Заман жылжып, уақыт сырғыған сайын әр сала заманға қарай бейімделіп жасарып-жаңарып отыратыны белгілі. Елбасы тапсырмасына сай, индустрияландыру бағдарламасының аясында жаңа кәсіпорындар іске қосылып, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы арта түскен. Еліміздің қаржылық-экономикалық орталығы Алматыда да мемлекеттік бағдарламалар бойынша ілкімді істер атқарылуда.
Кез келген саланың кеңге қанат жаюы үшін алдымен білікті маман даярлаудың маңызы зор. Мегаполисте инновациялық қадамдар үшін жақсы инфрақұрылым қалыптасқан. Еліміздегі жоғары оқу орындарының үштен бірін құрайтын қалада 80-нен аса ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істеп, 140 мыңнан астам студент білім алады. Алматы қаласының кәсіпкерлікті қолдау картасын пайдалану кезеңінде 11 690 жаңа жұмыс орны құрылып, 190,5 млрд теңгені құрайтын 100 жоба енгізілген. Оның ішінде 34 жоба индустриялық аймаққа, 4 жоба «ИТП» АЭА және шетелдік қатысуы бар 7 жоба қарастырылған. Ресми ақпарат бойынша бүгінгі күні 2757 жұмыс орны құрыла отырып, құны 35,7 млрд теңгені құрайтын 34 жоба іске қосылған.
Соңғы жылдары бизнес пен капиталдың тың тыныс алып келе жатқаны байқалады. Қала экономикасының 80 пайызын қызмет көрсету мен сауда-саттық құрайды. Мәселен, өткен 2016 жылғы қаңтар-желтоқсан айларының ішінде Алматы қаласында енгізілген жобалармен 41 млрд теңге сомасына өнім өндірілген. Салық аударымдары 2,1 млрд теңгені, қала өнеркәсібінің үлесі – 5,9 пайызды, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 7,7 пайызды құраған. Картаға енгізілген жобалардың жоспарлық қуатының жүктемесіне тұрақты түрде бақылау жүргізіледі. Барлық жобалар жоспар бойынша жұмыс істейді. Әрбір жоба бойынша келелі мәселелер, оның ішінде, жер мәселелері бойынша рұқсат беру рәсімдері, құрылысты заңдастыру, сондай-ақ қаланың электрмен жабдықтау және сумен жабдықтау желілеріне қосылу бойынша мәселелер ұдайы өңделеді, дейді жауапты мамандар.
– Бүгінгі таңда нарықтағы жаһандық бәсекелестік барысында жетекші мегополистер сервистік қаладан инновациялық смарт-ситиге өтуде. Smart Almaty тұжырымдамасына негізінен экономика, экология және қоғам мүдделерін теңестіру еніп отыр. Әлемдегі үздік тәжірибелер мен қала тұрғындарының талабы барысында біз басты бағыттарды анықтадық. IDC халықаралық компаниясымен бірге Алматыда «Ақылды қала» деңгейінде кешенді сараптама жүргіздік, нәтижесінде әлсіз аймақтар анықталды, сонымен қатар мәселелерді жүйелі түрде шешетін 7 базалық жоба жасалды. Алайда біз тек цифрлы технологияны ғана енгізуді мақсат етпейміз. «Ақылды қала» – түрлі ұтымды технология және бұқара мен биліктің өзара түсіністік мәдениеті. Технология – басқару процестері арасындағы ынтымақтастықты жақсарту, тиімділікті арттыру. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес», деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан біз өзгерістерге түрлі креативті идеяларды енгізуге, осы жолда бірігіп алға жылжуға дайынбыз», деген-ді Алматыда өткен VI инновациялық форумда сөйлеген сөзінде қала әкімі Бауыржан Байбек.
Мегаполисте атқарылып жатқан ауқымды істер мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде іске асуда. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, жылу жүйесін, сумен қамту және су бөлу жүйелерін жаңғырту, қайта жасау және салу мәселелері инфрақұрылымдық дамудың «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 3 бағытта жүргізіліп жатыр. Соңғы екі жыл көлемінде «Жас Қанат», «Саялы», «Алғабас-1», Универсиада кешендеріне қажетті инфрақұрылыммен қамту барысында 81 км инженерлік желілер салынып,13,9 км инженерлік желі қайта жасалды. Ағымдағы жылдың аяғына дейін құны 9,9 млрд теңге болатын нысандар жаңартылады. Осының нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда апатты жағдайлар 3,2 пайызға, тозу 1,5 пайызға, шығындар 2,3 пайызға азаймақ. Қалада «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы аумағы 216,8 мың шаршы метр немесе 4 198 пәтерлі 85 үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында әкімдік тарапынан 73 үй салынуда, оның біраз бөлігі биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін болады.
Қаладағы ең негізгі мәселелердің бірі көлік жүйесін қалыптастыру десек, бұл орайда да қолға алынған жұмыстар аз емес. Жолаушылар тасымалының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында көлік үшін ақы төлеу картасы енгізілді. Қолданысқа енгеннен бері 1,3 млн карта сатылған. Бұл көрсеткіш қала халқының 70 па-йызын құраса керек. Қаланың біраз аумағында инновациялық паркоматтар орнатылған. Халықаралық кеңесшілермен бірге жол қозғалысын кешенді өзгерту жүйесі қолға алынып, айрықша жолақтар пайда болған. ВRT құрылысы басталып, заманауи автобустар сатып алынған. «Орбита» шағын ауданынан «Көкбазарға» дейін ұзындығы 21 км болатын велодәліз жасалған. Велосипедтерді жалға беретін Almaty Bike жүйесі үздіксіз жұмыс істеуде. Қазан айының соңына дейін велосипед бекеттерінің саны 150-ден асады деп күтілуде.
Күн өткен сайын Алматының экономикалық әлеуеті артып, инфрақұрылым жүйелері жаңарып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуда. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын арттырып, ел дамуының серпін алуына зор септігін тигізеді.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