• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Маусым, 2017

Елбасы: Барлық қазақтардың тарихи отаны - Қазақстан

421 рет
көрсетілді

Астанада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы ашылды. Шараның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысуда.

Құрылтайдың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Елбасы Құрылтай әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың кездесуі мен диалог алаңына айналғанын атап өтті. 

"Мен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысушылардың барлығына "Қош келдіңіздер!" деймін. Бұл халықаралық шараға 350-ден астам делегат қатысуда. Олардың барлығы қазір қайда тұратынына қарамастан, олардың тарихи отаны - Қазақстан. Қайда жүрсе де қазақтың тарихи Отаны біреу ғана. Бүгінгі құрылтайға жас буын да келді. Бұл олардың өз тамырын ұмытпағанын көрсетеді. Ол үшін ата-аналарына алғыс білдіремін. Олар туған жермен байланысты нығайтып, дәстүрі мен тілді ұмытпау үшін қолдарынан келгенін істеуде", деді Президент.

Елбасы Құрылтайды "Болашақтың энергиясы" тақырыбымен өтіп жатқан Көрмемен тұспа-тұс келгенін атап өтті. 

«Біз әдейі осылай орайластырдық. Себебі бұл Қазақстанның мерейін асырып, күллі әлемнің назарын аударатын үлкен шара болып отыр. Біз бауырларымызды Атажұртының бүгінгі келбетін көріп, марқайсын, ой түйсін деп сіздерді ЭКСПО-ға орай шақырдық. Мынау бар болғаны он бес жылдың ішінде бой көтеріп, дүниені таңдандыратын елордамыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Құрылтай барысында Мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында айтылған идеялары талқыланады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Құрылтай аясында Ұлттық академиялық кітапханада белгілі дінтанушы-ғалымның 100 жылдығына арналған «Халифа Алтай және тарихтың оралуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Дін істері және азаматтық қоғам, Білім және ғылым, Ақпарат және коммуникациялар, Мәдениет және спорт, Денсаулық сақтау министрліктері Құрылтайдың шетелдік қонақтарымен «дөңгелек үстел» отырысын ұйымдастыруды жоспарлауда. Сонымен қатар Құрылтай делегаттары мен қонақтары «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен танысып, этноауылды аралайды және «Астана Опера» театрында ұлттық музыкамыздың алтын қорына енген Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсын тамашалайтын болады. Құрылтай жұмысына барлығы 750 делегат пен қонақ қатысуда. Оның 350-і әлемнің 39 елінен келді. Дүниежүзі қазақтары құрылтайының баспасөз орталығында 150 отандық және шетелдік БАҚ өкілдері ақпарат таратуда.

Естеріңізге сала кетсек, Дүниежүзі қазақтары құрылтайы 1992 жылдан бері өткізіліп келеді.

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

Суретті түсірген Ерлан Омаров,

"Егемен Қазақстан"