бәрінен ортақ істің кәдесіне жарарлық пайдалы ой-толғамдар ілкімділікпен ілініп алына білді.
М.Құл-Мұхаммед жұмыс тобының алғашқы жүздесуінде жиылған қауымды игі істің басталуымен құттықтай отырып, осы барыс жылында ана тілімізге кең өріс ашылсын деген ақ тілегін айтты. Сонымен бірге баршасына тіл саясатын жүзеге асырудың жаңа кезеңіне арналған Бағдарламаны әзірлеуге белсене қатысуға шынайы ниет танытып, министрлікте құрылған арнайы жұмыс тобының құрамына енуге келісім бергендері үшін алғыс сезімін білдіріп өтті. Министр айтса айтқандай, арнайы топқа енгендердің қай-қайсысы да ел мүддесін бәрінен биік қойып жүрген елжанды азаматтар екендігі бұрыннан белгілі еді. Ал ана тіліміздің мәртебесін арттыру – ең бір шоқтығы биік мұрат. Осыған орайлас: “Мен де өз орталарыңыздан шыққан, барлық шығармашылық, қоғамдық-мемлекеттік қызметім көз алдарыңызда өтіп келе жатқан қазақ азаматтарының бірімін. Тәуелсіздік рухына, елдік мұраттарымызға адалдығыма ешқайсыңыз да күмән келтіре қоймассыздар деп ойлаймын” деген Мұхаңның сөзіне жиылған жұрт қолдау білдірмей тұра алмады.
Сонымен, отырыстың негізгі мақсатына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленуге тиіс Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік Бағдарламасы жөнінде кең тұрғыда ашық пікір алмасуға арна тартылып, жол ашылды.
Қазіргі уақыттағы басты ұстанымдардың бірі – еліміздегі реформалардың барлығы бір ғана басты құжат – Қазақстанның 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының негізінде жүзеге асырылмақ. Алайда, тіл саясатының ерекше маңыздылығын ескере отырып, Елбасы мен Үкіметтің осы салада арнайы мемлекеттік Бағдарлама әзірлеу жөнінде шешім қабылдауы ұлт мүддесіне әбден орайласып тұрған жоқ па.
Министр жаңа Бағдарламаны әзірлеу қарсаңындағы жұмыстарға кеңінен тоқталды. Бұл кезде қоғамдық пікірге барынша көңіл бөлу жұмыс тобы қызметінің басты қағидасы болмақ. Осы ретте Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша өткен жылы мақсатты түрде жүргізілген үш бірдей ғылыми-әлеуметтік зерттеу қорытындылары да тиімді пайдаланылатын болады. Ол зерттеулер еліміздегі жалпы тілдік ахуалды, оның ішінде мемлекеттік тілдің ресми мекемелердегі және қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларындағы қолданыс аясын, түйткілдері мен келешегін, көрнекі ақпарат және ономастика жайын, шет елдегі қандастарымыздың ана тілін сақтау мәселелерін талдауға арналған болатын.
Кейбіреулер ойлайтындай, билік те қазақ тіліне қамқор болмай отырған жоқ. Қазіргі уақытта орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың іс-қағаздарында мемлекеттік тілдің үлесі 70 пайызға тақап отыр. Осыған байланысты министрлік тарапынан ай сайын мониторинг ұйымдастырылуда. Республика аймақтарында жүзден астам мемлекеттік тілді оқыту орталықтары ашылып, алдағы жылға дейін олардың саны 120-ға жеткізілмек. Өткен жылы ғана әртүрлі салалардың ерекшеліктері ескеріліп, 260 мың таралыммен екі-үш тілді сегіз түрлі сөздіктер шығарылды. Бұлар медицина, спорт, техника, құқық, ономастика, экономика және басқа салаларды қамтыған.
Интернет желісінде 2008 жылдан бері мемлекеттік тіл порталы іске қосылып, көптеген тұтынушы азаматтар ондағы материалдарды пайдалануда. Бүгінде олардың ұзын саны 200 мыңнан асқан. Сондай-ақ әлемдік тәжірибелерді пайдалана отырып, халықаралық стандарттарға сай 19 атаулы өнімдерден тұратын “Мемлекеттік қызметшінің тілдік портфелі” атты оқу-әдістемелік кешені әзірленіп шығарылды. Он сала бойынша жалпы таралымы 40 мың данамен жарық көрген қазақша-орысша тілдескіштер де игілікті мұратқа қызмет етуде.
Қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға да министрлік тарапынан жан-жақты көңіл бөлініп отырған көрінеді. Былтыр мемлекет тарапынан 47 қазақ тілді республикалық газет-журнал қаржыландырылып тұрған. Олардың апталық жалпы таралымы 1 миллион 200 мың данаға жеткен. Ал бөлінген қаражаттың мөлшері 850 миллион теңгені құрады. Тек тәуелсіз республикалық және өңірлік телерадио арналарға 315 миллион теңге бөлініп, олар үш мың сағаттық бағдарламалар жасап таратты. Сонымен бірге мемлекет қаражатымен жарық көретін 500-ге жуық атаулы әдебиеттің жалпы таралымы 1 миллион 200 мың болып, оған 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған екен. Биыл бұл көрсеткіштердің едәуір арта түсетінін ескерсек, бұл да ұлт мәдениетіне, қазақ тіліне жасалып отырған қамқорлықты білдіретіні анық.
Елбасымыз айтқандай, Тіл Заңының талаптарын орындау керек, деді одан әрі М.Құл-Мұхаммед. Еліміздегі қазақтың үлесі 65 пайызға жеткен қазіргі кезде бұған толық мүмкіндік те бар. Оның үстіне, Нұрсұлтан Әбішұлының сөзінде дәйектелгендей, Қазақстан тұрғындарының 65 пайызы қазақ тілін білемін деп мәлімдеген. Тәуелсіздік алғанға дейін бүкіл елдегі мектеп оқушыларының 22 пайызы ғана қазақ тілінде оқитын. Бұл көрсеткіш қазір 67 пайызды құрайды. Қазақ балаларының 84 пайызы қазақ мектебіне баруда. Елдегі 7500 мектептің 4 мыңы қазақ тілінде білім береді. Сонау бір кеңестік тауқыметті тоқырау жылдарында 600 мектептің жабылуы ұлт руханияты үшін ұлы қасіреттердің бірі болды десек, кейінгі 16 жылда 880 қазақ мектебі ашылды. Мұның жалғасын таба түсер жақсылық екендігін мойындамасқа және болмайды. Ұлты басқа 25 мың бала қазақ мектептерінде оқып жатыр. Өрісің кеңейді деген осы емес пе. Қазақ тілін үйрететін жүзден астам орталық жұмыс істейді.
“Осыдан отыз-қырық жыл бұрын дәл осындай жағдайды көзге елестету мүмкін бе еді?” деген министр қисынымен келіспеу де қиын-ау. Иә, ол жылдарда бүкіл елдің зиялылары қыр соңынан қалмай жүріп бес-алты жылда бір мектеп аштыратын. Ол ашылған күнде сонда оқитын оқушы табылмай жанды қинайтын. Қазақ басылымдарын ашу да қияметтің қияметі еді. “Вечерняя Алма-Атаның” қазақ тіліндегі нұсқасы “Алматы ақшамы” газетін ашу мәселесі жылдар бойы талқыланып, соған тіпті сол кезде Қонаевтың да шамасы келмей, Мәскеу арқылы шешілгені көптің есінде. Қазақ басылымының тағдырын Мәскеу шешкен соң, мұны ұлт трагедиясы демеске лаж жоқ.
Тәуелсіздік тұсындағы жағдай мүлдем басқа. Қазақ тілді басылымдардың таралымы жыл сайын артып келеді. М.Құл-Мұхаммед мырза былтыр 153 мың данамен тараған “Егемен Қазақстанның” биылғы таралымы 160412 данаға жеткенін айрықша атап көрсетті. Басқа басылымдардың да таралымы арта түскен. Мысалы, “Ана тілі” 26 мыңға, “Қазақ әдебиеті” 12 мыңға жетіпті. Мәселе қазақ тілді басылым басшыларының іскерлігіне де байланысты. Айталық, “Жұлдыздар отбасы” деген журнал 53 мың данамен шығады.
