• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қыркүйек, 2017

Орталық музейде отбасы құндылықтары ұлықталды

663 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «АБДИ» компаниясының қолдауымен «Отбасы күніне» орай өткізілген «Отбасымен музейге!» фестивалімен қатар, музей қорындағы сирек фотосуреттер негізінде құрылған «Отбасы. Тұрмыс. Құндылықтар» көрмесінің ашылуы болды.

Екі мыңға жуық адам жиналған ауқымды фестиваль жанұялық құндылықтарды сақтау мен жас ұрпаққа рухани-өнегелік тәрбие беруді көздейтін музейлік жаңа мәдени-білім беру бағдарламасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған. Музейлік білім беру бағдарламасы келушілердің еліміздің тарихы және мәдениетімен жақын танысуына, музейлік педагогтар мен келушілер арасындағы тығыз қарым-қатынас қалыптастыруға ықпал ететін тарихи квесттерден, түрлі байқаулар мен шеберлік сабақтарынан, тақырыптық сабақтар мен экскурсиялардан тұратындықтан, фестивальге білім беру мекемелері, суретшілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, балаларға арналған дамыту орталықтары мен изостудиялар, шығармашылық және музыкалық ұжымдар айрықша қызығушылық танытқан. 

Алматы қаласындағы көркемөнер мектептері мен балалар изостудияларының «Менің қаламның келешегі – менің отбасымның келешегі» атты балалар шығармашылығының көрмесіне қойылған «Көк-айшық», «Алые паруса», Лидии Дроздованың «АРТ-Мастерская», «Клякса», М.Омарова изостудиясы, «Веселая ромашка» сияқты бірқатар оқу орталықтары шәкірттерінің жұмыстарынан қала келешегі мен қоршаған ортаға қатысты балалар көзқарасын аңғарасыз.  

Фестиваль аясында музейдің барлық келушілеріне арналған «Бұл не және қайда?», «Алтын ұям – отбасым», «Музей портреті», «Түп-тұқияннан өзіме шейін», «Сұр мерген», «Біз музей сүйер отбасымыз», «Дәуірлер тұңғиығынан бүгінге дейін», «Менің отбасымның елтаңбасы», «Мықты, епті, батыл!» атты викториналар мен байқаулардан өзге, «Қызыл кітап беттері бойынша», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» атты тақырыптық сабақтарға, «Палеонтология мен археология әлеміне саяхат», «Әжемнің сандығындағы заттардың тарихы» атты тарихи квест-ойындарына қатысушылар тек көңіл көтеріп қана қоймай, марапат қағаздары мен арнайы сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ, еліміздің жетекші суретшілері мен қолөнер шеберлерін музейге арнайы шақыра отырып, «Шебердің қолы – алтын», «Өз отбасыңның портретін жаса», «Өз зергерлік бұйымыңды жаса» сынды шеберлік сабақтарын өткізді.

«Отбасы. Тұрмыс. Құндылықтар» көрмесіне қойылған ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдағы қазақ отбасыларының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін, ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық құндылықтарды, ұлттың дәстүрлі тыныс-тіршілігін сипаттайтын бірегей фотосуреттер қатарын фестивальге қатысушы отбасылардың жеке мұрағаттарынан алынған айрықша естеліктер қатары толықтырған екен.

Фестивальге қатысқан 80-ге жуық отбасының ішінде 7 үздік отбасыға арнап музей қызметкерлері экспозициялық залдар бойынша «Қазақстан тарихының түрлі кезеңдері»  атты отбасылық экспедициясының паспортын табыстады. Жеңімпаз отбасылар жылдың соңына дейін музейдің экспозициялық залдарына тегін кіру сертификатына ие болды.  Сондай-ақ, «Алтын ұям – отбасым» отбасылық байқауы, балалардан құралған музыкалық ұжымдардың өнер көрсетуі, шеберлік сабақтары өтті.

Жыл соңына дейін жалғасатын «Отбасылық жәдігерді музейге сыйла!» арнайы акциясына қатысып, музейлік мәні бар, этнографиялық мазмұндағы бұйымдарды музей қорына сыйға тартушылар қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Күлжәмила Белжанова мен актер Исбек Әбілмәжінов белгілі театртанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, педагог Галина Рутковскаяға қатысты материалдарды музей қорына тапсырды.

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»    

АЛМАТЫ