Бұл күні Кеңес ауылында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы халық шығармашылығы орталығының және Мойынқұм ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен сегіз киіз үй тігіліп, алтыбақан құрылды. Бұл сапар халқымыздың ежелгі тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін еске түсіретін ерекше күн болды. Ғасырлар бойы қалыптасқан бай мәдениетіміз бен тарихымыз да этнографиялық керуеннің өн бойынан көрініс тауып тұрды. Сонымен қатар, жиналған көпшілік ауылдың тұрмысы да тамырымыздың бір бөлшегі екенін сезіне түсті. Ауыл іргесінде бие сауу, ұршық иіру, диірмен тарту және жүн сабау сияқты тұрмыс құндылықтары да насихатталды. Ал өңірге белгілі құсбегілер баптаған бүркітін айнала ұшырып, ежелгі дала мәдениетінің мазмұнын көрсетті. Құстың аспанды айнала ұшып жүріп, кенет бүркітшіге керуеннің келе жатқанынан белгі беруі де талайды таңдандырмай қоймады. Шудасы желмен желкілдеген түйелердің тарпаң бейнелері мен ұлттық киімдері сән-салтанатын келтіріп тұрған адамдар арасындағы өзара байланыс та Ұлы Даланың дегдар болмысын, көркем келбетін танытып тұрғандай әсер етті. Ал күймелері күмбірлеген көшті ауыл тұрғындары ұлттық дәстүрге сай қарсы алды. Қазақы дәстүрге сай қынама бел қамзол киген қыз-келіншектер керуеншілерге қымыз бен шұбат ұсынып, ілтипат көрсетті. Шара барысында қазақтың баланы бесікке салу, тұсауын кесу, тоқымқағар сияқты ұлттық салт-дәстүрлері дәріптелді. Үлкендер жағы жастарға білмегенін үйретіп, үлгі көрсетті. Әсіресе, бұл көрініс болашақ аналар үшін де пайдалы кеңес болды. Сондай-ақ, жергілікті өнерпаздар мен салтанат қонақтары ән шырқап, Мойынқұм даласын әсерлі күйге бөледі. Халқымыздың ықылымнан келе жатқан ырысты салтының бірі – сапарға оң болсын айту болған. Бабалар өсиетімен жалғасып келе жатқан осынау игі дәстүр бүгінде қолдау тауып, жиналған көпшілік Астана төріне бет алған керуеншілерге сәт-сапар тіледі. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бастаған жамбылдықтар Мойынқұм ауданынан этнографиялық керуенді шығарып салды. Айта кетейік, Мойынқұм ауданы, Кеңес ауылы аталған керуеннің Жамбыл облысындағы соңғы бекеті. Ал кеш түсе «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» керуені Қарағанды облысы, Сарышаған ауылына қарай бет алды. Енді санаулы күндерден кейін күймелер күмбірі көрме алаңына да естіліп қалатын болады. Айтулы көрмені тамашалаушылардың да ұлттың ұлы ерекшелігімен танысатын күні алыс емес.
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы