• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
28 Маусым, 2017

Тәуелсіздік таңындағы тағылым

290 рет
көрсетілді

Көк байрақ көк аспанда жел­бі­реді. Қыран құс құлашын ке­ре қалықтады. Халқына тәу­ел­сіздіктің туын ұстатқан Тұңғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаевтың есімі тарих бетіне ал­тын әріппен терілді. Жүректі кер­неген қуаныш, бақыт, азаттық елі­мен етене Елбасы елдік қаты­нас­тарды нығайту жолына түсті.

Дүниежүзі картасында Қазақстан деген ел  өз орнын нық тапты. Әрбір жылы бір ғасырға тең тәуелсіздік қазақты нұрлы жолға жетеледі. Қазақстан мемлекетінің әрбір азаматы ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, тату тұрақтылық пен береке-бірлікте өмір сүруі – Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының жемісі. Талай ғасыр ата-баба арманы бол­ған тәуелсіздігімізге қан төгіссіз же­ту жолында барлық күш-жігерін ая­ма­ған, түрлі ұлтты асқан татулықпен бір тудың астына біріктіре білген Нұр­сұл­тан Назарбаевтай көшбасшысы бар хал­қымыз аса бақытты. Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз әлемнің алпауыт ел­дерін мойындатып, барлық ұлт пен ұлыс­тың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үл­гі­сін жасай білді. Бүгінгі күні еліміз өзі­нің даму жолы қалыптасқан, бағыт-бағ­дарын айқындаған, өзге де мемлекеттермен бәсекелесуге қабі­летті ір­гелі елге айналды. Осы егеменді мем­­лекеттің бір перзенті  ретінде мен де Елбасының тәуелсіз Қазақстанды өсіп-өркендету жолындағы қажырлы ең­бег­і­нің, ізгі мақсат-мұраттарының куәсі бо­лып келемін. Елбасының қамқор қол­дауымен тәуелсіздікке алғаш қадам ба­с­қан күндері шетелде аккредитацияға тір­келген Түркия Республикасындағы тұң­ғыш қазақ тілшісі болу бақытының бұйырғаны – мен үшін Алланың үлкен сыйы еді. Нұрсұлтан Әбішұлы – тәуелсіз Қ­а­зақ елінің Тұңғыш Президенті болып сайланған сәтте Елбасынан ең бірінші болып қазақ теледидарына (ол кезде рес­публикада бір ғана телеарна еді) сұхбат алу бақытына ие болуым мені ақ жолға жетеледі. Мына фотосуреттерде 1991 жылғы 1 желтоқсандағы  Президент сайлау күні және 1989 жылы жазда Орталық Комитетінің пленумында Бірінші хатшылыққа сайланған соң тү­стен кейін Алматыдағы мешітке барып, Алладан халқының амандығын тілеп, ба­та алған сәті бейнеленген. Бұл игі істі шетелдің бұқаралық ақ­­па­­рат құралдары жарыса хабарлап жат­ты. Германиядағы «Азатттық» ради­осы «Қылышынан қан тамып тұрған со­ла­қай саясатқа қарамастан Қазақстанға бас­шы­лыққа келген жергілікті халық өкілі Н. Назарбаевтың алғашқы қызметін иман­ды­лық жолынан бастап, Алла үйіне ат ба­сын бұруы – жақсылық нышаны» деген хабар берді. Елбасы тәуелсіз Қазақстанның Пре­зиденті ретінде алғашқы ресми сапарын Түркия мемлекетінен бастағанда ең бірінші болып екі ел арасында тікелей бейнерепортаж жасауым мен үшін үлкен  бақыт болды. Сол кезеңдерде Елба­сы­ның ел ішіне, шет мемлекетке  жасаған са­парлары кезінде  жанында жүріп, жур­налистік сараптама жасауым  өміріме жа­ңаша серпін беріп, болашақ бағытымды айқындауға қол жеткізді. Оншақты жыл­дай уақыт дипломатиялық қызмет ат­қарып, Ыстанбұл қаласында бас консул ретінде екі елдің арасында дос­тық көпірін қалыптастыруға үлес қос­қанымды мақтан тұтамын.

