Түмен-түмен қол төңкеріп, түйдек бұлттай жөңкіп көшкен аласапыран тарихты ат тұяғымен жазған баяғы бабаларымыздың парасат пен салтанатқа толы өмір салты да өзгеше болған ғой! Ұлы даланы уыстап тұрған қаһарлы ханның қасында отырып әділдікке келгенде туғаны жоқ тумадай қара қылды қақ жарып тура сөйлеп, бітіспес дауды бір ауыз сөзбен тоқтатқан билерінің биік ақыл-ойына ордадағы орны да, ел ішіндегі беделі де сай болыпты.
Суретті түсірген Ерлан Омар, «Егемен Қазақстан»
«Өзенге бие байлатып, төскейге орда орнатып, төрткүлдеп ошақ қаздырып, төбел бие сойғызып, төменде бидің кеңесін, бізде бір құрар ма екенбіз» деп жырлаған Ақтамберді, «Кетбұғадай билерден кеңес сұрар күн қайда?» деп толғаған әйгілі Доспамбет жыраулардың тау суындай тулаған ағынды жырларының өзі-ақ данышпан дала билерінің салмағы мен салтанатын айғақтап тұрған жоқ па?!.
Болашаққа барар жолды заманалар борасыны жасырған бабалар ізімен қайта жалғап жатқан осы бір жарқын шақта қай заманда болсын елдікке ерен еңбек сіңірген, бөлекті біріктіріп, дауды қош, жауды дос қыла алған туабітті қасиетімен өлмес өсиет қалдырған, бітімі ерек, болмысы бөлек билеріміз жайында аз-кем болса да айтуды өзімізге міндет санадық.
Түпкі сөзді түркілерден бастасақ, олар ерте дәуірден замананың заңын түзген, тілге ұста, елге тұтқа тұлғаларды би/бей/бек деп атаған. Бидің тамыры өте көне дәуірде жатыр. Оған, әрине, тарихтың өзі куә. Тарихта таңбаланған билердің арғы атасы дана Тоныкөк екені анық. Оның ордасы Орхон дариясындағы Білге қаған ордасынан шалғай Тоғала өзені сағасында дербес орналасты. Ордадан алыс халыққа жақын болған абыз елдің ішкі рухани өмір-тіршілігін қадағалап, даналық сөздерімен ұлысты ұйыстырып, жұртына арқа тіреген. Ол ресми билікке айбарлы сөздерін арнау, толғау түрінде айтып, тілектерін орындатып отырды. Артына халқына азық, хандарға қазық болатын даналық толғау, өсиетті нақыл сөздер қалдырды.
Көне түркілік бек мансабы кейіннен биге ұласады. Билердің қызметі мен міндетінің тамырын тап басып таныған сөз зергері Сәкен Сейфуллин билердің құдіреті хандар мен батырлардан да айбынды екендігі туралы айта отырып, қазақ әдебиетінің тұтас бір дәуірін «Билер дәуірі әдебиеті» деп атауы тегін емес. Өйткені халық мұрасын байытқан мақал-мәтелдер, өсиет-толғаулар, ғибратты нақылдар мен тәмсілдер билерге қатысты таралған.
Билер мен бектердің халық арасындағы жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал дауындағы әділ шешімдері уақыт өте келе саралана түсті. Данышпан би бабалар түзім еткен әдет-ғұрып заңдары нығайып, шыңдалып, кемелденіп, дала демократиясының негізін қалаған. Бұл түзімің түп-тамыры, әуел басында Майқы тұрды. Уақыт елегінен өтіп, тарихи тұғырына толықтай қонған тұлғасын айқындай айтсақ, би – хан мен халықтың, әмірші мен әлеумет арасында көпір болған алтын арқау. Болашақты болжаған би бабалар Ұлы далада салтанат құрған айбынды мемлекеттердің заң-жарғысы, мемлекеттік түзімі, әділет қағидасының алтын тұтқасы болды. Мұның жарқын айғағын халықтың тарихи жадында сақталған Майқы би туралы аңыздардан көруге болады.
