Жиырмасыншы жылдары Түркістан Республикасының бірінші хатшысы болып сайлануының өзі көп жайтты аңғартқандай. Өйткені, ол жылдары Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаев секілді «сен тұр, мен атайын» дерлік ірі тұлғалар Ташкентте шоғырланғанын, Нәзір солардың қалауымен жас Түркістан Республикасының бірінші хатшысы болып сайланғанын ескерсек көп мәселеге көз жеткіземіз. Міне, осы бір күндерден басталған қайраткерлік жол жалындаған жастық ғұмырын қиып түскен сталиндік репрессияға дейін жалғасты. Ол бірде ағартушы, бірде баспагер, енді бірде елші болып бой тастайды. Соның қай-қайсысында да халық қамын жеген қайраткер дәрежесінен бірде-бір рет ауытқымай өтті.
Нәзір Төреқұлов үлкен қаламгер. Жастай жалындап өлең жазған ол аласапыран уақытта Торғайға барып «Қазақ мұңы» газетін шығарды. 1916–17 жылдары толқыған Торғай күрескерлер шоғырланған төңкерісшіл ойдың бесігі болғаны мәлім. Демек Торғайда демократияшыл ойға рухани тамызық берген, қоғамдық ойдың қозғаушысына айналған тұлға – Нәзір Төреқұлов Ташкентте «Темірқазық» журналын ұйымдастырып шығарып тұрды. Қаламы ұшталып, ойы толысқан ол қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде халықтың көкейкесті мәселелерін қозғап көптеген мақалалар жазып жариялады. Бұл орайда Нәзір Төреқұловты отты публицист ретінде танимыз.
Нәзір Төреқұлов «Біздің алдымызда қазір жаңа тарихымыз майданға қойған әрі шешілуі қажет мәселелердің бірі – тіл һәм әдебиет мәселелері екені шүбәсіз...
...Ұлт әдебиетімізді майданға шығармақ үшін, ең әуелі, өз тұрмысымызды білмегіміз, үйренбегіміз, ел аузындағы әдебиетімізді жиып, тәртіпке, белгілі сарынға салмағымыз, өз жұртымызды әр жақтан білмегіміз керек. Бізге ұят: халқымыздың бай әдебиетін, оның ертегілерін, мақалдарын, күйлерін, жырларын білуге, жинауға құштарлығымыз жоқ. Егер халық аузынан жазып бір жерге жинасақ, оларды тәртіпке салсақ, әдебиетіміз, ғылымымыз үшін бір пайда шығара алатын кісілер табылып қалар еді...» – деген болатын.
Түркістан түлегі – Нәзір Төреқұлов қазақ әдебиетінің Сәкен Сейфуллиндей, өзбек әдебиетінің Чулпондай, Абдолла Қадыридей айтулы тұлғаларымен аяусыз сынасқан, тәжіктің Садриддин Айнидей қаламгерінің кітабына алғысөз жазған, атақты түрколог Бартольдтың Түркістан туралы еңбектерін ғылыми саралаған сарабдал сыншы. Нәзір – білімдар әдебиет сыншысы болатын. Сыншы кісі кейде ұнай бермейді. Эстетика талабын айтқан Нәзір Сәкенмен, кейде Мағжанмен қиғаш келіп қалып жүрді. Кіммен қандай қатынаста жүрсе де, Нәзір жеке бас қамын ойламаған адам, халық қамын жеді, әдебиет, ағарту мәселесін сөйледі.
Нәзір Төреқұлов қазақ, өзбек, тәжік тілдерін «ана тілім» деп білген, татар, башқұрт, қырғыз, әзербайжан тілдерінде оқыған, ағылшын тілін білген, аз уақытта араб тілін игерген – полиглот азамат, игерген білімін іске жаратқан үлкен оқымысты ғалым.
1926 жылдың наурызында Бакуде өткен І Бүкілодақтық түркітанушылар съезінде түркі тілдес халықтар бірі екіншісімен тілдескенде өзара тез түсінісіп, бауырлас халықтар екендігін сезіне білулері үшін ортақ жазба қарпі қажеттігі туралы мәселе алғаш рет көтерілген болатын.
