Ұстазымның жанында қанша жыл жүріп, әңгімелерін тыңдасам да, жаңағы естелігін бұрын естімеппін. Ұлттық өнер, ұлттық кино туралы қаншама дәрістерін, сұхбаттарын ұйып тыңдап, мақалалары мен кітаптарын тұшына оқыдық. Бірақ олардың неліктен соншалықты әсер ету сырын сол жолғы әңгімесі ұқтырғандай болды. Сөйтсек, өнер туралы сөз қозғайтын адамның өзінде, жүрегінің түкпірінде, санасының қатпар-қатпарында жаңағыдай көрініс мәңгілік қалуы керек екен. Сол әсер, сол көрініс кейін есейіп, азамат болған шағында да адастырмайтын шамшырақ болып қала береді екен. Өнерге адал болудың сыры да сонда ма деп қалдым. Бала кезінен көзіне оттай басылып, жүрегінің түкпірінде тұмарындай сақтап өткен сол көрініс, сол иіс тұлға болып қалыптасуына, қазақ өнерінің шын жанашырына айналуына бірден бір себепші екеніне кәміл сенемін.
Шын мәнінде, кейде көп адамның ісін жалғыз өзі атқаратын тау тұлғалар болады. Бірақ олар өте сирек кездеседі. Өйткені, ондай-ондай атан жүгін жалғыз өзі арқалау үшін де үлкен жүрек, кең- пейіл, асқақ арман, ісіне деген ғажап сүйіспеншілік, жанкештілік қажет. Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын бұл пәниден мәңгі мекеніне аттанған белгілі кинотанушы, киносыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану профессоры, ұлағатты ұстаз Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек – қазақ киносы атты тұтас бір саланың бағына өмір бойы қызмет еткен, жүздеген адамның жүгін жалғыз өзі арқалаған сол ірі тұлғалардың бірі әрі бірегейі еді.
Ұлттық кинематографияның даму кезеңдерін, жетістіктері мен кемшіліктерін, бағыт-бағдарын айқындап берген Бауыржан Рамазанұлының бүкіл саналы ғұмыры мен шығармашылық жолы қазақ киносымен тығыз байланысты болды. «Ертегілерге жан біткенде», «Қазақстан киносы», «Қазақфильм» экранында», «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер» атты кітаптардың, «Қазақ киносының тарихы» оқулығындағы «Қазақ анимациялық киносының тарихы» бөлімінің, 280-ге жуық мақаланың авторы, еңбектері көптеген шет тілдеріне аударылған Бауыржан Рамазанұлының қазақ ұлттық киносына және оны зерттеу саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Бауыржан Рамазанұлы киелі Ұлытау жерінде дүние есігін ашты. Болашақ кинотанушының алғашқы киномектебі де сол ауылдан басталды. Әкесі Рамазан ауылдағы жалғыз киноклубта көрсетілетін фильмдерге ылғи да ұлымен бірге барып тамашалап, соңынан жаңағы фильм туралы пікір алмасып отыруды қалыпты әдетке айналдырады. Шын мәнінде, әкесі Рамазан болашақ кәсіби киносыншының алғашқы рухани ұстазы болды. Бауыржан Рамазанұлының өзі кейін бір сұхбатында былай деп еске алады: «Әкем көрген фильмдер туралы менімен әңгімелесіп отыратын. Кейде дастарқан басындағы пікірталасымызға бірнеше сағат кететін. Екеумізге де қатты әсер еткен – «Төраға» («Председатель») фильмі болды. Ал Григорий Козинцевтің «Гамлет» фильмінен кейін, кинематографистің оқуына барамын деп нақты шешім қабылдадым».
Алайда, кино өнерін қаншалықты ұнатса да, әкесінің арманы – ұлының инженер мамандығын алуы болыпты. Ақыр соңы әкесінің келісімін алған болашақ кино зерттеуші асқақ арманын арқалап, Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтындағы (ВГИК) Сценарлық-кинотану факультетінің «Кинотану» бөліміне оқуға түседі. Кинематография институтын 1971 жылы тәмамдаған Бауыржан Нөгербек «Қазақфильм» киностудиясындағы мультипликация бірлестігінің бас редакторы болып Алматыға оралады. Бұл елімізде енді ғана қанат қағып келе жатқан мультипликациялық өнердің алғашқы кезеңі еді. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмімен (1967 ж.) қазақ мультипликациялық киносының шымылдығын ашқан Әмен Қайдаров 1970 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтында оқып жүрген ел жастарымен танысып, мультипликаторлар тобын құру мақсатымен арнайы Мәскеу қаласына келеді. 4-курста оқып жүрген Бауыржан Рамазанұлының қазақ анимациялық киносының атасымен алғаш осы оқу орнында кездесті. Әмен Қайдаровпен кездесу алдында ғана бекітіліп қойған «Дзига Вертов және қазақ деректі киносы» атты дипломдық жұмысының тақырыбынан бас тартып, қазақ анимациялық киносы туралы тақырыпты таңдауына себепші болады. Алайда, бар-жоғы үш-төрт жылдың ішінде бес қана фильм жарық көрген қазақ мультипликациялық киносы туралы дипломдық жұмыс жазу оңайға түспейді. Бірақ материалдың жұтаңдығы болашақ терең зерттеулерге жол салған дипломдық жұмыстың жазылып шығуына кедергі болмайды.
«Қазақфильм» киностудиясының мультипликация бірлестігінде жұмыс істеген он жыл ішінде фильмдердің редакторы бола жүріп, мақалалар мен ғылыми жұмыстар жазып, республикалық баспасөз беттерінде жиі жарияланады. Нәтижесінде қазақ мультипликациялық киносы үшін маңызы аса зор «Ертегілерге жан біткенде» атты сүбелі еңбегі жарық көреді. Егер Әмен Қайдаров осы өнердің негізін қалап, оның қалыптасуы мен дамуына орасан қызмет етсе, Бауыржан Нөгербек осы өнер туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазып, теориялық еңбектер жариялаған тұңғыш кәсіби кинотанушы болды. Бұл еңбектер ұлттық анимациялық киноның практикасы мен теориясының қатар өмір сүруіне мүмкіндік берді.
Ұлттық дүниетанымды іздеуде кинотанушы ендігі назарын қазақ көркемсуретті киносына аударады. 1988 жылы «Үлгіден бас тарту» («Отречение от схемы») атты мақаласы жарық көреді. Онда 80-ші жылдары түсірілген фильмдердің көпшілігі шынайы өмірден алыс екені, сыртқы формализмге ұрынғаны, ұлттық ерекшеліктерге келгенде сыртқы белгілерден аса алмайтыны, керісінше, «Құлагер», «Интервал» секілді талантты шығармалардың сөреде қалуы сияқты т.б. өзекті тақырыптарды алғашқылардың бірі болып көтереді. Жалпы, Бауыржан Рамазанұлының шығармашылығы тарихи-биографиялық фильмдер, белгілі кинематографистердің шығармашылығы мен өмірі, анимациялық кино, «жаңа толқын» киносы, көркемсуретті және анимациялық кинодағы экранды-фольклорлық дәстүрлер, киноөндіріс, кинопрокат, кинофестивальдар, киномамандар даярлау, жас кинематографистердің фильмдері сияқты қазақ киносына қатысты барлық маңызды тақырыптарды қамтыды.
Б.Нөгербектің мақалаларындағы, зерттеу еңбектеріндегі, баспасөз беттеріне берген сұхбаттарындағы тұшымды ой-пікірлері мен теориялық тұжырымдарының ұлттық кино өнеріміздің бүгіні мен келешегі үшін маңызы өте зор. Еңбектері шын мәніндегі қазақ кәсіби кинотеория саласының негізін қалады деуге толық негіз бар. Осы ретте қазақ көркемсуретті киносындағы фольклор дәстүрлерін тарихи-теориялық тұрғыдан қарастырып, ұлттық кино өнерінің қалыптасуы мен даму кезеңдері туралы тың көзқарас қалыптастырған «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер» атты ірі теориялық еңбегін ерекше айтуымыз керек. Осы еңбегі тек өз елімізде ғана емес, шетел киномамандары арасында да кеңінен танымал және олардың тарапынан өте жоғары бағаланды. Мысалы, ресейлік кинотанушы, өнертану докторы, профессор, әлемдік деңгейдегі танымал кинотеоретиктердің бірі В.И. Фомин монография туралы пікірінде: «Автордың жоғары деңгейдегі сараптамалық ойлау қабілеті, аса білімділігі мен дарыны қазақ киносы туралы ірі кәсіби теориялық еңбекпен танысуымызға мүмкіндік берді», деп жазды.