Аңыз-шежіреде әртүрлі нұсқада айтылатын Майқы би шын тарихта болған, түркі-моңғол халықтарына ортақ тұлға екендігі зерттеу еңбектерде дәлелденіп келеді. Ол – қазақ халқын Шыңғыс ханмен жалғап тұрған тамыры тарамдалып тереңге тартқан, жапырағы жан-жағына жайқалған тумысы бөлек тұғырлы тұлға.
Қазақтар «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» десе, қарақалпақтар мен өзбектер «Түмен өзбек түбі бір, түп атасы Майқы би» деген. Башқұрттар «Қара табын руының түп атасы Майқы би, ол Орал тауының Миядық деген жерінде өмір сүріп, хан Шыңғысты алғаш қарсы алған би» деп санайды. Қазан татар мырзаларының арасында да өз атасын Майқы биден бастайтын шежіре бар екенін әйгілі Шахабуддин Маржани белгілеген. Онда «Майқы би, оның ұғылы Нұрыш (Тұрыш), оның ұғылы Қырық садақ, оның ұғылы Аюп. Бұ Аюп заманында Қазан шаһары орыстар тарапынан алынды» деген шежіре бар. Сондықтан татар туғандар да Майқыны өз бабасы санайды. Мұның негізгі себебі, кезінде бір шаңырақтың астында болып, біте қайнасып кеткен осы тамырлас халықтардың іргелі ел болуына ұйытқы болған – дана Майқы би екені анық.
Керек десеңіз, Майқы Шыңғыс ханның «Жасасының» негізін әзірлеген топтың басшысы, төбе биі. Сол «Жаса» арқылы (Иаса) арқылы әлемнің саяси картасы ауысты. Осы саясат деген сөздің өзін кейбір ғалымдар «Са-иаса», яғни «Иасамен басқару» деп түсіндіреді. Саясат сөзі арабтың сөзі. Бірақ арабтың біраз сөздері түркіден барып, бізге араб сөздері болып қайта келген. Соның бірі – саясат. Саясат деген «елді билеу» деген мағына береді. Бірақ оның түп-тамыры «Иасамен үкім ету, Иасамен билеу» деген мағына береді. Әрине осы Иаса Шыңғыс ханның тапсырмасымен жазылған қағанаттың қағидаттары. Топтың басында түгел сөздің атасы болып Майқы би тұр.
Халық арасында Шыңғыс хан мен Майқы бидің достығы туралы аңыз мол таралған. Хакім Абайдың айтуына қарағанда Майқы би Шыңғысты хан көтерген 12 бидің бірі болған. Бұл ел аузындағы шежірелі әңгіме тарихи шындықтан алыс емес деуге болады. Қазақ пен моңғол халқында қазақ жұртының қалыптасуына, жеке ел болуына тарихи тұлға Шыңғыс ханның тигізген әсерін әсірелеп жеткізген аңыздар сақталған. Бұл аңыздардың желісі ұқсас болғанымен, тосын өзгешеліктер де бар. Қазақта Майқы би Шыңғыс ханның ақылшысы болған, оны хан көтеруге қатысқан, аяғы ақсақ болғандықтан, ханға арнап жасаған арбаға мінуге хақылы қасиетті би деген әңгіме бар. Башқұрттар да Майқының ұлы қағанмен бір арбаға мінгенін айтады.
Ханға арнап жеке арба жасату сарыны «Оғызнамада» да бар. Ал «Құпия шежіреде» «қазақ арба», «қазақ күйме» деген ұғымдар кездесетіні де тегін емес. Халық үшін қара шаңырақ, қара қазан қандай қасиетті болса, күймелі арба да сондай мәнге ие екендігі Оғыз хан, Шыңғыс хан, Майқы би туралы аңыздың желісінен байқалады. Демек, ханға арналған арбада әмірші мен бидің қатар отыруы, арбаның доңғалағының алға жылжуы – мемлекеттің қуатты құрылымының алға басуын меңзейді. Түркі жұртының ежелгі бір тармағы телелерді «биік арбалылар», қаңлыларды «қаңқалылар» деу – осынау танымның айғағы.
Майқы бидің түп бейнесі ХІІІ ғасыр тарихшысы Рашид әд-Диннің «Жылнамалар жинағында» жазылған. Онда би баба Байку деген атпен аталған. Онда «Мыңбасы Байку, ол хушин (үйсін) тайпасынан. Ол оң қанатты биледі, басқаша айтқанда оң қол әскерлерді басқарды» деп жазылған. Бастапқыда Майқы би осылайша Жошы ұлысының оң қанатына басшылық жасап, кейіннен батысқа жорық жасаған Батуға аянбай қызмет етеді. Қартайған шағында өз орнына жүрият руынан Елдеке есімді биді қалдырып, ақ батасын береді деген дерек бар.
Майқы би туралы тағы бір дерек қалдырған тарихшы – Қадырғали Қосымұлы Жалайри. Ол жылнамасында «Мың ер Байқу. Сол хушин қауымынан еді. Оң қолын ол билер еді. Шыңғыс ханда бұл төрт бек әйгілі еді. Төрт мың әскерімен Жошыға берді. Бұл замандағы Тоқтай мен Баянның көп әскері бұл төрт мың әскердің нәсілдері, соңынан өте көбейді» деп жазады. Ал Өтеміс қажының «Дәптер-и Шыңғыснама» шежіресінде Майқы Шыңғыс ханның оң қолын басқарушы, үйсін тайпасының өкілі, ол ұлы ханнан төмендегі елтаңбалық рәміздерді алады: ұраны – Салауат, құсы – қарақұс, ағашы – қарағай, таңбасы – сірге, сауыты – шығыр.
Тағы да данышпан Абай бұл туралы: «Қашан маңғұлдан Шыңғыс хан шыққанда, қазақтар «құтты болсынға» барыпты. Бірақ қай жерде барғаны мағлұм емес, сөйтсе де осы Шыңғыс тауында, әскері Қарауыл өзенінің бойында жатып, он екі рудан он екі кісі маңғұлдың өз заңы бойынша Хан деген үлкен биіктің басында, ақ киізге Шыңғысты отырғызып хан көтерген дейді. Тауының Шыңғыс аталып, биігі Хан аталмақ себебі де сол болса керек. Сол он екі кісінің бірі қазақтан Майқы би деген кісі екен. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген мақал болған», деп жазады.
Демек, айрықша айтар мәселе бүгінгі ұрпақ Майқы биді аңыз кейіпкері емес, тарихи тұлға деп таныған абзал. Бұған Майқы бидің есімінің мәні де негіз болып отыр. Майқы моңғол тілінде «Майга/Майғы», яғни ақсақ, маймақ деген сөз. Майып, маймақ, майысқан сөздерінің түбірі ортақ. Қазақ аңыздарының бәрінде де Майқыны ақсақ адам ретінде суреттейді. Мысал келтірсек, Мәшһүр Жүсіп «Майқы би өзі ақсақ, өмірбойы арбамен жүреді екен. Арбасын көлікке салдырмай, жаяу кісіге тартқызады екен» деп жазады. Олай болса ақсақ биді моңғолдар «Майга» деп лақап атпен атаған, оны қазақтар титул ретінде қолданған, ал бидің шын аты басқа болғанға ұқсайды.
Майқыдан бастау алған билер айбарлы Алтын Орданың, Жошы ұлысының әлеуметтік-саяси түзіміне үлкен үлес қосып, жүйелі билік жүргізген. Маңдайалды бас биді «беглердің бегі» деп атаған, осы атақ кейінгі буынға жалғасын тауып отырған. Мәселен, ел қамын жеген Едігенің әулеті «беглердің бегі» болғаны мәлім. Дала заңдары Қазақ ордасы кезеңінде жетіліп, заман талабына сай жаңғырып, өз жалғасын тауып, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» деген атаулармен хандық биліктің күре тамырына айналады. Әз Тәукенің бастамасымен «Жеті Жарғы» қағидаларын құрастырған, болашақты болжаған әйгілі Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды би бабалар Майқы биден қалған мизамды негізге алғанына күмән жоқ.
Жалпы, тарихта халықтың ес жиып, етек жинаған, қалмақ, жоңғарға қарсы тұруында, бірігуінде біртұтас ұлыс болуында билердің рөлі бекем болды. Олар ханға септесе, ел басшыларына көмектесе жүріп өздерінің даналық ойларымен, шешендік сөздерімен, әділ шешімдерімен, халықтың тұтасып ел болуы- на өлшеусіз үлес қосты.
