• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
04 Қыркүйек, 2017

Әлеуметтік жобаның игілігі 

261 рет
көрсетілді

Астана қаласы құрылысының қарқыны мен әлеуеті хақында аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Ақиқатында заманауи талаптарға сай дамыған астаналық құрылыс индустриясы бүгінде қандай да міндеттерді шешуге қабілетті. Оған әлемнің жүзден астам мем­лекет­тері өздерінің озық технологиялары мен жетістіктерін паш еткен бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі – ЭКСПО-2017 қалашығын қазақстандық құрылысшылардың өз күшімен, өз технологияларымен салғандығы дәлел.

 Жақында елор­дамыздың құрылыс саласында бүкіл ТМД мемлекеттерінің кеңістігінде тұңғыш рет тағы бір әлеу­меттік қанатқақты жобаның іс жүзіне асырылғанын біреу білсе, бі­реу білмейді.

Бас қаламызда апатты тұрғын үйлерді бұзып, оның тұрғындарын жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету мақсатындағы ірі жобаның алғашқы кезеңі аяқталды. Бұл маңызды әлеу­меттік жобаның алдын ала бекітілген жоспары бойынша, елімізде алғаш рет елордада 2017 жылға дейін 228 көп пәтерлі апатты тұрғын үйлерді бұзып, тұрғындарды жайлы да жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету керек. Қаламыздағы апатты тұрғын үй­лердің жалпы көлемі 150 мың шаршы метрден асады. Яғни, бұл бағ­дарлама аясында мыңдаған отба­сын апатты үйлерден жаңа пәтер­лерге көшіру қажет. Міне, осы әлеу­меттік жобаның алғашқы кезеңі мер­зімінен бұрын орындалып, 228 көп пәтерлі тұрғын үйлер бұзылып, оның тұрғындары 7500 жаңа пәтерге ие болды. Жылдар бойы тозығы жеткен апатты үйлерде тұрып келген астаналық тұрғындар заман талаптарына сай салынған қолайлы да жайлы пәтерлерде қоныс тойларын тойлап, егемен елдің ертеңіне деген сенімдерін шыңдай түсті. Бұл жас елорда үшін де, астаналықтар үшін де үлкен қуаныш. 

Өткен жылдың аяғында құрылыс компаниялары өкілдерімен болған жиында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елордадағы тұрғын үй құрылысын дамыту мәселесінің маңыз­дылығына тоқтала келіп, «Мем­­­лекеттік бағдарламалар аясында және жеке инвестициялар ар­қы­лы салынатын барлық жобаларды есепке алғанда алдағы бес жылда Астанада 10 миллион шаршы метр­ден астам тұрғын үй салу көзделініп отыр. Бұл – 100 мыңнан астам пәтер. Жылына елордада орта есеппен 2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетін болады», деп атап көрсеткен болатын. 

«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында қолға алынған әлеуметтік жобаны жүзеге асырмас­тан бұрын 2013 жылы бас қа­ла­мыз­дағы тұрғын үй қорына жан-жақ­ты талдау жүргізіліп, арнайы құрыл­ған ведомствоаралық комис­сия­ның шешімімен негізгі құрылыс кон­с­трукциялары мен инженерлік же­лілері әбден тозығы жеткен көп қа­батты тұрғын үйлердің тізімі жа­сал­ды. Тізімге 1940-1970 жылдары са­лынған 228 көпқабатты тұр­ғын үй енгізіліп, бұл үйлер 2018 жыл­ға дейін іс жүзіне асырылатын жо­баның бірінші кезеңімен қам­­тыл­ған болатын. Ескі және апа­тты жағ­дайдағы көп қабатты тұрғын үй­лерді бұзу және олардың тұр­ғын­дарын жаңа пәтерлермен қам­тама­сыз ету жөніндегі жобаның екін­ші кезеңі 2018 -2020 жылдары жүзеге асы­рыл­мақ.

Астана қаласының әкімдігі 2018 жылдың қаңтар айынан бастап бұл игі жобаның екінші кезеңін іс жүзіне асыруды қолға алмақ. Екінші кезеңнің жоспары бойынша қаламыздағы өткен ғасырдың ортасында салынған 150 көппәтерлі апатты тұрғын үй бұзылып, жалпы аймағы 600 мың шаршы метрді құрайтын 8500 жаңа пәтер салынуға тиіс. Ерекше атап өтер­лік бір мәселе, қала әкімдігі осы әлеуметтік қанатқақты жобаны орындау үшін арнайы өкілетті компания құрған болатын. Қазір «Елорда даму» атты бұл компания жобаның екі кезеңіне белгіленген міндеттерді орындауға жұмылған.

Тәуелсіздік алған жылдар ішін­де Астана тұрғындарының тұр­­ғын үй­мен қамтамасыз етілуі бір адам­ға шаққанда 15 шаршы метр­­ден 25 шаршы метрге дейін өс­кен екен. Елбасы «Астананың құ­рылысы осынау жылдары біздің еліміздің әлеуетін танытып, бүкіл пост­кеңестік кеңістіктегі ең орасан мегажобаға айналды», деп атап көрсеткен еді. Ендеше, Елб­асының ерекше назарындағы елор­дадағы құрылыс қарқыны еліміздің әлеу­меттік әлеуетін одан әрі де арттыра береріне еш күмән жоқ.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»