• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Маусым, 2017

ОҚО-ның 500 мыңға жуық тұрғыны сапалы электр жарығына қол жеткізеді

157 рет
көрсетілді

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысындағы 101 елді мекеннің 425 мыңнан астам тұрғыны сапалы электр жарығына қол жеткізетін болады. Ол үшін биыл 59 электр энергиясымен қамтамасыз ету нысанында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа облыстық және республикалық бюджет есебінен 11,3 млрд теңге бағытталған, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша электр қуатына жалпы қажеттілік орташа 400 МВт сағатты құрайды. Оның 30 пайызы ішкі көздер есебінен өндірілсе, 70 пайызы еліміздің солтүстік өңірлерінен тасымалданады. Ағымдағы жылы Шымкент қаласында «Бозарық», «Астана 1,2» қосалқы стансаларының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде қаладағы өнеркәсіп орындары мен 425 мың тұрғын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілмек.

Бұдан бөлек, 7 қосалқы стансаның (Акжар, 1М1, 1М2, 2М1, 2М2, Новостройка 1, 2) құрылысын аяқтау көзделуде. Биыл сондай-ақ Сарыағаш ауданында 220/100/10 кВ «Қызыләскер» қосалқы стансасының құрылысы басталмақ. Бұл мақсатқа 7,8 млрд теңге бағытталады. Егер жоба толығымен іске асса, Сарыағаш, Мақтаарал, Шардара аудандарындағы 705 мың тұрғын мен ауылшаруашылық нысандары, өнеркәсіп орындары үзіліссіз, сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Яғни, Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара аудандары экономикасының әрі қарай дамуына қосымша 50 МВт электр энергиясы пайда болады.

Сонымен қатар, Ордабасы, Отырар аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасатын кәсіпорындар мен 244 мың тұрғынды тұрақты электр энергиясымен қамту мақсатында «Бадам» қосалқы стансасының жобасы әзірленуде. Оның құрылысы 2018 жылы басталады.

Облыстық Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы мәліметіне сәйкес, 2018 жылы бастау алатын Төле би ауданындағы «Алатау» қосалқы стансасының құрылысына 938,9 млн теңге бөлініп отыр. 2017 жылы қуаттылығы 3,5 МВт-ты құрайтын Қазығұрт және Сайрам аудандарындағы 2 шағын су электр стансасының құрылысы аяқталып, іске қосылады деп күтілуде.

Осы жобаларды іске асыру арқылы электр желілерінің тозу деңгейін 2017 жылы 55,7 пайыздан 54,8 пайызға, 2021 жылы 52,4 пайызға төмендету көзделуде.

Бұған қоса, биыл Шымкент, Арыс қаласы, Мақтарал, Қазығұрт, Сарыағаш, Түлкібас, Төле би, Бәйдібек аудандарында сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында жалпы 70 нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, «Оңтүстік Қазақстан облысының электр жүйелерінің 2030 жылдарға дейін даму схемасы» әзірленуде.