1992 жылғы қазанның 30-31 күндері Анкарада сол кездегі Түркия Президенті Тұрғыт Өзалдың бастамасымен түркі тілдес мемлекеттер басшыларының І саммиті шақырылған еді. Бұл жиын­да Тұрғыт  Өзал «Ата жұртымыз – Қазақ­стан. Бабаларымыз Атажұрттан Ана­долыға атпен келсе, бүгін, міне, Нұрсұлтан бауырым ұшақпен келіп отыр» деп алғашқы сөзді Елбасына берді. Елбасы бұл басқосуда «Түбі бір түркі, түгел бол!» деген ұран тастады. Бұл сөз бүкіл түркі жұрты үшін қанатты сөзге айналды. Тұрғыт Өзалмен әңгімелесу барысында Елбасы Түркияда қанша қазақ бар деген сауалға Түркия басшысының «Менімен 60 миллион қазақ» бар деп айтуы қазақ халқының алар орны қандай екен­ін көрсетсе керек. Елбасы сонда ри­за­­шылықпен Т.Өзалды бауырына қысты. Бауырластық деген осы болар.  1992 жылы Тұрғыт Өзал елімізге кел­генде  Елбасы Еуразиялық Одақ құ­ру туралы идея көтерген болатын. Сон­да Т.Өзал «Еуразиялық одақ құру ту­ралы идеяны толық қолдаймын. Қазақстан Еуропа мен Азияның басын қосып тұрған кіндік орта, Түркия да солай» деген болатын. Бүгінгі күні ара­да 24 жыл өткеніне қарамастан Ел­басының көрегендікпен айтқан идеясы өз өміршеңдігін көрсетіп, көп елдерде  қолдау тауып отыр. 1992 жылғы 25 наурыз күні тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматы қала­сы­нан Түркияға  бірінші рет әуе ұшағы кө­терілген еді. Қазақстан үкіметі делегациясын сол кездегі Премьер-Ми­ни­стрдің орынбасары Мырзатай Жол­дасбеков ба­с­қарып барды. Оны елі­міз­дің тәу­елсіздігін алғаш таныған елдің  Пр­е­зиденті Тұрғыт Өзал қабылдады. М.Жолдасбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық сәлемін жеткізді. Қазақы ою-өрнекті түйе шапан мен қам­шыны сыйға тартты.  Тұрғыт Өзал «Міне, мен нағыз қазақ болдым» деп сұхбат берді. Мені де сол кезде Түркияға келген Тәуелсіз елдің тұңғыш тілшісі деп таныстырды. Маған арнайы бағалы фотоаппарат сыйлады. Сол кездерде осы фотоаппаратпен екі ел арасындағы достық көпірін бейнелейтін көріністерді,  Елбасының ісі сапарлары мен  кездесулерінен талай суреттер әзірлеген едім.  1-сурет. 1991 жылы 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент болып сайланған күні Елбасынан алған бірінші сұхбат. 2-сурет. Қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұрғыт Өзалдан сұхбат алу сәті.  Осы елшілікте Түркияда дип­ло­ма­тия­ның алғашқы қарлығаштары атан­ған Қанат Саудабаев, Әбутәліп Ахметов, Жансейіт Түймебаев, Өміртай Бітімов, Қайрат Сарыбай, Дулат Қуаныш сынды белгілі дипломаттармен бірге қыз­мет еткенімді мақтан етемін. Олар тәу­ел­сіздіктің шетелдегі алғашқы ту ұс­тау­шы­лары еді.  Әрі Елбасының сенімді өкілдері бола білді.  Міне, Елбасының қасында жүріп талай тарихи істердің куәсі болдым. Арнайы суреттерді түсіріп бірнеше фотоальбомдар жасап, деректі фильмдер жасағанымды мақтанышпен айтқым келеді. 

Ержан УӘЙІС, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Қызылорда