• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Футбол 15 Қыркүйек, 2017

Қазақ футболы қайтсе дамиды?

1890 рет
көрсетілді

Қазақ футболындағы қандай да болсын клубты алып қарасаңыз, оның ту сыртында жергілікті «жарты патша» – әкім тұрады. Жасыратыны жоқ, біздегі футбол клубтарының тағдыры жергілікті әкімдердің қолында. Клубтар бюджеттің қаржысына басыбүтін тәуелді болып алған. 

Қаржы демекші, жұрт қазір легио­нер­дің, сондай-ақ біздің жергілікті «супер­жұлдыздарымыздың» қанша алатынын жобалап болса да біледі. Мысалы, 2016 жылы «Ақтөбенің» құрамында жүргенінде Самат Смақовтың айына 6 миллион теңге, ал Алексей Щеткиннің 9 миллион теңге алатыны туралы ақпар жария болып кеткенде жұрттың көбі «аһ!» деген. Осыған қарап отырып, аттай қалап әкелетін легионерлердің айына алатын еңбекақысының қанша екенін ойласаңыз көңіл нілдей бұзылады. Неге десеңіз, бұл деген сіз бен біздің, мемлекеттің ақшасы ғой! Қаржысын қайда саларын білмей жүрген Атымтай жомарт біреудің ақшасы болса бір сәрі...

Премьер-лигадағы кез келген коман­даның аяқ алысына қарап отырып-ақ сол облыстағы әкімнің футболға деген сүйіспеншілігінің қандай деңгейде екенін бағамдай беруге болады. Сайып келгенде, жергілікті футбол осы саланы басқаруға тағайындалған маманға және де бюджеттен бөлінген қаржының мөлшеріне байланып қалған. Клубты басқар деп әкім тағайындаған адам не істеп, не қоятынын білетін маман болса бір сәрі. Қазір дүние жүзінде футбол саласы көз ілеспес шапшаңдықпен дамып келеді. Ал енді, әкім тағайындаған әлгі маман бүгінгі әлемдік үрдістің талаптарына сай ма? Міне, гәп осында...

Отандық БАҚ-тың біріне берген сұхбатында «Астана» футбол клубының бас менеджері Саян Хамитжанов «Қайрат» командасының басшылығы жаңадан таңдап алған даму жолына деген өзінің таңданысын жасыра алмапты. Бәсекелес клубтың басшысын айран-асыр еткен бұл қандай жол еді өзі? Олай болса, әңгімені әріден бастайық.

Шілде айының аяғына таман «Қайрат» футбол клубы бақылаушы кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев клубтың ресми сайтында өзінің ел ішінде түрлі пікір тудырған мәлімдемесін жариялаған болатын. Мұнда ол аңыз клубтың бү­гінгі ұстанған саясатының түбірімен өзгеретінін, бұл мақсатта бұрын бағдар болып келген қағидаттардан бас тартып, бірден жемісін бермесе де болашақта ел футболының дамуына елеулі үлес қосар жаңашыл реформаларға арқа сүйейтінін ашық айтқан.

Мәселен, Боранбаев мырза былай деді: «Қайрат» футбол клубы өзінің даму стратегиясын қайта қарайды. Бізге «футболдағы бизнесмендер» емес, футбол ойнағысы келетін, ойнай да алатын футболшылар мен тұлғалар керек... Біз титтей де қайтарымы жоқ «псевдо-футболшыларға» ақша салудан әбден шаршадық...». Солай дей келіп, клуб басшысы алдағы уақытта өзіміздің жас футболшыларды даярлауға және олардың жан-жақты дамуына көп күш салатындарын айтады. 

Міне, енді келіп, арада біраз уақыт өткенде «Қайраттың» басты қарсыласы «Астана» клубының басшысы өзінің әріптесіне жұқалап болса да сыни пікірін білдіріп қалды.

«Иә, – дейді Саян Хамитжанов өзінің сұхбатында, – Боранбаев тамаша бизнесмен, дегенмен оның өзі ешқандай нәтиже бермейтін жобаға ақша салудан шаршады. Егер, «Қайрат» клубы жаңа, қалай дегенмен де күмән тудырарлық даму векторын бетке алып ілгері жылжитын болса, онда бұдан Қазақстан футболы бүтіндей зардап шегуі мүмкін деп уа-йымдаймын...».

Рас, «Қайрат» пен «Астана» қазақ фут­бо­лындағы құстың қос қанатындай, бірін-бірі қамшылап отыратын, жақсы мағы­насындағы бәсекенің жілігін таласа мүжіген клубтар. Испанияда «Барселона» мен «Реал» арасындағы текетірес жер­гілікті чемпионаттың көрігін қалай қыздырса, біздің екі клубтың айқасынан туындайтын «айғай-шу» өз әлінше одан бір мысқал да кем емес. 

