Қазақстан полициясының 25 жылдығы қарсаңында облыстық Ішкі істер департаменті тарапынан атқарылып жатқан ауқымды шаралар арасынан есіл ерлерді ұлықтау, есімдерін жаңғырту бағытындағы игілікті істер көңіл тоғайтады. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп аталарымыз текке айтпаса керек. Адамдардың тыныштығын күзетіп, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қыршынынан қиылған кешегі боздақтар қалай әспеттелсе де еш артықтық етпейтіні анық. Аққайың ауданының орталығы Смирново кентінде Алексей Щербаков оқыған мектептің қабырғасына мемориалдық тақтаның қойылуы полиция қызметкеріне деген үлкен құрметтің бірі, жас буынды ерлікке, адалдыққа баулудың өнегесі мен тағылымы болса керек. Алексей Кеңес дәуірінде Ішкі істер саласында қызмет еткен. Ол осы ауданда туып-өскенімен, саналы ғұмырын Петропавл қаласында өткерген. Өмірінің соңына дейін қылмыс көп жасалатын Жұмысшы кентіндегі Добролюбов полиция бекетінде аға учаскелік инспекторы қызметін атқарған. Көбіне тәжірибелі, білікті тәртіп сақшылары осы аумаққа жіберілетін. Алексейге де осындай үлкен сенім артылған. Милиция майорының жұмысқа ыждағаттылығын, темірдей тәртіпті сүйетінін басшылық та, әріптестері де жоғары бағалайтын. Сол бір қанды оқиғаны қызы Наталья былай еске алады: «Әкем отбасылық жанжал жайлы суыт хабар алысымен оқиға орнына тез жеткенше асыққан. Өйткені, екі рет сотталып, түрмеде отырып келген А.Шкодиннің мінез-құлқын жақсы білетін. Жас балаларды жазым ете ме деген қауіп ойынан шықпаған. Әкем жеткенше әйелі мен көршілерін жарақаттап үлгерген. Үйге кіре бергенде қылмыскер жасырынған жерінен атып шығып, өткір ұстарамен әкемнің тамақ тұсынан бірнеше рет орып жіберген. Рецидивистің жеке тәртібіне байланысты отбасында бірнеше рет болғандықтан, дәл осындай тегеурінді қарсылық күтпесе керек. Ауыр жарақат алғанына қарамастан, әріптестері келгенше қылмыскерді жібермеген. Оларға үйде балалардың барын ескертіп, тапанша қолдануға рұқсат бермеген. Көп қан жоғалтқанына қарамастан ауруханада өзін байсалды ұстады. Бақилық болар алдында айтқан «Бұл – менің міндетім еді» деген ақтық сөзі құлағымда әлі күнге дейін жаңғырып тұр». Есіл ердің ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Кеңес Одағының «Жеке ерлігі үшін» орденімен марапатталды. Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатында ОІІД-ның бастығы, генерал-майор Берік Біләлов, қызы Наталья, Ресейдің Ставрополь өлкесінен арнайы келген немересі сөз сөйлеп, марқұмның өмір жолынан естеліктер айтты.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы