Басқосуда екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, соның ішінде сауда-экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту бойынша 2017-2018 жылдарға арналған бірлескен шаралардың жоспарын іске асыру барысы талқыланды.
Жиында алдымен Бақытжан Сағынтаев сөз сөйлеп, Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасы жыл санап ілгерілеп, дамып жатқанын атап өтті. «Екі ел арасындағы түрлі саладағы байланыстар достық пен ынтымақтастық рухында қарқынды түрде өркендеп келеді. Осы орайда біздің елдердің көшбасшыларының рөлі айрықша. Қазіргі кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Минскіге сапарына қызу дайындық үстіндеміз. Мемлекет басшысының сапары Қазақстан-Беларусь қатынастарын бұрынғыдан да ілгерілете түсуге елеулі серпін береді деп болжап отырмыз», деді Б.Сағынтаев.
Өз кезегінде Андрей Кобяков Қазақстан тарапының қонақжайлығы үшін алғысын білдірді. «Биыл – елдеріміз үшін мерейтойлы жыл. Біз 25 жыл бұрын дипломатиялық қатынастарды орнаттық. Осы уақыт аралығында ынтымақтастығымыз стратегиялық мәнге ие болды. Қазақстан – біздің маңызды әрі сауда айналымы көлемі бойынша сенімді серіктесіміз, сіздермен екіжақты, сондай-ақ, интеграциялық тұрғыда әрі халықаралық ұйымдар аясында жоғары деңгейдегі өзара іс-қимылдарды қолдап келеміз», деді Беларусь үкіметінің басшысы.
Басқосуда екі тарап Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Беларусь үкіметаралық комиссиясы қызметіне қатысты мәселелерді қарады және биыл қыркүйек айында Қазақстанда өтетін комиссияның кезекті 13-отырысын талқылады. Содан кейін мамыр айында Қазан қаласында ТМД елдерінің Үкімет басшылары кеңесінің отырысында қол қойылған, «Қазақстандық Токамак» базасындағы тәжірибелік кешенді бірлесіп пайдалану туралы келісімнің іске асырылу жағдайын сөз етті.
Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ аясында өзара іс-қимыл жасасу мәселелеріне назар аударды. Өнеркәсіптік салада, көлік және коммуникациялар, сондай-ақ, ғарыш саласында ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды. Шара соңында Б.Сағынтаев пен А.Кобяков ЭКСПО-2017 көрмесі мен Астанада құрылатын Стартап-хаб аясында бірлескен жобаларды іске асыру келешегін талқылады.
Екі елдің Премьер-министрлері Бақытжан Сағынтаев пен Андрей Кобяковтың кездесуі бірқатар екіжақты келісімдерге қол қою рәсімімен жалғасты. Қазақстан Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов пен Беларусь Ұлттық ғылым академиясының төралқа төрағасы Владимир Гусаков ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойды.
«Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрайымы Алмагүл Ахметжанова мен Белтелерадиокомпания төрағасы Геннадий Давыдько ынтымақтастық туралы келісімді бекітті. Сонымен қатар Қазақстан Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Аян Еренов пен Беларусь Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Владимир Улахович ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»