• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Маусым, 2017

Ой-сананы оятқан бағдар

327 рет
көрсетілді

Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық ма­қа­ласында бағзы заманнан қа­лып­тас­қан ұлттық келбетімізді сақ­тай оты­рып, қазіргі жаһандық өз­ге­ріс­термен бірге өзімізді, ұлттың ой-санасын қалай өзгерту керек мә­­селесі өте терең қозғалған Отан­­дық тарихтың өтпелі кезе­ңі­н­де, жаңа әлеуметтік-тарихи да­­мумен бірге қазақтардың бұ­рын­ғы құндылықтары өзгеріп, олар­дың жаңа өмірлік бағыты айқындалғанда, ұлттың рухани көсемдері ата-бабамыздың ба­ға жетпейтін рухани мұрасына, ұлт­тың құлықтық-этикалық қалпына өне­­гелі бағыт беретін ұстаным ре­тін­де жүгінді.

XV ғасырда өмір сүр­ген ойшыл Асан қай­ғы­ның «қой үстіне боз­­тор­­ғай жұмыр­тқа­лаған за­ман» мен Жерұйықты із­деп сабылуы, шарқ ұруы тегін емес. Теңдік пен байлығы мол Жерұйыққа орналасқан елге тек өзін-өзі рухани жетілдірген адамдар жә­не әділ қоғам орнатқанда ғана жету­ге болады.

Дала ойшылының дүние­танымдық көз­қарасының мұрагері – өзінің фи­лософиялық ой-толғаулары арқылы қазақ халқының рухани болмысына назар аударған Абай Құнанбайұлы бол­ды. Абайды «қазақ өркениетінің ай­на­сы» деп тегін айтпаған. Қазақ­стан­да ХІХ ғасырдың екінші жар­тысын­да құ­лық­тық-этикалық мәсе­лелер кү­рт шие­леністі. 1867 жыл­ғы рефор­мадан кейін отарлаушы билік ұлт­тың қоғамдық дамуын то­қы­рат­ты, дәс­түр­лі әлеуметтік институт­тар дег­ра­да­цияға ұшырады. Осы тұс­та ру­хани бас­тауға қайта оралып, ха­лық­тың төл мұраларын бағдар ретінде ұстану қажет болды.

Ұлы ақын, данышпан философ Абай­дың ойлары «Жаңа тұрпатты жаң­ғырудың ең басты шарты – сол ұлт­тық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаң­ғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа ай­налуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бəрін, яғни болашаққа сенім­ді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын əдеттерді де ұлттық сананың ая­­с­ында сүрлеп қоюға болмайтыны ай­­дан анық», – деген негізгі және бас­­ты жаңғырту ұлттық тамырға кө­ңіл бөлу керектігіне баса назар ау­дар­­ған Елбасының бағдарламалық ма­қаласымен үндеседі.

Абайдың руханият ілімі қай уа­қытта болса да өз мәнін жоймайды, бү­гін­гі күнде де өзекті. Әрбір жа­ңа ұр­­пақ Абайды оқи отырып, оны жаңа қы­ры­нан таниды, өздерін тол­ған­ды­рып жүрген сұраққа жауап та­бады. Сон­дық­тан, менің ойымша, оның мұ­­ра­сы Қазақ­стандағы барлық жо­ға­ры оқу орын­дарында насихат­талуы керек және оқу үрдісіне енгізілгені жөн. Оқы­тыл­ғ­анда да таным­дық, дискус­сия­лық тұрғыдан талданып оқы­­тыл­са ғана Абайды тереңірек тани­мыз. Пікірталас арқылы ақиқатқа же­туге болады, сенім қалыптасады, же­ке дүниетанымдық ұстанымының таң­­дауы анықталады.

«Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласында Елбасы қа­зақ ұлтының ХХІ ғасырда сәтті бей­імделуіне жағдай жасайтын ашық әлем, жаңа білімді қабылдауды, бел­­­сенді патриотизмді, туған өлке­­нің, Отанның көркеюіне атсалысу­ын мәлімдеді. Бұл – Елбасының Тәу­ел­сіздіктің алғашқы жыл­да­рынан бас­та­ған страт­егиялық бағытының ло­ги­­калық жалғасы. Бұл жұ­мысында ол қазақ халқының пас­сионар­лық қуатын (Л.Н.Гумилев теориясы) бұзып өтетін жолда не кедергі келті­ре­тінін нақты көр­сетіп, нақты тапсырмалар бер­ді. Ма­қалада көрсетілген «Туған жер» бағ­­дарламасы шеңберінде ауқымды жә­­не іргелі жұмыстар өзін күтіп тұр­ға­ны даусыз.