Елбасымыз “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін”, “Қазақ өз баласын қазақ мектебіне берсін” деп қайталап айтудан ешбір жалыққан емес. Олай болса, қазақ тілінің де тағдырын қазақтар өзара бірлесіп, айқаймен емес, ақылмен, митингімен емес, мәмілемен шешуіміз керек дей келе, министр мырза жиналғандардың ой-пікірлері мен тұжырымдарын, ұсыныстарын ашық түрде ортаға салуға шақырды. Шын мәнінде, ел Президенті сөз болып отырған Бағдарламаны әзірлеу жөнінде арнайы тапсырма беріп отырған кезде сөзбұйдадан нақты іске кірісетін уақыт жетті. Бір сөзбен түйіп айтқанда, Бағдарламаның түпкі мақсаты – мемлекеттік тілдің әлемнің экономикалық, мәдени, білім, саяси кеңістігінен орын алуы және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру негізінде қоғамдық өмірдің барлық салаларында толыққанды қазақ тілі функцияларын жетілдіруге жағдай жасау болып табылады. Министр Мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік Бағдарламасының мақсаттары мен міндеттерін кеңінен түсіндіріп өтті. Осы орайда тіл саясаты аса нәзік мәселе болғандықтан, бұл жұмыста асыра сілтеушілікке, саясатпен әуестенушілікке де жол беруге болмайтындығы баса ескертілді. Қалай болғанда да, мемлекеттік Бағдарламада негізгі басымдық мемлекеттік тілге берілгендігіне қарамастан, біздің шынайы демократиялық қоғам құрып отырғанымызды еске салу өте орынды естілді.
Бұдан кейін сөз кезегін алған республикалық “Мемлекеттік тіл” қоғамдық қозғалысының төрағасы, Қазақстанның халық жазушысы, жұмыс тобы төрағасының орынбасары Мұхтар Шаханов әуелі өзінің тіл төңірегінде капитал жинап жүрмегендігін, туған тілмен өз тағдырын 1989 жылғы кеңестік тоталитаризмнің қылышынан қан тамып тұрған кезде жалғағандығын тілге тиек етті. “Бұл күреске көлденеңнен қосылған көк атты емеспін, сондықтан тіл үшін күресуге қақым бар” деп атап көрсетті. Одан әрі мемлекеттік мәртебе алғанына он тоғыз жылға аяқ басқан қазақ тілінің қазіргі жағдайына көңілі толмайтындығын, қазақ рухы, ұлт руханияты мен ұлттық мәдениеттің өрлей көтерілуіне кедергілердің көп болып жатқандығына мысалдар келтірді. Үкімет орындарында, министрліктер мен түрлі деңгейдегі әкімдіктерде мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру көбіне-көп көзбояушылықпен алмастырылатынына келіспейтіндігін білдірді. Рас, тәуелсіздік жылдарында атқарылған тәуір істер де бар. Бірақ өсу, өрлеу өмір заңы емес пе. Қазақ мектептері қазіргіден де көп болуы керек. Кезінде талан-таражға салынып, жекешелендірілген мәдениет ошақтары мен бала-бақшалар түп иесіне қайтарылып, таза ұлттық мүддеге қызмет етуге тиіс дей келе, атақты ақын ағамыз “Ел бірлігі” доктринасының қағидаттарымен де келіспейтіндігін осы арада тағы бір айтып өтті. Туған тіліміз төңірегінде қордаланған келеңсіздіктер көп. Осы күнге дейін мемлекеттік тіл туралы заң қабылданбай келеді. Бастап қолға алынады да, неге екені белгісіз, тоқтап қалады. Билік басындағылар қазақ тілін менсінбейді, балаларын қазақша мектепке бермейді. Басында Премьер-министр Кәрім Мәсімов қазақша сөйлеп жүр еді, қазір қойып кетті. Қазақ тілі мемлекеттік тіліміз бола тұра, шетелге барғанда неге орысша сөйлейтінімізді мүлдем түсінбеймін.