Ұлы даланың әдет-ғұрып заңдары халықтың өмір-тіршілігіне, сенім-нанымына, шаруа-кәсібіне үйлесімді болды. Сол себепті «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» берекетті өмір, есігіне құлып салмаған мамыражай тіршілік жалғасын тауып отырды. Алайда қазақтың билік жүйесі, шаруа-кәсібі, тұрмыс-салты, ар-намысы отаршыл жүйе келгенде сетінеп, шайқала бастады. Осы өзгеріске алдымен «ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары бар» дегендей, би-шешендер, ақын-жыраулар төзе алмай шамырқанып үн қатып, «Зар заман» деп аталатын сарынмен толғаулар арнайды. Ақиық ақын С.Сейфуллиннің тілімен айтқанда, «ескілікті салт-санаға қамқор, күзет болған» билерге жаңа низамның тарпы үрейлі, қорқынышты көрінеді.
Бодандық қамытын киюге тақағанда хандық жүйемен бірге билік жүйеден де айырылып қалдық. Сол билердің соңғы сарқыты Мөңке би болды. Мысқалдап, сыналап ене бастаған кепке қарсы болып, сынға алған, халқының болашақта азып-тозатынын, бодандық зобалаңның ауыр болатынын ескерту, сәуегейлікпен жорып, дабыл қағу, әз халқын сақтандыру Мөңке би толғауларынан анық байқалады. Сылдыры естілген отаршылдық шынжыр бұғау, көшпелі тіршілікті шайқай бастаған нарықтық қатынастар, хандық биліктің жойыла бастауы, жат жұрт енгізген әкімшіл-әміршіл жүйе, бөтен дінге шоқындыру әрекеттері Мөңке би жырында ақырзаман белгісі ретінде үрейлі бейнеленеді.
Ералы, Нұралы хандардың жанында жүріп билік айтқан бидің аты-жөні түрлі деректер мен қолжазба қорларында сақталған материалдарда «Тілеу баласы Мөңке би», «Шекті Мөңке би», «Кіші жүз Шекті Мөңке би», «Шекті ұлы Мөңке би» деп таңбаланғанын байқауға болады. Бір аңызда «Бекарыстың баласы Мөңке» деген. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Ноғайлы Мөңке би» деп атаса, Ахмет Байтұрсынұлы «Шекті Мөңке би» дейді. Жалпы, негізгі деректерде Шекті Мөңке би деп аталады. Қолжазбадағы аңыз-толғаулар қазақ даласының түрлі түкпірінен жинақталып, жазылып алынса да халық бидің ата-тегін, нәсілін шатыстырмай дұрыс атап көрсетіп отырғаны халықтың тарихи жадысының берік екенін байқатады.
Мөңке би отаршылдық жүйені ақырзаман елесіндей таңбалау арқылы халықты бодандықтан сақтандырып, одан түңілдіріп жиіркендіре білді, мәңгі бітіспес қарсылық тудыртып, елдің санасын оятты. Елді тілінен, ділінен, дінінен, жерінен, ізгіліктен бездіретін ауыр зобалаңды алдын ала болжап, сәуегейлік жасап, ащы ақиқатты айтып, отарлық кептің шын сиқын өткір тілмен айнытпай суреттеп, жұрттың санасы әрдайым сергек болуға, қорғаныс қабілеті ұдайы бекемдеуге тиек болды. Сол себепті бодандық дәуірде Мөңке бидің нөсерлі сөзінен қорқып, оны жариялауға тыйым салынып келді. Мысалы, бұрындары жариялана қоймаған бір деректе Тройцкий қаласын салдыруға рұқсат берген ел иелері қатал сыналады: «Мөңке би Кіші жүз, Шекті елі екен. Орта жүзде бір Жәнібек, Ұлы жүзде бір Жәнібек болған екен. Екеуінің қайсысы салдырғанын білмейді, әйтеуір бір Жәнібек қажылардың барып жүрген орнына Тройцкий деген қала салдырғалы алғашқы қазықты шаныштырған екен. Мұны естіп Мөңке би бұл қай Жәнібек екен деп, Кіші жүз Шекті елінің Нұралы ханына келіп сұрайды. Бірнеше күн өткен соң Орта жүздің сәуегейі Жәнібекке кездесіп, сәлем бергесін: «Балам, қай ру, қай елсің»,– депті. Бала «Шектімін»,– дейді. – «Жылқым жоғалып,– сіздердей аталардан үміт етіп, қайдан іздесем табар екем деп келіп едім». Жәнібектің әдеті, бал ашарда атынан түсіп, ер-тоқымын басына жастап, орамалын бетіне жауып жатып ұйықтаса, түс көреді екен. Аз-мұз мызғып жатады да түрегеліп сөйлейді: «Жылқыңды ешкім айтпай-ақ табасың. Үшеуі жатыр, төртеуі түрегеліп тұр екен», – дейді. Сонда Мөңке «Сіз сәуегейлікпен жылқының қайда екенін білдіңіз. Сөйте тұра сіз қазақ елінің қамын неге ойламайсыз. Тройцкийге көңіл бөлгенше, кейінгі қазақ нәсілінің келешегін неге болжамайсыз?»,– деген екен. Мөңке би толғауларының негізі өзегі – отаршылдыққа қарсылық сарын. Мемлекеттің түзімнің құлауы, көшпелі өркениеттің дағдарысы, тұйыққа тірелген ел өмірінің әлеуметтік өткір арналары толғауда толық қамтылады:
Жақсыны алдар жезбенен, Іріткі салар сөзбенен. Өзен мен көлге атақты, Толтыра салар қаланы.
Жаңа заман елге әкелген кәсіптің бірі – сүзекі салып, балық аулау болса, бірі жер жыртып, егін егу еді. Сахара кең далада мал шаруашылығымен күн көріп жүрген көшпелі қауым салтына бұл дағдылар мүлде ерсі көрінеді. Сол себептен де Мөңке би былайша толғайды:
Азарсың, жұртым, азарсың, Азғаныңның белгісі,– ...Атыз-атыз жыртылған, Жер шығады деп еді.
Мөңке би жер жыртып, «тоған басы мұрап деп» арық қазуды айып көреді. Себебі жерге байланып, кетпен ұстаған ел көшіп-қонып жүрген кең шалқар қонысынан айырылып, жауынгер асау, арда болмысынан адасып қалуы ықтимал. Толғауда ол туралы «Арық шығар деп еді, сол арықтың ішінде, ыңғайы жоқ жаманның, пышағы мен шақпағы, қалып шығар деп еді» деп налиды. Жауынгерлік қару-жарақ, аңшылық тұрмыстың құрал-саймандары кісе белбеу, оқшантай, білтеге от жағатын шақпақ, өткір пышақтан айырылу би үшін ақырзаман белгісіндей қабылданады.
Ақырзаман сарыны Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани секілді даналарда да бар. Ал Мөңке би, Шортанбай, Дулат, Мұрат бастаған ақындар оған әлеуметтік-саяси сипат бере білді. Әлемдік діндерде ақырзаман белгілі бір дәуірдің аяғы болғанымен айыптылар жазаланатын, дүние күнәдан айығатын жаңа ізгі замананың басы болып та есептеледі. Олай болса әулие Мөңке бидің сөздері түңілу емес, бодандық жүйені жазғырып, айыптап, азаттық аңсаған ақиқаттың үні деуге болады. Ол толғаулар бүгіндері бодандық жүйе қалдырған мінез-құлқымыздағы кемшіліктерді түзеуге, келешегімізге сергек қарауға, өзгелерге көзсіз еліктеп кетпей ата салтымызға оралуға, келеңсіз жайттардан сақ болуға қызмет ете береді. Сондықтан мың жылдықты болжаған, абыздардың сарқыты әулие Мөңке биді аңызбен асқақтатқан халық «Ұқсаң ұққан – ұлым, ұқпасаң қалған – ұлым» деп Қызыр ғалайсалам айтады екен Мөңке биге» деген әңгіме таратқан.
Айбарлы Шыңғысханның қасында жүрген Майқы биден Нұралы ханның жанына ерген Мөңке биге дейінгі дала даналарының айтқан әр сөзі алаш рухына серпін беретін сарқылмас қуат көзі болып қала берері хақ.
Дархан Қыдырәлі,
Суретті түсірген Ерлан Омар, «Егемен Қазақстан»