Осы тұрғыдан келгенде, Саян Хамит­жановтың «Қайраттың» жаңадан таңдап алған «қасқа жолына» күмәнмен қарауын да түсінуге болады. Әгәраки, алматылық клуб орасан зор қаржыны әбжыландай жұтып жатқан легионерлерден бас тартар болса, клубтың белгілі бір мезгіл кезеңінде әлсірейтіні белгілі. Демек, бұл – «Астана» клубы өзін ылғи тақымдап отыратын бәсекелесінен айырылады деген сөз. Солайы солай-ау. Дегенмен де, Хамитжанов мырза айтқан сөздің астарына тереңірек үңілер болсаңыз, бәсеке осымен бітеді-ау деген уайыммен қатар жеке клубтың қамы да құлақ қылтитып тұрғандай. Мәселенің мәнісі мынада: қазіргі таңда ел чемпионатында топ бастаған, УЕФА Чемпиондар және Еуропа лигаларының іріктеу және топтық кезеңдерінде сынға түсіп жүрген «Астананың» жаны легионерлердің қолында. Ганалық Твумаси, конголық Кабананга, серб Деспотович, беларусь Маевский болмаса, «Астана» алысқа барады дегенге кім­ді сендіргендейсің? Яғни ел ішінде «Астана» келімсектерге арқа сүйейді, ал «Қайрат» өзіміздің жастарды өсі­ріп шығарғысы келеді деген пікір қалып­тасса, мұның елорда клубының беделіне әжептәуір нұқсан келтірері сөзсіз ғой...

Әлбетте, бәсеке жоғалса, қазақ фут­болының аяғына жем түседі деген Ха­митжановтың сөзіне құрметпен қарай отырып, Боранбаев мырзаның жасыл алаңда ақша үшін емес, ел мен жердің абыройы үшін жан аямай ойнайтын жергілікті жас футболшылар шоғырын өсіріп шығарамыз дегені бір табан болса да жанымызға жақынырақ тұрғандай. Бұл – жекелеген клубтың халықаралық талаптарға сай инфрақұрылымын дамыту жолында тынбай еңбектеніп жүрген футбол менеджерінің сөзі. Яғни сөзі мен ісі қабысқан адамның қазақ футболының болашақ тағдырына алаңдап айтқан ой-пікірі. Спорт саласындағы басшылар осы күні отандық жаттықтырушыларға сенім артуды қойған. Біздің командаларды чемпион еткен бас бапкерлердің ішінде өз мамандарымыз жоққа тән. Легионер жаттықтырушылар ең бастысы ақша тауып, негізгі команданы белгілі бір мау­сымда тәуір көрсеткішке жеткізу үшін ғана келеді. Айталық, «Ақтөбені» бір кез­де ел чемпионы қылған Владимир Му­­ха­нов команда ізбасары болатын ба­ла­лар мен жасөспірімдер футболын ке­­рек еткен жоқ. Ақтөбелік клуб әлі күн­ге келімсек футболшыларға тәу­елді. Қазақ футболының келешегін ойла­ған­­нан қалтасына ештеңе түспейтінін бі­ліп тұр­са, оны қайтсін?! Бас бапкер қо­сал­қы құ­­рамның ойыншылары түгіл, бап­кер­­лерінің аты-жөнін білмей кеткен жағ­дайлар болған. 

Өз бапкерлерімізді даярлау қажет. Қа­­­зі­р­гі футбол жаттықтырушыларының бар­лығы дерлік бір кездегі футболшылар.  Олар баланы футболға баулудың қыр-сырын меңгере қоймаған. Қазіргі жүйеде әлдебір семинарға қатыса салып, «білікті бапкер» атанып шығуға болады. Қысқасы, бізге алдымен білікті бапкерлерді анықтайтын, даярлайтын ұйым қажет. Бір мезгілдік нәтиже, бір маусымдық жеңіс қазақ футболының мәселесін шешпейді. 

Балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға тағы бір кедергі – бапкерлер жалақысының төмендігі мен футбол секцияларының ақылы болуы. Бес мың теңге бір отбасыларға сөз емес шығар, айлықтан айлыққа әрең жетіп отырған шаңырақтарды да ойлау керек қой. Қазір елімізде арнап салған футбол алаңдары баршылық десек те, оларда көбінесе балалар емес, ересектер жағы бос уақытын өткізіп жатады. Ойлап қарасаңыз, осындай ұсақ-түйек себептер көп. Сол шағын проблемалар жиналып, шыны керек, қазақ футболының келешегін көмескілендіріп отыр.

Жоғарыда баяндағанымыздай, премьер-лига командалары ел чемпио­на­тындағы үзіліске кеткенде екі түрлі ұста­ным осылайша мүйіз қағыстырып қалды. Мұның өзі біздің футболға үлкен өзгерістер мен жан-жақты рефор­ма­лардың қажет екендігінен хабар беріп тұрғандай. Әйтеуір, бір үмітке үкі таққан дүбірдің таяп келе жатқаны сезіледі. Лайым, қазақ футболының қанын тазартып, қамын жейтін қарекет болса дейсің!

Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»