Бұл съездің жұмысына 131 түркітанушы ғалым, мұғалім, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, т.с.с. қатысқан болатын. Олардың арасында 5 қазақ – Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлов, Біләл Сүлеев, Елдес Омаров және Бай-Сейдули Азиз болды. Осы съезде түркі тілдес халықтардың жазбасын араб әліппесі негізінде жасақтауды жақтап сөйлеген кейбір ұлт өкілдерінің пікірлерін сынап, түркі тілдес халықтардың барлығының бір қаріпті – латын қарпін қабылдауын негіздеп сөйлегендердің бірі Нәзір Төреқұлов болды. Яғни, оның сөйлеген сөзі: «...Ең алдымен түркітанушылар съезінің бүкіл түркі дүниесі үшін ерекше прогресті революциялық факт болғанын қадап айтқым келеді, мұны мына мағынада түсіну керек: бұл съезде ескі араб жазуын қолдайтын бір де бір үн шықпады, демек ескі араб сауатының күні өткені, арамызда біржола кеткені деп түсіну керек.
... Бәсекеге түскені тек екі әліпби, бұл – реформаланған жаңа араб әліпбиі және латын әліпбиі... Ұлттық рухқа, барлық талапқа сай, «тарихи тамырлы» әліпби – Құран жазуы емес, латыншаға негізделген, жаңа жазуды ең заманауи, мәдени және техникалық негізде жасауға мүмкіндік беретін жаңа әліпбиі». Яғни ол, латын әліпбиін қолдады. Қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде оқулық жазды. Өмірінің соңында түркі тілдерін салыстыра морфологиялық зерттеу жүргізді. «Түркі халықтары кіндік баспасы» бас редакторы кезінде 12 тілде кітаптар ұйымдастырып, басып шығарып отырды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деп атап өтті. Елбасы осы айтқанын «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында одан әрі тиянақтап берді. Қазіргі таңда бұл мәселе қоғам тарапынан қызу қолдауға ие болуда. Осы мәселе бойынша ғалымдар, тілшілер, саясаткерлер, қарапайым халық ойларын ортаға салып жатыр.
Н.Төреқұлов тіл, өнер-білім жөніндегі өз толғауын келесі тұрғыда айтып өтті:
1. Тіл деген кабинетте жасалмайды. Қазақ секілді езілген ұлттың тілі үкімет кеңсесіне кіріп, күн сайын жұмсауда болса ғана белі, буыны қатаяды. Қазақ тілінің кеңсеге емін-еркін кіріп-шығуы одан арадағы «тілмаштарды» қуып шығарар еді.
2. Елдің елдігі, теңдігі өнер-білімге байлаулы. Сондықтан ел бастайтын сауатты оқығандарды көптеп шығару, дайындау керек.
3. Орталық үкіметтің жарлықтарын әрбір ұлттық топтардың тұрмыс ерекшеліктеріне лайықтауға әсер етеміз. Бұл ұлттық бөлімдерді (қазақ, өзбек, түркімен) ашу кезінде біз осындай мақсатты алға тартқан едік.
4. Алдымен айтып алайық, патша үкіметі Ресейде орыстан басқа ұлт бар деп білмейтін, білгісі де келмейтін еді. Патшаның мақсаты мынау: бұратаналардың біржолата тұқымын құрту, болмаса орыс қылып жіберу.
5. Бізге алдымен жаңа мектеп керек деген пікірді тарату жолында алысуға, әдебиеттің жоқтығы секілді бөгеттермен арпалысуға тура келіп отыр.
6. Көп шетел сөздері, терминдер қазақ тіліне қазақ тұмағын кимей кіріп барады. Басқаның сөзін бұзбай айтамын деп тіліңді бұрап жүргенде, өз тіліңнен айырылып қаларсың.
Нәзір Төреқұловтың Түркістандағы қызметі аса бір күрделі қиын кезеңге – жаңа қоғамның әлеуметтік мұраттары жүзеге асырылған ауқымды әлеуметтік сынақ уақытына тұстас келді. Л.Троцкийдің пікірінше, жұмыс барысында кедергі аздай жергілікті саяси топтарға «орталықтан жіберілген басшылар... дем беріп, желіктіріп, түптің түбінде өз үстемдігін нығайтты... орталықтың саясатына қатысты мәселелерден шебер бұрып әкетіп отырды...». Мұндай аласапыранда өз танымы мен берік тоқтамын жүзеге асыру Нәзірге оңайға түсе қоймады. Әйтсе де ол принциптеріне адалдық танытып, ешкімге бас ұрмады, ұлтын, жолдастарын жасытып, сатып кетпеді. Әділдік орнығар деген үмітпен ғұмыр кешіп, еңбек етті.