Ұлттық рухты көтеруіміз керек, мен өзім бұл жолға бас тіккен адаммын деп шамырқану Шахановтай саңлаққа жарасып та тұрғандай. Осы жайларды айта келе Шаханов мемлекеттік тілді меңгеру еліміздің әрбір азаматының міндеті болып табылсын, қазақ елінің азаматтығын алуда сол адамның мемлекеттік тілді меңгеруі талап етілсін, қазақ жерінде жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялардың мемлекеттік тілді меңгерген өз аудармашылары болып, олар үкімет орындарымен, жергілікті кәсіпорындармен және басқа да ұйымдармен мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасасын, 2010 жыл ішінде “Мемлекеттік тіл туралы” жаңа Заң қабылданып, онда қазақ тілінің мемлекеттік органдардың іс-қағаздарын жүргізу тіліне айналуы, оның сот, бизнес, банк, кеден мен салық, білім беру, ғылым, мәдениет, тағы басқа салаларда міндетті қолданыс табуының тетіктері белгіленсін деген тұрғыдағы ұсыныстарын айтып, соның жазбаша нұсқасын министрдің қолына ұстатты. Сондай-ақ 2010 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстан телеарнасы негізінде 100 пайыз мемлекеттік тілде хабар тарататын қоғамдық арна жасау және тәулік бойы мемлекеттік тілде хабар тарататын жаңа үш телеарна мен үш радиоарна ашу қажеттігін ескертті. “Электронды үкімет” жүйесінің түп нұсқасы алдымен қазақ тілінде жасалып, қажет болған жағдайда басқа тілдерге аударылуы керектігіне тоқталды. Қазақ тілді интернеттің дамуына мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі де М.Шаханов назарынан тыс қалмады.
Республикалық “Мемлекеттік тіл” қоғамдық қозғалысы төрағасының орынбасары, белгілі жазушы Смағұл Елубай қазақ тілінің қазіргі мүшкіл халі қандай қасіреттерден бастау алғандығын ізерледі. Оның ойынша, бұған бірден бір кінәлі өткен тарихымызда орын алған қызыл геноцид, ғаламат ашаршылық, демографиялық апаттар екен. Өкінішке орай, осы ұлттық қасіреттердің не лайықты бағасын бере алмай, не 4 миллион боздақтан айырылған қазақтың шерлі рухына арналған ескерткіш кешенін орната алмай келеміз. Тіл жолындағы күресті осы аруақтар алдындағы перзенттік парызды өтеуден бастауымыз керек емес пе деген ой түйді қайраткер жазушы. Одан әрі Тілді дамыту жөніндегі бірінші Бағдарлама жеріне жеткізілмеді, ендеше, мына екінші Бағдарламаның орындалуы үлкен күдік тудыратын сияқты. Сондықтан бұл Бағдарлама нақты жасалуын қалар едік. Берген уәде орындалса дейміз. Биліктің абыройы бізге де керек. Бұл Бағдарламаны орындайтын тетіктерді іске қоспайтын болсақ, бәріміздің өтірікші болып қала бергеніміз кімге дәрі. Сондай-ақ шешен, орыс мектептерінде оқитындардың 70 пайызы қазақ балалары екендігін өкінішпен айта келе, тілдің тамыры балабақша мен мектепте, сол тамырды көктетейік деген ой айтты.
Академик Сұлтан Сартаев тілдер туралы қабылданған алғашқы заң жобасының авторларының бірі болғандықтан, тарихқа біраз шегініс жасады. 1989 жылы қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілген кезде Нұрсұлтан Назарбаев танытқан қайраткерлікке бір сәт тоқталып өтті. Бірақ, деді академик, содан бері 20 жыл өтсе де, қазақ тілі шын мәніндегі мемлекеттік тіл болып қалыптаспауы бәрімізді қынжылдырады. Осы ретте кінә қазақтардың өзінде де жоқ емес. Барлық жерде қазақша сөйлеуге ұмтылмаймыз. Демографиялық табиғи өсуіміз төмен. Қазақтың санын қазір оралмандар ғана көбейтіп отыр. Қазақ тілі қағаз жүзінде емес, іс жүзінде мемлекеттік тіл болуы үшін барлық мемлекет қайраткерлері ресми жағдайда мемлекеттік тілде сөйлеуі керек. Егер Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілінде сөйлемесе, ол ешқашан мемлекеттік мәртебе ала алмайды деп түйіндеді С.Сартаев.
Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры Амангелді Айталы Украина мен Молдовада, Балтық елдері мен федерация саналатын Ресейдің өзінде мемлекет құраушы ұлтқа ешқашан балама болмауы керек деген тұғыр ұстанатынын, негізгі ұлттың тілі мен мәдениетіне, діні мен діліне басымдық берілетінін мысал етіп келтірді. Бағдарламаның он жыл мерзімге созылуы бізді салғырттыққа бейімдеп жүрмесін деген қаупін білдірді. Бізді Ресей ақпараты жаулап алған жағдайда, санамыз отарланудан, рухани бодандықтан құтылмайынша алдағы он жылда мемлекеттік тілге сұраныс туғыза алмауымыз кәдік, дей келе, А.Айталы жаңа Бағдарламаның бес жыл мерзімге қабылданып, ондағы міндеттер барынша нақтыланып, жылма-жыл жүзеге асырылып отырылуын құптады.
