• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Шілде, 2017

Телефонға телмірген тірлік

757 рет
көрсетілді

Заман ағымы деген осы, бүгінде ұялы байланыс күнделікті өмірімізге дендеп енді. Бала-шағаның, жастың да, жасамыстың да қолында телефон. Бар тірлігімізді бір алақанға сыйып кететін кішкентай құралдың, «ең қымбатты мүлігіміздің» көмегінсіз шеше алмайтын болдық.

Шынын айту керек, оның ішінде не керектінің бәрі бар: мәселен, сағат, күнтізбе, оятқыш, есептегіш, суреттер мен бейнебаянға түсіру, есте сақтау, қажетті өлеңді немесе мәліметті жазып алып, сақтап қою, ән тыңдау, кинофильмдер көру, интернет байланысына шығу, тіпті санай берсең таусылмайды. Бар шаруамызды да қала аралап, табанымыздан сарсылмай осының көмегімен бітіреміз. Не десек те, мұны ойлап тапқандар әуел бас-та оны адамдардың игілігі, байланыстың тиімділігі үшін шығарған ғой. Бірақ...

Бұл тұрғыда көптеген ғылыми зерт­теулердің нәтижелері бір-біріне қара­ма-қайшы. Біреулері ұялы телефонды жиі пайдалану адам денсаулығына қауіпті десе, екіншілері оның зияны жоқ деген пайымды алға тартады. Өндірушілер мен ұялы байланыс операторлары өнімнің адамдарды күнделікті қым-қуыт шаруадан арылтып, бос уақыттарын тиімді үнемдеуге мүмкіндік береді дегенді айтады. Ал ғалымдардың пікірінше, осы бір «бос уақыт» кейін бас ауыртатын жайларға ұласуы әбден мүмкін.  

Ресейлік ғалым, экологиялық қауіп­сіздік орталы­ғының директоры Юрий Аникин ұялы байланыс басқа да био­логиялық белсенді электр өрісті сәуле бөліп шығаратын (компьютер, теледидар, қысқа толқынды пеш немесе радиотелефон) секілді адам денсаулығына кері әсер етеді дегенді айтады. Ғалымдардың зерттеулерінше, адам ағзасындағы ең маңызды нүктелер ми, көз, жүйке, қан айналымы, эндокринді және жыныс мүшелері жүйесі. Сондықтан кез келген электромагнитті өріс адам ағзасының қорғаныс аумағына дендеп еніп, нәтижесінде уақыт өте келе ауыр сырқаттарды туындатады.  

Кез келген ата-ана баласы есейе бастаған соң: «Неге баламызға арзан да болса бір қалта телефонын сатып алып бермеске» деп ойланады. Дұрыс, сатып әперу керек те шығар, заман ыңғайы солай болып тұр, бірақ оның қауіпсіздігіне кепілдік бар ма? Швеция ғалымдары өздері жүргізген зерттеулер нәтижесіне сүйеніп, мынадай түйткілді, түйткілді емес-ау, қорқынышты мәліметті келтіре кетіпті. Жас баланың ағзасы жетіле бастағанда, электромагнитті өрістің кері ықпалына аса бейім болады екен. Сондықтан көпшілігінде ержете бастаған кезде, әсіресе қылшылдап тұрған 25-29 жас аралығында қатерлі ісікке шалдығудың тәуекелі басым болатын көрінеді. Мұндай сырқатқа шалдыққан пациенттердің бала кезінен-ақ қалта телефонына байланғандығы анықталыпты. Мұның әсіресе, мидың қатерлі ісігінің дамуына ықпалы зор көрінеді. 

Ұлыбританиядағы Бристоль универ­ситеті ғалымдарының зерттеу­лерінде телефонды ұзақ уақыт бойы үзіліссіз пайдаланған 10-11 жас аралығындағы балалардың уақыт өте келе иммундық жүйелері әлсіреп, әртүрлі созылмалы сырқаттарға шалдығулары жиілейтіндігі туралы айтылған. Олардың тұжырымынша, телефонмен күніне 20 минуттан артық сөйлеспей, ұйқыға жатарда өзінен кем дегенде 1-1,5 метр алыстау қою керек екен. Қазір ата-аналар оқушы былай тұрсын, есін енді біле бастаған жас сәбиге де телефонды ойыншық ретінде қолына беріп қойған. Ал бала оны қолына ұстайды, аузына апарады, жалайды. Ал мектеп жасындағы балалар оны уақыт өткізу құралына айналдырып алған, сабақ жайына қалады. Мұғалім 45 минут бойы сабақ түсіндіріп әлек болып жатса, олар бір-біріне хат жазып, әуен тыңдап, ұйқылы-ояу маужырап отырады.

Еліміздің батыс аймағында бір бойжет­кеннің қуат көзіне қосылған қымбат телефонын басына жастап жатқанда, ол өз-өзінен жарылып, денесінің біраз бөлігін күйік шалғандығынан хабардармыз. Сондай-ақ, анасының қасында жатқан жас сәбидің қуат көзіне қосылып тұрған ұялы телефонның сымын тісімен шайнап, зардап шеккенін де білеміз, әйтеуір Құдай қаққанда балақай тірі қалыпты. Ал өткенде ғана әлеуметтік желілердің бірінде Ресейде бір бойжеткеннің қалта телефонның салдарынан қатерлі ми ісігіне шалдығып, қайтыс болғандығы туралы хабар пайда болды. Бұрындары көзілдірікті жасы келген жасамыс адамдар пайдаланушы еді, қазір 5-6 жастағы бүлдіршіндердің көзілдірік тағып жүрулері таңсық болмай қалды. Оның себебі ерте бастан жанарларын телефон мен компьютер жеп қойған. Олардың есейіп, ержете келе көз жанарларынан тіптен айырылып қалмасына кім кепіл?

Шынтуайтына келгенде, бұл тақырып турасында айтылып жатқан әңгіменің, ой-пікірлердің шеті-шегін табудың қиынға соғатын түрі бар. Пайдасын әркім біледі, алайда бастан асатын зияны туралы бір сәт ойланып көрдік пе?

 

Талғат ТӘШКЕЕВ, журналист

Ақмола облысы