Республиканың барлық жоғары оқу орындарындай, Павлодар мем­ле­кет­тік педагогикалық институты да «Ту­ған жер» бағдарламасын жүзеге асы­руға кірісіп кетті. Бағдарламалық ма­қаланың мазмұнынан шығатын от­басы мен мектептің тығыз ынты­мақ­тастығын, әртүрлі білім беру дең­гейлерінің (мектепке дейінгі, мек­тептегі, мектептен кейінгі) өзара әре­кеттестігін қамтамасыз ететін, тап­сырмаларды іске асыруда ғылыми-пе­дагогикалық қоғамдастықтың бел­сенді қызметін енгізетін, ұлттық тәр­би­е­ге негізделген кешенді ғылыми-пе­дагогикалық бағдарлама керек.

Ең алдымен, отбасы институтын нығайту керек. Расында, тұлғаны қалып­тас­тыратын орта, дегенмен, отбасылық тәр­бие қажет. Абай да па­ра­сатты әжесі Зере мен әкесі Құнан­байдың ақылымен Тұлға болып қалыптасты. Әрине, ХІХ ғасырдағы жас отбасымен бірге тұратын аталар мен әжелер институты негізіндегі қа­зақ­­тың дәстүрлі отбасын бүгінгі ХХІ ға­сырға өзгертіп әкеле алмаймыз. Дегенмен, дәстүрлі отбасылық құн­ды­лықтарды насихаттауға, оларды күн­делікті жосынға салуға әлеуетіміз жет­кілікті.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы дер кезінде өмірге кел­ген ма­ңызды тақырыптың бірі. Тәу­ел­сіз­дікпен бірге еліміздің дамуына үле­сін қосып жүрген сан алуан этнос өкіл­дерінен құралған дарынды тұ­л­ға­ларды елге танытуды мақсат етеді. Елбасы мақаласында: «Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады», – деп жобаның мақсат-мұратын айқындап берді. Бұл жобаның келешек ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы еліміздің да­муы­на елеулі үлес қосқан ата-баба­ла­рымыздың өшпес тұлғасына құрмет көр­сетудің тәжірибелік тұрғыдан жо­ғала бастаған дәстүрін қайта жаң­ғыр­татыны сөзсіз. Жапондықтар өз­дерінің бүгінгі бар, тіршілік етіп жүр­г­ен адамдарын «Ұлттық байлық» ре­тінде құрметтейді. Сол сияқты «Қа­зақ­стандағы 100 жаңа есім» де Тәу­елсіз Қазақстанның игі дәстүріне ай­на­латынына сеніміміз мол.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бүгінгі таң­дағы ең өзекті сұрақтарға жауап бере­ді. Асан қайғы іздеген Жерұйық – бү­гін­гі Қазақстан, алайда бұл «бөрікті ас­пан­ға ататын» уақыт келді деген сөз емес. Біз менталитетімізге жат, елі­міз­дің тәуел­сіздік тұғырын құла­ту­ға бе­йім, зиянды идеологиясы бар күрделі де аумалы-төкпелі заманда өмір сүріп жа­тыр­­мыз. Әлемдегі іргесі сөгіліп, тас-тал­қан болып, халқы босып кеткен мем­­лекеттер соның айғағы. Тек бізге сенім­­ділік беретін күш-қуат – ол елдің мақ­­сатқа жету­дегі бір­лігі мен жақсы тұр­мы­сы және Отан­ға деген сүйіспеншілігі. Біздің әр­­қайсымызға жігер беретін де осы.

Орбұлақ шайқасында 50 мың қолды жоңғар әскеріне 600 қазақ батыры төтеп берді. Ұрыста қазақ жасағы жоғарғы патриоттық идеал үшін өзін құрбан етуге әзір екенін көр­сете білді. Алайда қазіргі қазақтар ту­ған жері үшін жауға қарсы тұрған ата-бабаларының өшпейтін ерлігінен гө­рі Спартан патшасы Леонид пен оның 300 жауынгерінің ерлігін жақ­сы біледі. Бұл тарихи жадтың өшуі ме, әлде...?! Біздің батырларға жоң­ға­р­ларды жеңуге көмектескен жағдай – хал­қына, отбасына, Отанына деген сүйспеншілік және ұлттың тұтастығы, бірлігі болды.

Рухани іргетасымыз – өз тілі­міз­ді, төл мəдениетіміз бен салт дəс­түр­­лері­мізді әспеттеп, жас ұрпаққа, бү­кіл əлемге насихаттау, заман талабына сай іскерліктің озық тәжірибесі мен жаңашыл жолын үйрету көкірегі нұр­лы, санасы сәулелі студенттерге сапа­лы білім арқылы серпін беру, ұлтжан­ды­лықты дамыту үшін саналы тәрбиеге екпін беру бізге, ЖОО-ның басшыларына зор жауапкершілік артады. Жалпы, ұлттық рухтың қайнар көзі туған жерден басталады. Елбасы мақаласындағы айтылған ұлттық кодтың – тіл, діл, діннің қаймағы бұ­зыл­май сақталған жері де – ауыл, ту­ған жер, туған өлке.

