Аймақтар 30 Тамыз, 2017

Оңтүстіктің астаналықтарға жеті керемет тартуы қандай?

354 рет
көрсетілді

Астанада мәдени күндерін 29 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында өткізуге келген Оңтүстік Қазақстан облысы елордалықтар мен қала қонақтарына 40-тан астам іс-шара әзірлепті. Оңтүстік өңірдің мәдениеті мен тарихын, құнды жәдігерлері мен бейнелеу өнерін дәріптейтін бағдарламада ән мен күй де, қолөнер бұйымдарының көрмесі де, ауыл­шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі де, қайырымдылық акциялар да қамтылған.

 

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өт­кі­зіп, журналистердің сауалы­на жауап берген Оңтүстік Қазақ­стан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков елордада ұйым­дастырылатын шаралар­дың легі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақа­ласындағы басымдықтармен ұш­тас­тырыла отырып әзірленгенін атап өтті. Басты мақсат – облыс­тың мәдениетін, руханиятын, әлеуметтік-экономикалық мүмкін­діктері мен тауарларын, тарихи-мәдени орындарын және туристік әлеуетін жұртшылыққа кеңінен таныстыру.  Облыстың Астанадағы күндері кеше ЭКСПО халықаралық көрме­сінде өткен бизнес-форуммен ашыл­ды. Оған шетелдердің Қазақ­станда жұмыс істеп жатқан 30-дан астам елшісі қатысып, еліміздегі кәсіпкерліктің жай-күйін, бизнес пен осы саладағы жобаларға қолдау көрсету мәселелерін талқылады. Облыс әкімінің орынбасары бес күнге созылатын оңтүстік өңір­дің күндері аясында өткізілетін 43 ша­раның ішінде жеті шараны ерекше атап көрсетті. Бұл шаралар топтамасын өздері «Оңтүстіктің 7 кереметі» деп атапты. 

Оның біріншісі – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың идеясымен шыға­рылған «Тұлға. Тәуелсіздік. Та­рих», «Жаһан таныған жеті тұл­ға» кітаптарының таныстырылымы және бүгін сағат 11.00-де  Оқу­шылар сарайында өтетін «Күш ата­сы – Қажымұқан» анимациялық фильмінің тұсаукесері.

Екіншісі –  «ҚазМұнайГаз» ком­паниясының ғимаратынан бас­тап, «Нұржол» гүлзары бойы­мен «Бәйтерек» алаңына дейін жү­ріп өтетін түйелер мен аттар кер­уені. «Түркі елінің түп тамыры – Оң­түстіктен мерейлі Астанаға сәлем!» атты бұл шара ежелгі тарихымыздан сыр шертетін жәдігерлерді жұртшылыққа дәріптейді.

Үшінші керемет шара – 600 жас домбырашының бір мезгілде орындайтын күмбір күйлер шеруі болса, төртіншісі – 31 тамыз күні «Құрбан айт» мерекесіне орайластырылған қоғамдық көліктерде, басқа да көпшілік орындарында өткізілетін қайырымдылық акциясы. Сондай-ақ,  «Этноауылда»  ұйым­­дастырылатын шаралар да же­ті кереметтің бірінен саналады.

Ал 1-2 қыркүйек күндері екі қа­батты ағылшын стиліндегі қы­зыл автобус елорданы аралайды. Бұл көлік Астананың көрнекті орын­дарына барып, Мәңгілік Ел, Са­рыарқа және басқа да басты кө­шелерімен жүріп өтеді. Бұл да – же­ті кереметтің қатарындағы шара. Оңтүстік Қазақстан облысының күндері қасиетті Құрбан айтпен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған байланысты оңтүстікқазақстандықтар қайырымдылық шараларына көбірек көңіл бөліпті. 31 тамыз күні осы өңірдің жастары Астананың қоғамдық көліктерінде және халық көп шоғырланған қоғамдық орындарда бауырсақ пен тәтті тоқаштар таратады. 

Оңтүстік Қазақстан облысы күн­дерінде жұртшылықтың асы­ға күтетіні – ауылшаруашылық өнім­дерінің жәрмеңкесі екені белгілі. Осы жолы да олар жалпы құны 265 млн теңгені құрайтын 550 тоннаға жуық азық-түлік әкеліпті. «Әсіресе, арзан жеміс-жидек көп әкелдік. Өйткені, алдыңғы жәрмеңкелер осы өнімдерге сұраныс үлкен екенін аңғартты», дейді Ұласбек Сәдібеков.

Оңтүстік Қазақстан облысының ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі 30, 31 тамыз күндері сағат 9.00-ден бастап, Бейбітшілік және келісім сарайының алдында өтсе, 2,3 қыркүйек күндері дәл осы уақыттан бастап, «Қазақ­стан» спорт кешені алаңында ұйымдас­ты­рылады.  Қонақжай оңтүстік жұрты аста­налықтарды аталған іс-шараларға белсене қатысуға шақырады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»