Осы гүл жердің бетінде қашан және қалай пайда болды өзі? Әлмисақтан жеткен аңыздарға сенсек, Шырынға ғашық болып, жалған сөзге сеніп, сүйгеніне қосыла алмай жартасқа соғылып өлген Фархадтың басынан аққан қанынан өсіп шыққан деседі. Әфсана әфсанамен, ал ғалымдар жабайы жауқазындар Солтүстік Ираннан бастап, Памир тауларынан асып, Тянь-Шаньға дейін салтанат құрғанын айтады. Осы 10-15 миллион жылда жауқазын жылжып отырып Испаниядан Мароккаға дейін жайқалған. Ал Иран аңыздарында жауқазын айдаһардан аққан қаннан өсіп шыққан деседі. Ағылшындардың көне ертегілерінде жауқазын қауызына періштелер түнейтіні әлі күнге дейін айтылады. Парсы әдебиетінде «дюльбаш» деген атауға ие гүл тюрбан дейтін Шығыс бас киімінің үлгісін еске салмай ма?! Кейбір наным-сенімдерде сары жауқазынның қауызында байлық пен бақыт жасырынып отырады-мыс.
Қызғалдақтың «төркіні» – Қазақстан
Қандай дерек көздерін ақтарсақ та, жауқазын бір замандарда қазақтың даласынан тарап, Батыс Еуропаға дейін барып, қазір Голландия сияқты елдерді ен байлыққа бөлеп отырғаны туралы ләм-мим демейді. Мақала түгілі, кітап жазуға болатын ағыл-тегіл ақпараттар легінде «тюльпанның төркіні» Қазақстан екені айтылмайды-ау, айтылмайды.
Есесіне және ең қызығы, 2014 жылы Елбасы осы Нидерланд Корольдігіне ресми сапармен барғанда, жауқазынның түп отаны Қазақстан екенін голландықтардың өздері мойындап, тіпті гүлдің жаңа бір сұрпын «Президент Назарбаев» деп атағанын білеміз. Айтқандай, бұрынырақта Вашингтоннан іссапармен келе жатып, үстінен күндіз ұшақпен келіп қонып, абстракциялық кілем сияқты әсер қалдыратын осы елдің әуежайында жарты күн қамалып отырып, Голландияға сөзсіз қайтадан оралуды көксегеніміз де есімізде. Сол транзиттік жолаушыны қызығы мен құпиясын ішіне бүккен бөлек елді армансыз араласа деген тілегіміз тәңірдің құлағына жетіп, Амстердамға да бір жол түскен-ді. Ішін армансыз аралаған адам түгілі, төбеден ұшқан туристі өзіне магнитше тартқан елдің не құдіреті бар екенін осы елге жолы арнайы түскен жан біртіндеп түйсінеді. Бұл Голландияны сұлулығымен көмкерген жауқазынның қасиеті екені сөзсіз. Ғылымсыз-ақ, бұл мемлекетке құт болып келген қасиетті гүлдің түбі Қазақстан екенін ішкі түйсікпен, ешқандай ғылыми дәйексіз-ақ ұғынуға болар еді. Әуежайдан трапқа табаның тигеннен-ақ, сізді құшақ-құшақ жауқазындар сатылып жатқан бутиктер, жауқазын кәдесыйлары, жауқазын бейнеленген көйлеккөншектер қарсы алады. Кез келген тірліктің тілін тапқан осынау ел жауқазынды ғаламдық бизнеске қай заманда айналдырып үлгергеніне өзіңіз де таңғаласыз.
Туристер күн сайын миллиондап ағылған тарихи көшелерде жауқазын тұқымдарының түр-түрі миллиондап сатылып жатады. Әдемі қағаз қапшықтарға салынған тұқымдардың өзі туристерге таптырмайтын тәбәрік. Танысыңыз бен туысыңызға тұқымдарын сый ретінде сатып алсаңыз, күндердің күнінде бақшасында жайқалып, сізді сәт сайын еске алып тұрары сөзсіз.