Бауыржан Нөгербектің қазақ өнері мен мәдениетінің тарихында қалатын тағы бір орасан еңбегі – еліміздегі кинопедагогиканың қалыптасуына қосқан үлесі болды. Сонау 90-жылдардың басында Әмен Қайдаров, Камал Смайылов, Әкім Таразилермен қатар жүріп, кино мамандарын дайындайтын бөлімдердің елімізге аса қажет екенін дәлелдеп, сол мамандықтардың ашылуының басы-қасында болып, алғашқы оқу бағдарламаларын дайындады. Нәтижесінде, КСРО тарап, оның құрамында болған әр республика өз алдына жеке отау құрып жатқан сол жылдары жоғары оқу орындарында кино мамандарын дайындайтын бөлімдер ашпақ түгілі, кино өндірісін сақтап қалу-қалмауының өзі екіталай болған көрші елдермен салыстырғанда, біздің жағдайымыз бөлектеу болды. Ең маңыздысы – Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтында (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) кино мамандарын дайындайтын бөлімдердің ашылуы еді. Бауыржан Нөгербек осылардың ішіндегі алғашқылардың бірі болып ашылған кинотану мамандығына 11 шәкірт қабылдады. Осы жылы режиссер-аниматорлар бөліміне де студенттер қабылданады. Келесі жылы кинодраматургтер, кинорежиссерлер, телевидение саласының мамандарын дайындайтын бөлімдер ашылды. Жыл өткен сайын киноға қажет мамандықтар бірінен кейін бірі дүниеге келіп жатты. Дәріс беріп, маман тәрбиелеу ісіне белгілі кинематографистер тартылды және ең маңыздысы, киноға қажет барлық мамандықтарға жыл сайын шәкірт қабылдау дәстүрі қалыптасты. Ұлттық кинопедагогика тарихының қайнар көзі болған Бауыржан Рамазанұлы кеңес үкіметі жылдары тек Мәскеудегі ВГИК-те дайындалып келген, ал елімізде тұңғыш рет 1993 жылы ашылған кинотану мамандығының жолға қойылуына өмірінің соңына дейін қызмет етті. Басты назар аударғаны да – қазақ киносын қазақ тілінде жазып, зерттейтін мамандардың өсіп-жетілуі болды. «Қазақ киносы туралы шеттен келіп ешкім жазбайды. Өйткені, оны түсініп, талдайтын да сол ұлттан шыққан маманның өзі. Сондықтан, сендер қазақ киносы мен көрерменнің арасындағы көпір іспеттісіңдер», деп шәкірттеріне жиі айтып отырды. Қазақ киносы, кинематографистердің шығармашылығы туралы зерттелген еңбектер жазылса деп армандады. 2010 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінде кино мамандарын дайындайтын бөлім ашылды. Солардың бірі – Бауыржан Рамазанұлы қабылдаған кинотану бөлімі еді. Сөйтіп, кешегі Алматыда басталған ұстаздық жол енді Астанада жалғасты. Келесі жылы ашылғанына 25 жыл толатын қазақ кинотану мектебінің негізін қалап, өзі оған өмір бойы қызмет еткен Бауыржан Рамазанұлының шәкірттері бүгіндері кинопедагогикада, киноөндірісінде, телевидениеде, радиода, ғылымда, кинофестивальдарда, т.б. салаларда жемісті еңбек етіп жүр. Шәкірттері үшін ұстаз алдында тыңдаған дәрістері ғана емес, қарапайымдылық, мейірімділік, ішкі мәдениет, парасаттылық секілді жеке басының қасиеттері де үлгі болып қалары анық.
Қаншама сүбелі еңбектері мен еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген шәкірттері, құрметтейтін достары мен әріптестері бар Бауыржан Рамазанұлы шын мәнінде тамыры тереңге жайылған бәйтерекке айналды. Жұбайы Гүлжихан Бекхожинамен бірге Саттар, Сәкен, Алтынай, Баубек секілді ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйген бақытты ата болды. Әке-шешенің өнегелі тәрбиесін көріп өскен ұрпағы да бүгіндері қазақ руханиятына еңбек етіп, үлесін қосып жүр. Қазақ киносын тануда Бауыржан Рамазанұлының еңбектері тек еліміздің ғана емес, одан тыс жерлердің де мәдени кеңістігінде атқаратын қызметі зор. Жақында ғана Астана қаласында өткен XIII «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің жабылуында Халықаралық киносыншылар Федерациясының (ФИПРЕССИ) Бас хатшысы, белгілі кинотанушы, киносыншы Клаус Эдердің (Германия) сахнада ФИПРЕССИ Қазылар алқасының жүлдесін тапсырып тұрып: «Біз, еуропалықтар, Азия, соның ішінде қазақ, қырғыз киносы туралы сыншылардың еңбектері арқылы білеміз. Қазақ киносын Бауыржан Нөгербек арқылы таныдық. Өкінішке қарай, ол кісі өмірден өтіпті. Сіздер үлкен тұлғадан айырылдыңыздар», деген сөзі соның бір айғағы болса керек.
Ұлттық өнер мен мәдениетке өлшеусіз еңбек сіңірген, соңында өшпес із қалдырған Бауыржан Рамазанұлы Нөгербектің қазақ киносы деп соққан жүрегінің тоқтағанына да қырық күндей болыпты. Ел руханияты тау тұлғасынан айырылды. Ұлытауда шыр етіп дүниеге келіп, сондағы шағын киноклубта әкесімен бірге фильм тамашалайтын кешегі жас өрім мәңгілік мекені – Ұлытауына қайта оралды. Алғашқы ұстазы – Әкесінің жанына...
Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы, өнертану кандидаты