Сол қызыл империя саясатының бел ортасында жүріп мұсылмандықты сақтауды насихаттады, қорғады, қолдады. «Ислам және коммунизм» атты мақаласында ислам діні мешеу қараңғылықта қалдырады деген қағиданы өмірден тәжірибелер келтіре отырып теріске шығарады. Мұсылман халықтарының жағдайларын жақсарту мақсатында 1929 жылы бүкіл Түркістан Республикасының көлемінде демалыс күнін жұмаға ауыстыру, ораза, құрбан айт сынды мұсылман халықтарының мерекелерін демалыс деп жариялауы өзінің кеудесін оққа тіккенмен тең еді.
1928 жылы небәрі 36 жасында ол Хиджаздағы (Сауд Арабиясы) КСРО-ның өкілетті уәкілі болып тағайындалады. Ол кезде мұндай жауапты қызметке жас адамның тағайындалуы дипломатиялық тәжірибеде өте сирек кездесетін жайт. Араға екі жыл салып, Нәзір Төреқұлов КСРО-дағы тұңғыш қазақ елшісі атанды. Жаңадан іргесі қаланып, әлемді тек мұнайымен ғана емес, рухани байлығымен аузына қаратқан Сауд Арабиясына КСРО-ның елшісі болу әншейінгі кезекті қызмет емес еді. Бұл елге елші таңдаудың өзі үлкен саясаттың жемісі болатын. Тағайындау алдында мұсылмандығы, қабілеті, білім дәрежесі, қазақ халқының өкілі екендігі бәрі-бәрі ескерілген. Оның үстіне Түркістан Автономиясында оқып, білім алғаны, қызмет істегені еске алынды. Осылай ол алып империяның өкілі ретінде шет елде 8 жыл бойы қайраткерлік көрсетті.
Н.Төреқұловтың КСРО дипломатиясы мен саяси тарихындағы алар орны ерекше екендігіне ешкім шүбә келтірмес. Бірақ, осыншама еңбек атқаруына қарамастан, Алаштың абзал арыстары С.Қожанов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин сияқты Н.Төреқұлов та кеңес үкіметінің солақай саясатының құрбаны болды. Бір айырмашылығы, Н. Төреқұлов дербес мемлекет құруды армандаған алашордалықтардың құрамында болғаны үшін емес, мұсылман елдер өкілдерімен тығыз байланыста болғаны және мұсылмандық дінді сақтап қалуды үгіттегені үшін кеңестік жендеттердің қолдарынан мерт болды. Бірақ, кеш болса да 1958 жылы толығымен ақталды.
Жалпы, Н.Төреқұловтың Қазақстанның дипломатиялық және саяси өмірінде үлкен рөлі бар. Ол ақиқат нәрсе. Оның есімі Таяу Шығыс елдері дипломаттары, араб тарихшылары арасында кеңінен тараған.
Н.Төреқұловтың тұлғасы Абай мен Шоқанның ұлы мұрасының ықпалымен Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек және басқалармен рухани дидарласу арқылы қалыптасты.
Осынау жауапты орындарда өз халқының мүддесіне адал қызмет атқарып, оның бақытты болашағы үшін күресті, өз халқының тарихында айтулы соқпақ қалдырды. Бүгінгі және келер ұрпақ оның әруағы алдында басын иіп, мәңгі жадында ұстауға тиіс. Жаңа демократиялық мемлекеттің халқы өз елінің өткендегі және қазіргі тарихын жетік білгенде ғана алға басады.
Сонымен, халқына қалтқысыз қызмет етіп, соңына өшпейтін мол мұра қалдырған алаштың адал перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Н.Төреқұлов жұлдызы жыл өткен сайын нұрланып, жарқырай бермек. Оның өнегелі мұрасы тек қазақ дипломатиясына ғана емес, келешек сабырлы да салиқалы саясатымызға үлкен жол ашары анық. Ұлт рухын ұлықтаған халқымыздың осындай тұғыры биік асыл тұлға азаматын кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақтағаны абзал. Ер есімі ел есінде және болашақ ұрпақтың жадында нақышпен тасқа жазылғандай мәңгі қала бермек.
Әбдіжапар Сапарбаев, «Нәзір Төреқұлов» халықаралық қайырымдылық қорының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор