Тұп-тұнық, қашан барсаң да көкпеңбек болып көздің жауын алып жататын Көлсай көлі шын мәнінде ғаламат. Аялап қана алақанға салғандай, айналасы жасыл шыршамен ғана көмкерілген мөп-мөлдір сұлулық символы. Табиғаттың тамаша туындысы іспетті. Көлсай – теңіз деңгейінен 1800-3500 метр биіктікте орналасқан. Көлсайдың тамаша өңірі жануарлар мен өсімдік әлеміне бай. Тіпті, ғажайып мекенде сирек әрі жоғалып бара жатқан табиғат дүниесі мен жануарлар ұшырасып жатады. Оған таңдануға болмайды. Мұнда шын мәнінде адамдардың қолы тимеген тұмса дүниелер сақталған. Көне мәдени мұраның орындары бар. – Көлсай көлдері – өлкеміздің ғана емес, еліміздің мақтанышы. Ұлттық табиғи парктің құрылуымен аумақтағы жағдай жақсара түсті. Өңірдегі өсімдік әлемі, жан-жануарлар дүниесі толықтай назарымызда. Парк арқылы бірсыпыра адамдар жұмыспен қамтылды.Мұнда мемлекеттік табиғи-қорық қоры қорғалады. Ғылыми-зерттеулер мен бақылаулар жүргізіледі. Табиғат құбылыстары мен табиғат кешендерінің жағдайына мониторинг жүргізіліп тұрады. Экологиялық ағарту жұмыстары қолға алынады. Ең бастысы, мұнда келіп демалушыларға бар мүмкіндік жасалған, – дейді «Көлсай көлдері» Ұлттық табиғи паркі мемлекеттік мекемесінің басшысы Әміржан Малыбеков. Ұлттық парк аумағында 40 түрлі жабайы жеміс-жидектің жеуге жарамдысы өседі. Олар: шетен, барбарис, таңқурай, қой қарақат, итмұрын, шырғанақ, қой бүлдірген, рауғаш, жабайы пияз, сарымсақ, тағы басқалар. Мұнда емдік қасиеті бар жұпаргүл, уқорғасын, томар дәрі, қондық қымыздық, қалақай, мың тамыр, пижма, кипрей, жалбыз, өгей шөп, қылқан жапырақ өседі. Ақ жаңбырлардан кейін көркін, бар тұлғасын аша жайнап тұратын өсімдік әлемінің дені емдік қасиетке толы. Жаңбырдан кейінгі жұпар шашқан түрлі исіне не жетсін, шіркін?! Көлсай өңірінде 226-ға тарта жан-жануарлардың түрлері кездеседі. Жалпы алғанда, Қазақстандағы жануарлардың 21 пайызын дәл осы өңір құрайды. Аталған жан-жануарлардың ішінде заңмен қорғалатын сүт қоректілердің 6 түрі, құстардың 13 түрі бар. «Қызыл кітапқа» енген жануарлар түрлерінің 17 пайызы осында. Сүт қоректілердің 29 түрі, жәндіктердің 15 пайызы, қанаттылардың 6 пайызы, жыртқыштардың 3 пайызы, кеміргіштердің 3 пайызы, аша тұяқтылардың 3 пайызы ұшырасып отырады. Рас, омыртқалы жануарлардың ең көп санын құрайтын құстар әлемі болып табылады. Сұлулығымен, түрлі үнімен көз баурайтын құстардың орманды мекендейтін 197 түрі бар. Ал жәндіктердің 735 түрі кездеседі. Атап айтарлығы, өңірде қар барысы өмір сүреді. Тәуелсіз Отанымыздың өркендеуінің нышанына айналған қар барысының сұлу да сымбатты мекеннің адам аяғы тие бермейтін жерлерінде өмір сүріп жатқаны үлкен қуаныш. Көлсайдың пайда болуы шамамен 1887 және 1911 жылдарға тап келеді. Көлдер тектоникалық жағдайлармен Қайыңды және Көлсай өзендері аумағында пайда болған. Аталған Көлсай өзені аумағында Жоғары Көлсай, Ортаңғы Көлсай және Төменгі Көлсай деп аталатын 3 көл бар. Жоғары Көлсай көлі теңіз деңгейінен 2650 метр биіктікте орналасқан, ұзындығы 580 метр, ені 190 метр, көлдің жалпы аумағы 180 мың шаршы метр, тереңдігі 24 метрге дейін барады. Ортаңғы Көлсай теңіз деңгейінен 2280 метр биіктікте орналасса, ұзындығы 1180 метрге, ең кең тұстары 800 метрге дейін жетеді. Көл аумағы 343 мың шаршы метр, тереңдігі 57 метр. Төменгі Көлсай теңіз деңгейінен 1800 метр жоғары орналасқан. Ұзындығы – 1520 метр, ені – 222 метр. Көлдің жалпы аумағы – 33 мың шаршы метр, тереңдігі 75 метрге жетеді. Осы өңірдегі іргелес, көрші сайда ертегі әлеміне ұқсас, сондайлық сұлу Қайыңды көлі бар. Ол теңіз деңгейінен 867 метр биіктікте. Қайыңды көлі біршама жас. Осыдан 100 жылға таяу уақытта 1919 жылы жер сілкінісінен пайда болған деген дерек бар. Жиналған су шұңқыр сайды толтырып, шыршалы орманды басып қалған. Соның салдарынан Қайыңды көл құшағындағы сақталып қалған шыршаларымен көрік беріп, келбетін аша түседі. Бұрнағы жылы Көлсай өңірінде 18 мың адам демалып қайтса, өткен 2016 жылы 22 мың адамның аяғы тиген екен. Үкімет қамқорлығымен Көлсайға баратын жол жөнделіп жатыр. Жол келесі алдағы жылдар ауқымында бітуі тиіс. Жол жақсарса келушілердің саны 2-3 есеге дейін көтерілмек. Ал биылғы ЭКСПО көрмесі тұсында Көлсайға келуші туристердің саны 2-3 есеге дейін артады деген болжам бар. Келушілерден түсетін қаражаттың қомақты бөлігі мемлекеттік бюджетке, қалғаны парктің жеке есеп шотына түседі. – Жыл сайын өңірде саябақтар шеруін өткіземіз. Өткен жылы бұл игі іс-шара Кеген ауылында жалғасын тапты. Түрлі туристік фирмалармен байланыстамыз. Қайткен күнде де келушілерге қолайлы жағдай жасау – басты міндетіміз, – дейді «Көлсай көлдері» паркінің экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Әділхан Батанов.
Қанат БІРЖАНСАЛ
Алматы облысы