Елбасы биыл «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғаны белгілі. Билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша Ата Заңға енгізілген өзгерістер Парламенттің рөлін айтарлықтай күшейтті. Президент өзінің заң шығарушы өкілеттігін бергеннен кейін, биліктің бұл тармағы енді заң шығарушы қызметті жүзеге асыратын емес, заң шығарушы билік ретінде тұжырымдалды. Конституциядағы өзгерістерге сәйкес, Үкімет Парламентке өзінің шешімдері туралы, негізгі бағыттары туралы баяндап отырады. Егер есепті тыңдау қорытындылары бойынша Үкімет мүшесі республика заңдарын орындамаған жағдайда палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік дауысымен оны қызметтен босату туралы ел Президентіне өтініш жасауға құзыретті. Мұндай жағдайда ел Президенті Үкімет мүшесін қызметінен босатады. Бұл – Парламенттің жауапкершілігі артқанын айғақтайтын жайт. Мемлекеттің басқару нысанының президенттіктен президенттік-парламенттік республикаға өзгеруі, Мемлекет басшысының бірқатар өкілеттігін ел Парламентіне беруі, Сенат депутаттарының саны Президент квотасы есебінен 7-ден 15-ке дейін көбейтілуі Парламенттің орны мен рөлінің түбегейлі нығаюына басымдық берілгенін білдіреді. Демек, бүгін сайланғалы отырған Сенат депутаттарының алдында үлкен жауапкершілік тұр. Жалпы, Сенат Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделері ескерілуі керек. Сондықтан, Жоғарғы палатаның 15 депутатын республика Президенті тағайындайды. Сенат депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – алты жыл. Конституциядағы талаптарға сәйкес, жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, не республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады. Сонымен, облыстық, Астана және Алматы қалалары сайлау комиссияларының мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі сайлауға барлығы 38 үміткер тіркелді. Осыған дейін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында таңдаушылардың тізімдері жарияланған болатын. Ресми дерекке сәйкес, бүгінге дейін сайлауға қатысатын таңдаушылардың саны – 3293. Яғни, сайлау заңнамасына сәйкес Сенат депутаттарын мәслихат депутаттары сайлайды. Олардың басым бөлігі Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың айтуынша, сайлау науқаны «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Заңға сай өтуі қатаң қадағаланған. Әрі демократиялық қоғамға сай дауыс беру үдерісін халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден аккредиттелген байқаушылар бақылап отыр. Олардың қатарында Франс-пресс, Би-би-си, Рейтер, Әл-Жазира секілді танымал ақпарат құралдарының өкілдері де бар. Парламент Сенаты депутаттарын сайлауға дауыс беру Астана уақыты бойынша сағат 10.00-де басталады. Осы сайлауда таңдаушылар электрондық тіркеуді алғаш рет қолданатынын да айта кету ләзім. Бұл дауыс берудің әділдігі мен ашықтығын айғақтайтын тәсілдердің бірі саналады.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»