Жауқазын базарларын айтпағанның өзінде, кез келген сыйлық дүкендерінде туристерге мыңдап сатылып жатқан матадан тігілген, ағаштан жасалған жауқазындар көздің жауын алады. Сұлулығын ішіне бүккен бұл гүлдің суреттері де таптырмайтын сыйлық. Қайда қарасаң да жауқазын, сөмкелерге салынған суреттер, шыныдан мөлдіретіп құйған жауқазындар, тізе берсең таусылмайды. Бүкіл елдің брендіне айналған қасиетіңнен айналайын қызғалдақ, осыншама құт болармысың! Мемлекеттің қазынасына күн сайын, сәт сайын миллиондап құйылып жатқан байлықтың бір бөлігі осы экспортталған гүлдерден келіп жатқанына шүбәңіз болмасын. Ал біз күндердің күнінде осы тақырыпқа қалам тартатынымызды түйсінген болармыз, жауқазын десе үнемі елең етуші едік. Тіпті, бала күніміздің ең жарқын суреттері де жауқазынмен байланысты болып келеді екен. Біздің оңтүстік өңірлерде бала күнімізде «маевка» деген үрдіс болушы еді. 1 мамыр күні жұрттың бәрі тауға шығады. Таудан түс ауа ұбап-шұбап келе жатқандардың қолында құшақ-құшақ гүл болушы еді. «Жауқазын» деп кейін әспеттеп айтып жүрміз ғой. Шын мәнінде оны бала күнімізде «қызғалдақ теруге бару» деп білетін едік. Ал кәдімгі қызғалдақты бәрі де «итқызғалдақ» дейтін. Ауылдың іргесінде, кез келген аулада тез гүлдеп, тез қурайтын, қолжетім жердегі итқызғалдақтың қадірі, әрине жауқазындай емес. Ол жауқазындай таудың бөктерінде өспейді.
Жауқазын жылнамасы
Бұрынырықта жауқазынға қатысты өте қызықты дерек оқығанымыз да есте. Қысқасы, жауқазын жайлы VI-VII ғасырлардағы парсы әдеби шығармаларында да жолдар көп. Оның бер жағында бірінші рет Батыс Еуропада, Португалияда 1530 жылдары алғашқы жауқазындар отырғызыла бастаған көрінеді. Ширек ғасыр өткенде бірінші жауқазындар Солтүстік Еуропаға да жетеді. Әйгілі ботаник Геснердің айтуынша, Аусбургке қызыл жауқазын Ыстанбұлдан, яки Каппадокиядан барған. Ал кейбір әдебиеттер Антверпенге жауқазынды фламандық дипломат Олье де Буюбек жібергенін дәйектейді. Елші Олье де Буюбек 1554-1562 жылдары Түркияда тұрған. Сол сияқты Византияға да жауқазын тұқымдары мен ұрықтары Австрия императорының Түркиядағы елшісі Олье де Буюбек арқылы жеткен. Ол жауқазын тұқымдарының үлкен партиясын 1554 жылы Венаға аттандырады. Егер Ертұғрылдың ұрпақтары түріктердің түп Отаны – атажұрты Қазақстан екенін ескерсек, онда жауқазындардың Батыс Еуропаға, тіпті бүкіл әлемге қалай тарағанын аңғару қиын емес. Сонымен, баяғыда оқыған сол бір мақалаға қайта оралып көрелік. Айттық қой, жауқазынның біз білмейтін құпиялары да, қасиеті де мол. Қысқасы, осыдан кейін Еуропаға жауқазынның тәж киген таңдаулы сұрыптары да біртіндеп бара бастаған. Қалай барғанын, кімдер апарғанын тәптіштеп баяндап отыруға басылымның шектеулі жолдары көтере қоймас. Алайда, Осман империясынан жеткен ғажайып жауқазын түрлері Еуропаға тез тарайды. Түрік сұлтандарының сүйікті гүлінің тұқымдары уақыт өте келе валюта орнына жүргенін, Еуропадағы Қор биржаларында алтыннан да жоғары бағаланып, акция ретінде сатылғанын, ғасыр спекулияциясына айналғанын тарих ұмыта қоймас.
Кейбір дереккөздерге сенсек, жауқазынның «Tulipa gesneriana» дейтін түрі Голландияда 1570 жылы пайда болыпты. Византиядан кейін әйгілі селекционер К.Клузиус басқа да белгілі ботаниктермен бірге Голландияға шақыртылады да, ол өзімен жауқазын тұқымдарының бірнеше түрін ала барады. Бүкіл голландықтардың «тюльпанаманиямен» дерттенетін кезі де осы тұс. Жауқазынның кейбір сирек сұрыптары 2 мыңнан 4 мың флоринге дейін саудаланып, биржаларда оның бағасы шарықтай бастайды. Қысқасы, XVI ғасырдың басында голландықтардың есіл-дерті жауқазын тұқымдарын қолға түсіру болады. Оның бағасы биржаларда белгіленеді. 3 жыл ішінде 10 миллион флорға дейін жауқазын түйіндері саудаланса керек. Тіпті, көптеген өндірісшілер байырғы бизнестерінен бас тартып, жауқазын өсіре бастайды. Мәселен, Амстердамдағы әйгілі бір сырахана түгелдей жауқазын тұқымына айырбасталады. Нәтижесінде, талай адам өзінің барынан айырылады, енді біреулер ен байлыққа белшесінен батады. Жұртты «жынды қылған» жауқазын ауруынан құтқару үшін мемлекет шара қолдануға дейін мәжбүр болғаны тарихтың еншісінде. Бұл әулекілік тек ағылшын бақтары кеңінен тарап, жауқазын сұрыптары көбейе түскен тұста тыйылған.
Көршіміз – мына Ресейге жабайы жауқазындар бұрыннан белгілі болса да, бақшалық жауқазын түйіндері тек І Петр патшаның тұсында 1702 жылы Голландиядан барғанын айтсақ та, көп жайт белгілі болар еді. Князь Вяземский, графиня Зубова, П.Демидов, граф Разумовскийлар әуестенген, XIX ғасырға дейін бай-бағланның бағында жайқалған жауқазын тұқымдары әрине, ол заманда арзан тұрмаған. Жабайы табиғатта өсіп тұрған жауқазын түрлерін ғылыми тұрғыда зерттеу тек XV ғасырда қолға алына бастаған. Сол кезде Грекия, Италияда, одан кейін Францияның оңтүстік өңірлерінде Дидье деп аталатын түрі мен жасыл болып гүлдейтін (Tulipa viridiflora) сұрпы табылған. Парсы ақыны Хафиздің жауқазын туралы «Оның пәк кереметімен тіпті раушан гүлі де таласа алмайды» дейтін жолдардан асырып айту мүмкін емес. Көне бір жазбаларда «Бұл гүлдің исі жоқ, кәдімгі тауыс құсындай көркем – ән. Есесіне жауқазын әдемі қауызымен, тауыс құсы ғажайып қанатымен танылды» дейтін жолдар бар. Қысқасы, қанша жырласаң да, сұқтансаң да жауқазын туралы айтып тауысу мүмкін емес. Айтқандай, біраз жыл бұрын белгілі қыпшақтанушы ғалым Александр Гаркавецпен сұхбаттаса отырып, түркі тілдерінің негізгі бөлігінің түптамыры – қыпшақ тілінде осыдан 700 жыл бұрын Алтай мен Дунай арасын мекендеген халықтардың бәрі сөйлегенін, олардың селекциямен қалай айналысқанын баяндағаны бар. 2003 жылы ғалымның «Қыпшақ жазба мұралары» деген құнды зерттеуі жарық көрген болатын. Тағдырдың талай теперішін бастан өткеріп, тарихтың қатпарларында көмескіленіп қалып кеткен түркі халықтарының түрлі болжамды жазба тарихы ғылымға адал берілген осы бір оқымыстының арқасында дәлелді деректермен дәйектелген-ді. Сонымен, бір ғасырларда Алтай мен Дунайға дейінгі аралықта салтанат құрған біздің ата-бабаларымыздың тілі және оның жазба тарихы туралы Александр Гаркавецпен бүкпесіз сырласа отырып, жоғарыдағы жемістерді сүйегінен қалай айырудың жолдарын түсіндірген-ді. Ғалым қыпшақтардың ғылыммен де терең айналысқанын, мәселен өте ізденімпаз А.Торосович дейтін саудагердің жасыл райхан гүлін, сүйегі жоқ шабдалы мен өрік өсірудің әдісін бүге-шігесіне дейін баяндады. Бір қызығы, селекционерлер тәжірибесін сәтті тәмамдай келе: «Құдаймен тексерілген» деп жазады екен. Міне, бұл да біздің бабаларымыз. Қан деген, жәй ағып жатқан су емес. Ықылым бір замандарда бұл өнер біздің де қанымызда болды.
Төре сөздің түйіні. Ендеше, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – жауқазынның түп Отаны – Қазақстан деп құр мақтанға салынғанша, оны төріне шығарып тәжін кидіріп, қазақтың өзіне құт қылып қайтарар күн туса екен деген тілекпен, түрткі ойларды төгіп отырған жайымыз бар. Қазірдің өзінде Қазақстанда қызғалдақтың 32 түрі өседі екен. Оның ішінде 12 түрі тек біздің еліміздің топырағына тән дейді. Әлемнің небір бағбандары барын салып, өмірге әкелген жауқазынның сирек түрлері енді бізге жерсінбейді деп әсте ойлауға болмас. Ботаниктеріміз бен істің жайын білетін бизнесмендер күштерін біріктірсе, көздің жауын алған жауқазын өзіміздің кең-байтақ далаға ен байлық әкелері сөзсіз.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