• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Қыркүйек, 2017

Асыққан да зиян, кешіккен де зиян

574 рет
көрсетілді

Латын әліпбиіне көшу туралы әртүрлі пікірлер білдіріліп жатыр. Бір жағынан, бұл дұрыс, түсінікті. Екінші жағынан, кейбір көзіқарақты, тіпті зиялы дейтін адамдардың тап бүгін естігендей, елеурей өзеурейтіні өкінішті. 

Елбасы тәуелсіздік алғалы айтып келеді. Ал 2012 жылы «Қазақстан-2050» Стратегиясында латынға біртіндеп көшу жөніндегі міндеттер мен мақсаттар және мерзімдер айқындалды емес пе?! Рухани жаңғыру жөніндегі мақаласында 2017 жылдың аяғына дейін жаңа графиканың бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін мәлімдеді.

Біздің ойымызша, ұлттық ұлы тірлік­тер­де асыққан да зиян, кешіккен де зиян. Өзбек пен әзербайжан бауырлар асықты. Қа­те­ліктер кездесті. Он төрт жыл бойы түзе­тіп келеді. Әйтеуір алға жылжуда. Біз осы бауырлардың қателіктерін қайталамауға тиіспіз.

Кириллицаға өткенде қазақ тілінің көп­теген заңдылықтары кешірілместей, дөрекі түрде бұзылды. 1940 жылдан бастап сталиндік реформаның зардабынан қайран қазақ тілінің айтылу, жазылу, үндестік, терминдер және басқа да мәселелеріне байланысты жол берілген өрескелдіктерге бірте-бірте әбден үйреніп, етіміз өліп кетті. Енді латын әліп­би­іне көшу кезінде кириллица келтірген барлық залал-зияндарды түгелдей түзетуге парыздар­мыз. Бұл үшін тіл жөніндегі ти­іс­ті мекемелер, тиісті ғалымдар кей­і­нгі он-он бес жылда жан күй­діре жұмыс істеуге міндетті еді. Әлі де кеш емес. Біздің Бек­сұл­тан Нұржекеев сияқты жазу­шы­лардың да ұсыныстары мен пі­кірлерін ескерген абзал.

Рас, қиындықтар, күрделі күрмеулер кез­деседі. Оңай болмайды. «Сауатсыздық белең алады» дегендей қауіптер де көп айтылуда. Қазіргі кириллицада да сауатсыздықтың сырқаттары меңдеп, дендеп тұрғанын түк те ойланбаймыз. Сауатты жазатын адамдар сирек. «Кітаптар, әсіресе әдебиет оқылмай қалады» дейтіндер де аз емес. Кириллицамен жарытып оқып жатқандар да шамалы. Шын оқитындар араб жазуына өт­сек те, тіпті Тоныкөктердің таңбасына орал­сақ та, оқиды. Оқымайтындар, бәрібір оқы­майтын шығар. Кейбір сыртқы күштер «Қа­зақстанда кириллицаға және орыс тіліне ша­буыл басталды» деп байбалам салуда. Қайран қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланғанда да айқай шығарғандар, ұлт рухын жасытып, жуасытып тастағысы келгендер табылған. Арандатушылардың айқайына сүрең қоспай, оларға бірлік пен ынтымақ, ұмтылыс пен құлшыныс арқылы жауап берейік.

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы