ЕЛОРДАДА “ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН” ГАЗЕТІНЕ КӨШЕ БЕРУ ТУРАЛЫ ШЕШІМ РЕСМИ БЕКІТІЛДІ
Газетіміздің атына көше беріледі деген хабар жаңа жылға дейін құлағымызға жетсе, енді Астана қаласы әкімдігінің 2009 жылғы 23 қарашадағы №74 қаулысы мен Астана қалалық мәслихатының 2009 жылғы 21 желтоқсандағы 287/42-ІV нөмірлі шешімі бойынша Астана қаласының Алматы ауданындағы М.Ломоносов атындағы көше “Егемен Қазақстан” газеті” көшесі деп аталатын болды. Құжатта аудан әкімі мен “Астана қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы” мемлекеттік мекемесі осы қаулы мен шешімді іске асыру жөнінде қажетті шара қабылдасын, Астана қаласы әкімдігінің қаулысы мен мәслихатының шешімі алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі делініп, оған Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов, Астана қаласы мәслихаты сессиясының төрағасы А.Бұлашев, Астана қаласы мәслихатының хатшысы В.Редкокашин қол қойса, бұл нормативтік құқықтық акт Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Астана қалалық әділет департаментінің нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне №611 болып енгізілгені көрсетілген.
Мұны осы 90 жыл ішінде Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов сынды газетіміздің тізгінін ұстаған алыптардың рухына жасалған құрмет пен бергі тарихта халқына қадірлі Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбай сынды Алаштың ардақты ұлдарының, осында бұрынғы уақытта және қазіргі кезде жұмыс жасаушы барлық адамдардың халқының алдындағы еңбегін бағалау және газеттің таралымын жылдан жылға өсіріп, еліміз егемендігінің қадірін бар болмысымен ұғынған ана тіліміздің жанашырлары – біздің оқырмандарымызға көрсетілген ықылас деп білеміз.
Басылым ұжымы, құрметті оқырман, осы қуанышпен өздеріңізбен ортақтаса отырып, “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахмановтың өтінішіне түсіністік танытқан елжанды азамат, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетовке айрықша ризашылық білдіреді және мәслихат хатшысы В.Редкокашин мен мәслихат депутаттарына, қалалық Ономастика комиссиясының төрайымы О.Асанғазыға және мүшелеріне, бұрынғы М.Ломоносов атындағы көшенің тұрғындарына алғысын айтады.
Қуаныштымыз, біз енді “Егемен Қазақстан” газеті көшесінде тұрамыз.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
КЕЛІСІМ ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ ҚАЛМАУЫ ТИІС
Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ресей Федерациясының Татарстан халықтар Ассамблеясы өкілдері кездесіп, Қазақстан тарапынан ҚХА Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов пен Татарстан тарапынан Ресей Федерациясы Татарстан Парламентінің спикері, ТХА Кеңесінің төрағасы Фарид Мухаметшин өзара әріптестік туралы келісімге қол қойды.
Этносаралық төзімділіктің қазақстандық үлгісі өзек болған бұл шараға Татарстан халықтар Ассамблеясы Кеңесі төрағасының орынбасары, “Біздің үй – Татарстан” журналының жауапты хатшысы Сағит Жақсыбаев, Парламент Мәжілісіне еліміз Ассамблеясынан сайланған депутаттар, Қазақстандағы татар және татар-башқұрт этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.
Бұл ретте татар халқының өкілдері қазақ топырағында ең көп қоныстанған этностардың бірі екенін айтуымыз қажет. “Бүгінде олардың саны 230 мыңға жетті. Сондықтан, біздің арамыздағы қарым-қатынас үзілмей, жалғасын таба беруі қажет. Бұл біздің еліміздегі этносаралық тәжірибемен де ұштаса береді деп сенеміз. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Парламент Мәжілісіне сайланған 9 депутат заң шығарушы органда қызмет етеді. Бұл да біздің елде қалыптасқан ұлтаралық жағдайдың деңгейін көрсетеді”, деді кездесу кезінде Ералы Тоғжанов. Оның сөзіне қарағанда, елімізде этносаралық мәселелерді жүйелендіру бағытында игі жұмыстар атқарылып жатыр.
Ал Ресей Федерациясы Татарстан халықтар Ассамблеясы Кеңесі төрағасының орынбасары Сағит Жақсыбаев этносаралық мәселелер өте күрделі, нәзік екенін, сондықтан оған айрықша көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. “Менің ұлтаралық, этносаралық мәселелермен бетпе-бет келіп жүргеніме 20 жылдай уақыт болды. Екі республика арасындағы келісім осымен 2-ші мәрте жүзеге асып отыр. 1998 жылы дәл осындай келісімге қол жеткізген едік. Болашақта мұндай келісімдер тек қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде де жүзеге асса деген тілегіміз бар”, деді өз кезегінде Сағит Көдебайұлы.
Бұл күнгі кездесу кезінде мәдениетаралық қарым-қатынас, білім беру және ғылым салаларындағы өзара іс-қимыл, мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыру бойынша тәжірибе алмасу, этносаралық келісім мен төзімділікті нығайту бағытында берік әріптестік орнату секілді мәселелерге айрықша назар аударылды. Бұл ретте қосымша іс-шаралар әзірлеу қажеттігі айтылып, екіжақты мәдени-гуманитарлық әріптестіктің өзекті тұстары төңірегінде пікір алмасылды.
Кездесу соңында оған қатысушылар мұндай әріптестік келісімге қол қою конфессияаралық және этносаралық келісімді қамтамасыз етуге, жалпыадамзаттық құндылықтар мен мәдениетаралық үнқатысуды нығайту мен мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосады деген ойларын жеткізді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
ӘСКЕРДЕГІ ЗАҢДЫЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Астанада Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Мәмидің қатысуымен Бас әскери прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Алқа мәжілісінде әскери прокуратура органдарының 2009 жылғы жұмысының қорытындысы талқыланып, алдағы кезеңде атқарылар міндеттер сараланды.
2009 жылдың қорытындысы бойынша прокурорлық қадағалаудың Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі, басқа әскерлері мен әскери құрылымдарындағы жағдайы, жалпы алғанда, қанағаттанарлық, қойылған талаптарға сай деп танылды.
Отырыста әскери басқару және қылмыстық қудалау органдарының құқық бұзушылықтың алдын алудағы қызметін жеделдету мен заңдылықты нығайтудағы әскери прокуратураның оңтайлы рөлі жайында айтылды.
Республиканың Бас Прокуроры сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуға, құқықтық актілердің заңдылығына, экологиялық қауіпсіздікке, әскери қызметке шақыру және әскери қызметті өткеру туралы заңнаманы орындауға, әскери мүлікті сақтауға қатысты мәселелерге ерекше назар аударуды талап етті.
Сондай-ақ, әскери прокурорларға прокуратураның құқық қорғау функцияларын нығайтуды, қылмыстың ұлғаюы, өз-өзіне қол жұмсау және жарақат алу фактілері байқалатын әскери бөлімдерде тексеру тәжірибесін күшейтуді жалғастыру тапсырылды, деп хабарлады Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметі.