14-ші «Қазан өрнектері» халықаралық байқауы балалар мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылып, «Экспромт» халықтық би театрының бишілері топ жарды.
Конкурсқа әлемнің әр қиырынан 70-ке жуық өнер ұжымдары қатысып, бәрі де бас жүлдеден үміткер болған.
«Тыңғылықты әзірліктің арқасында 18 қызымыз да тамаша өнер көрсетті. «Эстрадалық би» аталымында бірінші орынды иелендік. «Заманауи хореография», «Мәнерлі қимыл» аталымдарында екінші лауреат атандық», – дейді «Экспромт» халықтық би театрының көркемдік жетекшісі Алена Маринец.
Бұған дейін Астана, Мәскеу қалаларындағы байқауларда жоғары нәтижеге жеткен мың бұралған бишілер енді желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өтетін халықаралық «Artis-2017» атты байқауға қатысатын болады.
Өмір Есқали, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.