“Бағдарламаны айқын етейік, қай облыс, қай аудан, қай министрлік мемлекеттік тілге қашан көшетінін, әр жылды нұсқап көрсетейік. Онсыз болмайды. Мемлекеттік тіл жөнінде заң қабылдаймыз, қазақ тілінде жеке телеарна ашамыз, тіл комитетін бөлек отау етіп шығарамыз деп Мәсімов бізге уәде де беріп еді. Бірақ ол уәде орындалмай келеді. Айта берсе, жан ауыратын жағдайлар жетерлік. Бірақ эмоцияға беріліп кете бермейік, ағайын. Қалай десең де, қазағың ел болып отыр ғой. Тәуелсіз ел. Анау жоқ, мынау жоқ деп көзсіз соқыр сезіммен төпелей бермейік. Ел басқарып отырған азаматтардың да ұлтына жаны ашымайды деп айта алмаймыз. Береке-бірлікті бұзбайық. Бұрынғы кездегімен салыстырғанда жағдайымыз құдайға шүкір. Тіл мәселесі де рет-ретімен орнына келер” деген халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы көпшілікті бір сәт байыптылыққа шақырғаны да орынды болды.
Бұдан соң “Айқын” газетінің бас директор-бас редакторы Нұртөре Жүсіп қазақ аты-жөндерінің құжаттарда мемлекеттік тілде дұрыс толтырылуы керектігіне назар аударды. Саясаттанушы, “Ұлт тағдыры” қоғамдық қозғалысының төрағасы Дос Көшім Тіл заңын бұзғандығы үшін жауаптылық жоқтығын, мекемелерде аудармашы ұстаудың тоқтатылуы қажеттігін баса айтты. Өйткені, аударма іс жүзінде мемлекеттік тілдің дамуына бөгет болып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы Әзірбайжан мәдени орталығының төрайымы Асылы Осман біршама толғамды ойлар айтты: “Осы жаңа Бағдарламаны орындамасақ, елдің бізге деген сенімі азаяды. Мен үшін мемлекет іргесінің беріктігі қымбат, өзім бала жасымнан кие тұтқан қазақтың тілі қымбат. Қазақ тілін Қазақстанда ортақ тілге айналдырмайынша іс бітпейді. Осы тілдің байлығын баянды етейік. Қазақ тілінің тағдыры қолдарыңызда, обалы мойындарыңызда. Қазақ тіліне қолданыс керек. Қолданыс болмаса түк шықпайды” – деп тебіренді Асылы апай.
Саясаттанушы, А.Сәрсенбайұлы қорының жетекшісі Айдос Сарымның сөзі нақты ұсыныстарымен айшықталды. Қазақ тіліне қосылып жатқан неологизмдерді, жаңа сөздерді, осы замандық сөздік қорымызды зерттейтін Тіл орталығын ашу керек. Сонымен бірге терминология саласындағы іс жайын реттестіріп, жаңадан сөздіктер шығарудың толғағы жеткендігіне, латын әліпбиіне көшудің ұлт мүддесіне сай келетіндігіне кеңінен тоқталды. А.Сарым айтқан осы тұрғыдағы ұсыныстарға М.Құл-Мұхаммед қолдау білдіре келе, қазақ лексиконындағы әлемдік стандарттағы көптеген сөздердің орынды-орынсыз қазақшаланып кеткендігін, мұндай пайдасыз сөзжасампаздықтың пайдасынан зияны көптігін ескертті. Сөйтіп, бұл орайда бұрын шыққан 30 томдық қазақ терминология сөздігін содан бергі қосылған қаншама жаңа терминдермен байыта толықтырып қайта шығару жөнінде қолма-қол шешім қабылдап, тиісті адамдарға тапсырма берді.
Академик, сенатор Ғарифолла Есім қазақ тілінің жайы дәл қазіргі кезде Парламентте де мәз еместігін мәлім етті. Өйткені, заңның бәрі орыс тілінде жазылады. Ал мен айтамын: заң мемлекеттік тілде жазылуы керек. Одан соң ол мемлекеттік тілден керісінше, орысшаға аударылуы міндет. Өмір бойы орысша сөйлеп келген әріптестерімізді де қазақша сөйлете алмай пұшайманбыз. Бүгінгі кездесуде айтылған жайларды депутаттарға жеткіземін, осындай-осындай қоғамдық пікір бар екен деп құлақтарына құямын. Ал жаңа Бағдарлама батылырақ жазылғаны дұрыс. Өйткені, біз 67 пайызбыз. Біз жаңа сападағы өзгерген қазақпыз. Осы жайлар Бағдарламада ескерілсін. Одан соң, тәуелсіздіктен кейін өскен ұрпақ 19-ға келді. Осы жастарымыздың ынтасы қандай екен. Соны да зерттеп, Бағдарламада сол жайды да есте тұтайық. Өткен он жылда елге бір миллион ағайын оралды. Алдағы он жылда, амандық болса, тағы бір миллионы келеді. Осы жағдай қазақты күшейте түседі. Бұл да біз үшін оң фактор. Тағы бір айтайын дегенім, қазақ тіліне орыс басылымдарының ықыласы кемдеу. Ондай ықылассыздықты тоқтатқан жөн болар деп түйді ойын Ғ.Есім мырза.
Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі жазушы Алдан Смайылдың айтуынша, мұның алдындағы Бағдарлама жаман болмаған. Бірақ соның біраз тармақтары неге орындалмай қалғандығының басын ашу керек. Оның себебі, тілге қатысты заңдардың шалағайлығында. Ендеше, осы Бағдарлама қолданыстағы заңдарды түзеуге бағытталғаны абзал. Әлбетте, заңдық құқық болмаса, не істемексің? Бағдарламаны орындауға тиісті жерлердің лауазымдық, қоғамдық жауапкершілігін күшейту керек, дей келе, А.Смайыл мемлекеттік тілдің, ономастикалық ахуалдың заңдық тұрғыдан тиянақталып бекітіле түсуін одан әрі пысықтады. Мәжіліс депутаттары Розақұл Халмұрадов, Уәлихан Қалижан мектептерде қазақ тілін оқыту жайына тоқталып, Конституциямызға Қазақстан Республикасының азаматын мемлекеттік тілді білуге міндеттейтін бап керек деген пікір білдірді.
“Ізет” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ізетәлі Тілешовтің қазақ тілін компьютер бағдарламаларына енгізу жөніндегі он жылдан бергі игі істері мен осы орайдағы ойлары жиналған жұртты елең еткізді. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Шерубай Құрманбайұлы тіл дамытудағы үш КИТ: басқару, ғылым-білім және ақпарат салалары деп атап көрсетті. Қазақ тілінің лингвистикалық іргетасын балабақша мен мектепте қаламасақ, қалғанының бәрі бос сөз деген пікіріне де келіспеске болмады. Осы арада Министр мырза ой қосып, балабақша мен мектептерде, жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқыту жайының кейбір проблемаларына тоқталып өтті. Қазақ тілінен тест тапсыруды қайтадан орыс-қазақ сыныптарына бірдей міндеттесе, осы мәжбүрліктен жақсы нәтиже шығар еді деген пікірдің жаны бар сияқты көрінді бізге. Осы пікірді дамыта түскен Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков бірыңғай ұлттық тесті жетілдіру, қажеттілік арқылы қазақ тілін білуге сұраныс тудыру жөнінде ой өрбітті.
Жұмыс тобының отырысында айтылған әрқилы ойлар тоғысын, байыпты пікірлер мен ұсыныстарды М.Құл-Мұхаммед қорытындылады. Ол Мемлекеттік бағдарламаны екі кезеңмен он жылға арнап қабылдаудың дұрыстығына тиянақты дәлелдер келтірді. Қызды-қыздыға жол бермей-ақ қыруар істерді тындыруға болатындығына жұрттың көзін жеткізе сөйледі. Алдағы екі айда Бағдарлама жобасын әзір етіп, жұмыс тобының келесі отырысында қарау дұрыс деп табылды. Туған тілдің осынау толғауын тағы да Ғабит Мүсірепов сөзімен түйіндесек: “Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады”. Ал туған халқымыздың өгей ұлы атанғысы келетін, балаңызды туған халқыңыздың өгей баласы атандырғыңыз келетін қайсыңыз барсыз, қане, айтыңызшы?!
Қорғанбек АМАНЖОЛ.