Орал қаласында ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен әрі батыр Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға еліміздің әр шетінен белгілі ғалымдар, жазушылар арнайы келді.
Той қонақтары – белгілі жазушы Әнес Сарай мен Қажығали Мұханбетқалиұлын, белгілі ғалымдар, тарих ғылымдарының докторлары Мұхтар Әбілсейіт, Талғат Жұмағанбетов, Ұлжан Ахметова, Серік Мәшімбаевтарды өңір басшысы Алтай Көлгінов қабылдады. Меймандар мен облыс басшылары Орал қаласындағы Сырым Датұлы ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым етті. Қазақ драма театрында республикалық ғылыми-практикалық конференция басталды.
- Сырым Датұлы – тарихтағы ең жарқын, ержүрек, тағдыр-талайы аса күрделі тұлғалардың бірі. Ол қазақ қоғамының құрылымын өзгерту мақсатында алғашқы болып нақты қадамдар жасаған жан. Осындай тау тұлғаларымыздың тарихтағы орнын тағы бір айшықтайтын, еліміздің түкпір-түкпірінен ғалымдар келіп бас қосқан бүгінгідей ғылыми-тәжірибелік конференциясының өтуі – елеулі оқиға. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық құндылықтарымызды сақтауға ерекше мән беру керек екеніне тоқталып, «Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек» деп атап өтті. Сондықтан ұлттың тәуелсіздігі мен өркендеуі жолында тер төгіп, қан кешкен асылдарымызды ардақтап, ерлігіне құрмет көрсету – біздің перзенттік парызымыз! Осы орайда Сырым батыр елінде жуырда Алаш қозғалысына 100 жыл толуына орай республикалық ғылыми-тәжірибелілік конференция өтсе, Сырым ауданының орталығындағы «Алаш» музейі жаңартылды. Мұның барлығы рухани жаңғыруымызға ерекше әсер ететін жайттар, - деді ғылыми жиынды құттықтау сөзбен ашқан Алтай Көлгінов.
Өңір басшысы атап өткендей, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған шешен, ұлт азаттық жолында күрескен хас батыр Сырым Датұлының есімі қазақ даласының тарихында ерекше.
Орыс зиялыларының бірі, тарихшы Михаил Вяткин: «Тарих мынаны айқын көрсетеді. Ол – Сырымның өз халқына білдірген асқан сүйіспеншілігі, өз халқын сатқандармен ешқашан ымыраға келмейтіні, өз Отанының бостандығы үшін, оның мемлекеттігі нығайып, дамуы үшін жан аямай күрескені.... Қазақ халқы ұлт қамы үшін күрескен осы бір батырды ешқашан есінен шығармақ емес» деп жазған екен.
Ал XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ағылшын журналисі Д.Ч.Бульжер ол туралы «....Сырым батыр – жігерлі, терең ойлы, қайратты, батыл, айлалы ерекше тұлға. Ол халықтың сүйіспеншілігіне бөленген» деп естелік қалдырған.
Оралда өткен шараға арнайы келген «Қазақконцерт» ұжымының директоры Асхат Маемиров Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын оқып берді. Конференцияда оқылған баяндамалар да өзектілігімен, сонылығымен есте қалды. Мәселен, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай Сырым бастаған ұлт-азаттық қозғалысы – бүгінгі өскелең ұрпақты елсүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеуде үлкен рөл атқаратынын айтып өтті. «Қазақ тарихында аты аталатын хандардың барлығы бірдей емес, әсіресе орыс отаршылдығы кезінде ел билеген хандардың өкілеті шектеулі, олар Ресей билігі тарапынан тағайындалған еді. Сондықтан әуелі Сырым бастаған, одан кейінгі ұлт-азаттық қозғалыстардың бәрі отаршылдыққа қарсы, ел мен жерді қорғауға бағытталғанын атап айту керек» деді жазушы.
Тарих ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, ғылыми-зерттеу орталығының директоры Әбілсейіт Мұқтар Ресей архивтерінде Сырым және онымен араласқан би-батырларға қатысты мәлімет өте көп екендігін, ол құжаттарды жинақтап, арнайы кітап шығару кезек күттірмейтін іс екендігін көтерді. «Сырым Датұлының Түркиямен байланысы да назар аудару керек мәселе. Түркиядан Сырым Датұлын іздеп, арнайы елші келген, Хиуада болған. Бұл нақты дерек. Оның бір ұшығы Түркия мұрағаттарында сақталған болуы тиіс. Сондықтан маман жіберіп, сол деректерді арнайы зерттеу керек. Бүгінгі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осыны көздейді емес пе?! Үшіншіден Сырым Датұлы бастаған қозғалыс тарихы зерттелгенде бүгінге дейін Өзбекстан мұрағаттарындағы құжаттар, деректер пайдаланылған жоқ. Оған қол жетпей келді. Бүгінде ол мәселені де көтеретін уақыт жетті» деді Әбілсейіт Қапезұлы.
Тарихи құжаттарды іздеп тауып, бір жерге жинақтап шығару мәселесін оралдық тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин де көтерді. Соңғы жылдары Орынбор мұрағатындағы құжаттармен етене жұмыс істеп жүрген Жәнібек Аллаярұлы Сырым Датұлының архивтен алынған бірнеше хатының көшірмесін, екі түрлі мөрін аудармасымен жиылған жұртқа экран арқылы көрсетіп берді.
Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, Сырым Датұлының жерленген жері бойынша құрылған экспедицияның жетекшісі болған Мұрат Сыдықов Сырымтану саласында әлі де бітпеген іс көп екендігін айтты. Мәселен, бұл экспедиция Гүрлендегі Ғайып ата мазарын Сырым Датұлына тиесілі деген шешімге келген. «Біз көптеген зерттеу жұмысын жүргізіп, осы пікірге тоқтадық. «Ғайып атада» Сырым Датұлының жатқанына өз басым күмәнданбаймын. Бірақ ел ішіндегі алыпқашпа сөзді тоқтату үшін ғылым сөзі керек. Яғни, қабірдегі сүйекке ДНК анализін жасап, біздің болжам мақұлданған жағдайда батырдың сүйегін туған жерге – Батыс Қазақстан облысына қайта жерлеу керек деп есептеймін» деді Мұрат Наурызғалиұлы. Бірақ бұл үшін мемлекеттік деңгейде келісімдер керек. «Қазақстан мен Өзбекстан арасында соңғы кезеңде қалыптасқан жаймашуақ қарым-қатынасты пайдалану керек» дейді ғалым.
Ғалымдардың осы және басқа да ұсыныстары конференцияның қарарына енгізіліп, тиісті мекемелерге жолданатын болды. Конференция материалдары да арнайы жинақ болып шығады.
Дала данышпаны атанған Сырым Датұлы мерейтойы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры ұжымы қойған Рақымжан Отарбаевтың «Сырым батыр» тарихи драмасымен жалғасты. Ал ертең, 23 қыркүйекте Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған шаралар – дала қызықтары Сырым ауданында жалғасады.
Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»