• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Тамыз, 2017

Халыққа қызмет көрсету жаңа сапада

482 рет
көрсетілді

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация­сы өздерінің атқарып жатқан жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне таныстырды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚО) заманауи жаңалық көп. Жылдан жылға қызмет көрсету сапасы жақсарған, орталықта оң өзгерістер жетерлік.

Корпорация қызметкерлері бұқа­ра­лық ақпарат құралдарын ең әуелі «1414» бірыңғай байланыс орталығының жұ­мысымен таныстырды. Орталық басшы­сы Анар Улманованың сөзіне сү­йен­­сек, күніге әр қызметкер 200-ге жуық қоңырауға жауап бере­ді екен. Қа­зіргі таңда call-орта­лық тәулік бойы жұ­мыс істей­ді. Күніне «1414» қызметіне 15 мың­нан астам адам жүгінсе, түнгі мез­­­гілде орта есеппен 500-дей қоңы­рау түседі.

А.Улманованың айтуынша, «1414» қыз­метіне жүгіне­тін­дер көбейгендіктен, call-ор­талыққа хабарласу күннен күнге қиындап келеді. Осыған байланысты алдағы уақытта ор­талықта жаңарту жұмыстары жүр­гізілмек.

«Азаматтарға арналған үкі­мет­тің» тағы бір ерекшелігі ‒ мұн­да мүмкіндігі шектеулі жандар­дың жұмыс істеуіне жағдай жасалған. Бүгінде корпорацияда 470 мүмкіндігі шектеулі адам жұ­мыс істейді. Ал «1414» байланыс орталығында олардың саны 11 екен. Оларды жұмысқа әкелу, үйіне апарып салу орталықтың міндетінде.

Call-орталықтың қызметі жақсарғанын әрі танымалдығы артқанын мынадан да бай­қау­ға болады. Биыл «1414»-ке 2 мил­лионнан астам қоңырау келіп түскен. Ал 2016 жылы хабар­лас­қандар саны 3,5 миллионға жуық болған екен. Орталық бас­шы­лығының айтуынша, қоңы­рауға жауап беруге міндетті қыз­меткерлердің бәріне тренингтер ұйымдастырылып тұрады. Олармен мекеменің арнайы пси­хологы жұмыс істейді.

Содан кейін бұқаралық ақ­парат құралдары өкілдері мен блогерлер Астана қаласындағы Ха­лыққа қызмет көрсету орта­лығына барып, жұмыс барысымен танысты. Корпорация басшылығы қазіргі таңда  ХҚО-да кезек күту уақыты азайғанын, адамдар әрі кетсе 15 минут күте­тіндігін жеткізді. Мұны тек­серіп көру үшін орталық қыз­метіне жүгініп көрген едік. Он минут өтпей-ақ кезегіміз келді. Бұрын­ғыдай ұзын-сонар кезек жоқ­тың қасы.  ХҚО-дағы келесі жа­ңашылдық ‒ қызмет алу жеңіл­детілген. Бұған дейін ЭЦҚ мін­детті болса, ендігі жерде ұялы телефон арқылы керекті құжатқа қол жеткізуге мүмкіндік бар.

«Азаматтарға арналған үкі­меттің» 70 шұғыл тобы тұрақты түрде шалғай аймақтарға барып халыққа керекті қызмет көр­сетеді. Корпорация басқарма төр­ағасының орынбасары Әсем­гүл Балташева алдағы уақытта шұ­ғыл топтың санын көбейтуді көз­дейтінін жеткізді. Сонымен қатар, корпорация алдағы уа­қыт­та «Қазпошта» компаниясымен бірлесіп, шалғай ауылдарда  ХҚО қызметтерін ұсынуды жос­парлап отыр.

Таныстыру жұмыстары барысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен баспасөз жиыны өтті. Онда халыққа қыз­мет көр­сету ор­та­лықтарына қа­тыс­­­ты бірқатар мәселелер тал­қы­­ланды.

Ақпарат және коммуникация­лар министрі Дәурен Абаевтың пікірінше, Халыққа қызмет көр­сету орталығындағы кезектің туындауына ақпараттық жүйедегі ақау себеп болады. Министр бұл мәселенің жыл соңына дейін шешілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, ақаудың кесірінен биыл ақпараттық жүйеде 35 сағаттық іркіліс болған. Сонымен қатар, Дәу­рен Абаев келешекте сенім те­ле­­фон­дарының бәрін біріктіріп, оны «1414» орталығына тап­сыруға ниетті екенін жеткізді. Бұл жоба келесі жылы жүзеге асады.

«ХҚО-дағы кезек «Аза­мат­тар­ға арналған үкімет» меке­ме­сі­нің немесе оның қызмет­кер­лерінің кемшілігі емес. Мәселе ақпараттық жүйенің дұрыс жұ­мыс істемеуінен туындайды. Оны әрдайым жаңалап отыру керек. Оның үстіне, бірде-бір ақ­­па­раттық жүйе «Азаматтарға ар­нал­ған үкіметке» тікелей тие­сілі емес», деді Дәурен Абаев жур­налистермен кездесуінде.

Сонымен қатар, министр ха­лыққа қызмет көрсету орта­лық­тары қызметкерлерінің жала­қысын көтеру жөніндегі ұсы­ныс­ты қолдайтынын жет­кізді. «Өкі­нішке қарай, ХҚО қызмет­керлерінің жалақысы жоғ­ары емес. Мұны Үкімет деңгейінде ше­шу керек. Қазір осы мәселе бойынша жұмыстар атқарылып жа­тыр», деді Дәурен Абаев.

Бүгінде елімізде «Аза­мат­тарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясының 349 фронт-кеңсесі және 637 бэк-кеңсесі бар. Фронт-кеңседе қыз­мет алу дәл сол сәтте, мекеме ішінде жүргізіледі. Бэк-кеңседе ұсынылған қызмет қолданушы назарынан тыс жағдайда өтеді. Корпорацияда жалпы 22 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Былтыр мекеме көрсеткен қыз­мет­­тердің саны 37 миллионнан асып түсіпті. Солардың 24,5 мил­лио­ны электронды түрде көр­сетілген.

«Азаматтарға арналған үкі­мет» мемлекеттік корпора­ция­­сының басқарма төрағасы Абылай Оспановтың айтуынша, елордада шетелдіктерді тіркейтін арнайы халыққа қызмет көрсету орталығын ашу жоспарда бар. Сондай-ақ, автокөліктерге арнал­ған тағы бір қызмет көрсету ор­талығы іске қосылады.

«Өз ұсыныстарымызды Ішкі істер министрлігіне жібердік. Қа­зірге дейін келіссөздер жүр­гі­зіп, орталық орналасатын ғи­мараттарды таңдадық. Қыз­метті бөлісу мәселесі алдағы уақыт­та анықталады», деді Абы­лай Оспанов.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»