Елбасы патриоттық сезімнің, ең алдымен, кіндік қаның тамған жеріңе, туған еліңе деген сүйіспеншіліктен бас­­талатынын қадап айтты. Бағда­р­ламаның мәнін түсіндіре келіп: «Бұл білім беру саласында ауқымды өл­кетану жұмыстарын жүргізуді, эко­логияны жақсартуға және елді ме­кен­дерді абаттандыруға баса мән бе­руді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді», – деп өлкетану негізінде туған жердің тари­хын зерделеу керектігіне баса көңіл бө­леді. Отансүйгіштікке тәрбиелейтін жол­­дың бірі де осы тарихи өлкетану. Біз­­­дің институтта «Серпін-2050» бағ­дар­­­ла­масымен Қазақстанның оң­түсті­гі­­нен келіп оқып жатқан 500-ге тарта сту­­дентіміз бар. Болашақта өз­дері білім нәрін алып жатқан Ертіс-Ба­ян өңірінде жұ­­­мыс істеп, отбасын құрып, тамырын те­рең­ге жіберу үшін оларды осы өл­ке­­­мен жан-жақты таныстыруды жөн көрдік.

Ең алдымен, жас өлкетанушы-сая­хат­шы­лардың тізімінде облыс орта­лы­ғы­­мен байланыстыратын, ұзақ­­тығы 12 ша­қы­рымға созылған Қазақстан мен Ор­та­лық Азиядағы ең ұзын көпір ар­қы­лы өтетін Ақсу қаласы болды. Екі­бас­тұздағы көмірді ашық әдіспен өн­ді­ретін, әлемдегі ең үлкен кен орны «Бога­тырь Көмір» студенттердің зор қы­зы­ғу­шылығын туғызды. Сапар алтын кен орны­мен танымал Майқайыңнан кейін Баянауыл мемлекеттік ұлттық таби­ғи паркіне бағытталды. Студенттер бұл жерде алаштың демократ ақыны Сұл­тан­махмұт Торайғыровтың мұра­жа­йы­мен танысып, ақын өміріне қатыс­­ты көп мағлұмат алды. Сту­дент­­тер­дің алған әсерін сөзбен жет­кізу мүмкін емес. Олар Ресеймен шек­тесе­тін Ертіс-Баян жерінің тарихи бай өлке екенін алғаш рет білді. Өлкедегі андронов тайпасының қонысын, қимақ қала­лары­ның орнын, жоңғарлармен айқас­қан жерлерді өз көздерімен көріп танысты. Олар біздің өлкенің жақұты – Баян­ауылды алғаш рет көрді. Міне, осындай көзбен көріп, қолмен ұстап танып-білген шексіз әсерлі сезімнен кейін кең-байтақ Қазақстанның кез келген жерін көрсем, білсем деген құлшыныс оянады. Осыдан біздің тұтас тарихи санамыз қалыптасады, аймақтық жіктеліске қарсы тұратын ұлт бірлігі ұйысады. Осындай әсерлі сілкіністен кейін туған жерге деген сүйіспеншілік нығаяды.

«Ел ерді өсіреді, ер елді өсіреді» деген даналық сөз бар. Ғасырлар тоғы­сын­да, Қазақстан тарихи таңдаудың алдын­да тұрғанда ұлт тағдырын Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев өз қолы­на алды. Халық алдындағы зор жауап­кер­­шілік, ауыр міндет. Алайда, жоға­ры­да айтып өткеніміздей, Асан қай­ғы іздеген Жерұйықты бүгінде Қа­зақ­стан­мен салыстыру тегін емес. Расын­да, біздің еліміз айналамыздағы сілкініп жатқан әлем ортасындағы татулық пен келісімнің жазирасы. Оның осылай ұйысқан Жерұйық болып тұруы болашақ ұрпақтың пат­риот­­тық сезімі мен азаматтық ұстаны­мы­на қатысты. Сондықтан Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғы­ру» мақаласы Ұлы Дала елінде Тәуел­сіз­діктің баяндылығын көріп,  жұл­дызы жарқыраған Мәңгілік Ел – Қазақ мем­лекетінің дамуындағы страте­гия­лық маңызы бар терең тамырлы темір­қазық­тай жаңа бағдар болып табылады.

Алтынбек НУХҰЛЫ,

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры