Бір қызығы, күллі дүниеге мірдің оғындай сөз нөсерін жаудырып жатқан ақпараттық соғыста жалпыға ортақ заңдық, моральдық нормалар, былайша айтқанда, бірыңғай шайқас ережесі мүлдем жоқ. Сондықтан, қазіргідей озық ақпараттық технологиялардың мылтықсыз майданында қаңқу сөздің қаңғырған жебесі қаңғалақтап жүріп қай жеріне келіп қадалатынын бүгінде ешкім тап басып айта алмайды. Әлеуметтік желіні ашсаң бірін-бірі балағаттап, бейпіл сөз айтып, қауесет таратып, «қан майдан» болып жатқандарды көресің. Әсіресе, ағылшыннан аударғанда «жасанды» деген ұғымды білдіретін фейктің өріс алғаны соншалық, жалған ақпарат немесе фотошоп арқылы өңделген жасанды суреттер арқылы «өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» етіп, ел-жұртты адастырып, әлекке салу әдетке айналды. Бүгінгі ақпараттық айла-тәсілдер жеке адамдарға ғана емес, тұтастай мемлекеттердің дербестігіне де қауіп туғызып жатқанын да жұртшылық біледі. Бұдан біраз жыл бұрын ислам әлеміндегі «араб көктемі» деген атпен орын алған жаппай толқулардың басталуына қалта телефоны арқылы жіберілген қаңқу сөздер түрткі болған еді. Төңірегіміздегі Қырғызстан, Украина елдерінде біршама жылдар бұрын болған берекетсіздіктердің де белең алуына жұртты дүрліктірген қауесеттер елеулі ықпал етті. Сөйтсек, адамзатты бұзатын сұрқия сөз бұрынғы заманда да іске асқан екен. Парсы патшасы І Ксеркс Грекияға көз алартып, ежелгі Эллада елін жаулап алғысы келгенде әуелі алыпқашпа сөз таратудан бастаған екен. Саудагерлер жұртшылық арасында: «парсы әскерінің көптігі соншалық, олар садақпен оқ жаудырғанда күннің көзі жабылып, жерді қара түнек басады» деген үрей таратыпты. Шыңғыс хан жаулап алатын жерлерге моңғол әскерінің шектен тыс қаныпезерлігі жайында қауесет таратқызып, рухы алдын ала сынған жұрттардың соғыссыз тізе бүгуіне қол жеткізіп отырыпты.
Адамзаттың ой-санасы мейлінше өсіп, құдайдың құпия кодтарын шеше алмаса да, одан бергі түрлі амалдарды бойына сіңірген ақпараттық соғыстың тактикасы бүгінде барынша соны сипатқа ие болуда. Мына заманауи мысалға назар аударып көріңіз. Орманда бір тасбақа өмір сүріпті. Ол жолай кездескендерге өзінің зілдей тас сауытын арқалаудан шаршайтынын айтып, көрінгенге шағымдана береді екен. Мұны құлағы шалған түлкі орманнан заңгерімен бірге келіп, оған өзара тиімді бағаға тас сауытын сатуды ұсынады. Бірақ түлкінің түпкі мақсаты тас сауытты сатып алу емес еді, қорғанышынан айырылып, жалаңаштанып қалған тасбақаның дәмді етіне асқазанын майлау болатын. Қанша жерден аңқау, ашықауыз болса да тасбақаның өзін өзі қорғау инстинкті іске қосылып, қарақан басын азулылардан аман алып қалып жүрген осы тас сауыты екені есіне түсіп, күмәнді ұсынысқа келісімін бермейді. Уақыт өте келе орманда озық телекоммуникациялық құралдар қызмет көрсете бастайды. Бірде тасбақаны ормандағы зәулім қарағайға ілінген телеэкрандағы керемет көріністер есінен тандыра жаздайды. Экран арқылы аспанда еркін қалықтап, көк жүзінде самғап жүрген тасбақаларды көрсетуде. Экранның сыртынан әсем әуенмен ілесе: «Неткен ғажап! Тамаша бақыт! Қандай сұлулық!» деп тамсанғанда таңдайы тақылдап, тұмсығы тоқылдайтын тоқылдақ диктордың дауысы естіледі. Көз арбаған көрініске аузы ашылған тасбақа әлгі ағайындастары сияқты әуеде ән салып, биікте би билеп жүруге бел буды. Кенет түлкінің әлгі қауіпті ұсынысы есіне түсті. Бірақ кеше ғана осы экран арқылы берілген «орман жаңалықтарында» түлкінің бұдан былай ет жеуден бас тартып, вегетариандық өмір салтына көшкені айтылған еді. Яғни, қауіп жоқ, ғажайып өмірге жол ашық. Ақыры тасбақа тас сауытын шешіп, алға бір-екі қадам жасайды. Өкініштісі, бұл оның соңғы қадамдары болатын. «Ақпараттық соғыста» түлкі әуел бастан зымияндықпен жоспарлап қойған мақсатына осылайша қол жеткізді.
Бүгінде жоғарыда мысалға келтірген тасбақаның тағдырын құшып қалмау үшін әлем елдері ақпараттық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға барынша күш салуда. Елімізде қазіргі таңда бұл бағытта заң жобасы әзірленіп, мемлекеттің заңнамасына қайшы келетін сайттарға мониторинг жүргізілуі және басқа да жасалып жатқан нақты қадамдар ақпараттық қауіпсіздікке қалқан болады деген көпшіліктің үміті басым. Өйткені, көзге көрінбейтін, қолға ұстатпайтын жаһандық сөз майданында сырттан сыналап келетін әрбір ақпарат, мұнтаздай ақ парақ емес екенін, яғни, оның астарында арбаушы мазмұн болуы ықтимал екенін жұртшылық ұғына бастағандай.
Қуат БОРАШ, «Егемен Қазақстан»