Тағы бір-екі күн күте тұрыңыз, міндетті түрде мүлкіңізді дайын қыламыз», деді телефонның арғы жағынан шыққан дауыс. Күтпегенде қайда барып, не істей қоймақпын, жарайды, күтейін дедім, мен де амалсыздан. Уәделі күні жаңағы фирманың өкілі тағы телефон соқты. Тағы да кешірім сұрады, тағы да бір күнге кешігетіндерін айтып, шыдай тұруымды өтінді. Мен тағы да шыдадым. Шыдамасқа амал да жоқ. Қойшы, әйтеуір, үш күнде дайын болады деген дүние алты күнде әзер дайын болды.
Біздің өмірімізден мұндай мысалдарды жиі кездестіруге болады. Оның негізінде сол баяғы өзімізге жақсы таныс жауапсыздық, іске деген немқұрайдылық жатқаны баршамызға белгілі. Бір кездері, еліміз нарықтық қатынастарға енді көшіп жатқан замандарда жеке кәсіпкерлік дамыған кезде бәрі де тамаша болады, олардың арасында бәсекелестік туындайды, ал ол бизнесмендерді өз жұмыстарын уақытылы әрі сапалы атқаруға итермелейді деген болатын кейбіреулер. Неге екенін білмеймін, содан бері арада ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де сол айтқан «тамаша күн» әлі де туа қойған жоқ. Жеке меншігіңіз дәуірлеудей-ақ дәуір- леді. Оны олардың материалдық жағдайларына қарап та аңғара беруге болады. Коттеджіңіз де соларда, автокөлігіңіз де соларда, басқа игіліктеріңіз де соларда – дүниені жалпағынан басады. Ал өз саласы бойынша халыққа қызмет көрсетуге келгенде сол баяғы шалағайлық. Жалпы, бізде өз міндетін тиянақты атқарып, көпшіліктің ризашылығына бөленіп жатқан қандай да бір жеке меншік компания бар ма екен өзі? Бар болса қалса, саны қанша екен? Осы орайда сонау кеңестік заманда, дәлірек айтқанда, социализміңіздің саудасы біткелі тұрған жылдардың бірінде сол кездегі орталығымыз Мәскеуден шығатын газеттердің бірінен, әлде «Известия», әлде «Правда», ұмыттым, оқыған бір қызықты мақала есіме түсіп отыр. Онда ресейлік журналист Жапонияда болғанда өзінің сол елдің құс өсіретін бір фермерінің жұмысымен танысқанын жазыпты. Сонда мәселе қалай болған дейсіз ғой. Жаңағы тілші құс фермасына келіп оның қожайынынан өзінің шаруашылығымен таныстыруды өтінеді. Жапониялық фермер қарсылық білдірместен келіседі. Сөйтіп, екеуі құс тұратын қораға келеді. Келсе жып-жинақы қора мен оның ішінде жағалай жемін теріп жеп жүрген құстарды көреді. Бірақ жан-жағына қараған ресейлік (бәлкім, бизнестен хабары болмағандықтан кеңестік деген дұрыс шығар) қораңыз өте жақсы екен, сонда бұл құстардың жемін қайда сақтайсыз деген сұрақ қояды. Оған жапон жігіті ол менің міндетім емес, оны, яғни жемді пәленше әкеліп береді деп тағы бір жапон бизнесменінің атын атайды. Кеңестік журналист те өзінің құс шаруашылығынан аз-мұз мағлұматы бар екенін сездіргісі келіп, ал енді бұлардың жұмыртқасын қайда сақтайсыз, деп одан әрі қазбалайды. Сол кезде жапониялық кәсіпкер осының есі дұрыс па дегендей мұның бетіне бажырая қарапты да, жұмыртқаны кім сақтап отырады, ол бұзылып кетпей ме, оны пәленше келіп алып кетеді деп екінші бір бизнесменнің аты-жөнін айтады. Кеңестік журналист болса, ұсталған жерің осы шығар деп алақанын уқалайды. Сөйтеді де «Ал, ол келмей қалса қайтесің? Жұмыртқаларың шіріп кетеді ғой?» деп сұрақты төтесінен қояды. Әу басында жапон кәсіпкері мұның сұрағын онша түсіне қоймайды, сонда да болса «Неге келмейді, келеді», деп жауапты қысқа қайырады. Ресейлік те қадалған жерінен қан ала түседі: «Ауырып қалса қайтесіз?». «Өзі ауырып қалса, әйелі әкеледі». «Әйелі де ауырып қалса ше?». «Онда баласы әкеледі». Түбі өзінің қайткенде де жеңетініне сенімді ресейлік «Егер ол үйде бір адам қайтыс болса қалай болады, онда жем жеткізілмей, жұмыртқа жиналмай қалады ғой», деп одан әрі індете түседі. Анау болса «Біреу қайтыс болған күннің өзінде де сол үйдің бір мүшесі уақыт тауып жемді қайтсе де жеткізіп береді», деп жайбарақат қана жауап қайтарады. Осылайша өрбіген арадағы әңгімеден кейін ресейліктің ойында не жатқанын ұға бастаған фермер оған мән-жайды түсіндіруге кіріседі. Біздің елдегі жағдай сіздердегідей емес, бізде әркімнің өз кәсібі бар және сол кәсіптің арқасында бүтіндей бір отбасы күн көреді. Сондықтан олар дүниеде не болып жатса да кездескен кедергіге қарамастан өз кәсібін мінсіз атқаруға тырысады. Айталық, менімен байланыс орнатқан кәсіпкер менің тауықтарыма жемді уақытында әкелмесе немесе жұмыртқаны дер кезінде жинап алып кетпесе, мен олардан бас тартамын да, басқа кәсіпкерлердің қызметіне жүгінемін. Ал, мен сияқты фермерлерге қызмет көрсетуге дайын тұрған кәсіпкерлер толып жатыр. Шындығына келгенде, ешкімнің де «жеп отырған нанынан» айырылғысы келмейді. Сондықтан да олар өмірде қандай оқиғалар орын алып жатса да, өз міндетін шашау шығармай орындайды. Өйткені оның бүкіл тіршілігі сол кәсіпке қарап тұр, дейді жапон азаматы. Міне, күншығыс еліндегі іске деген көзқарас. Ал, бізде ше? Біздің іс бизнеспен қаншалықты сәйкеседі екен, осы?..
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»