Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының хабарлауынша, құландарды Орталық Қазақстанға көшіру туралы жоба басталды. «Алтын емел» мемлекеттік ұлттық бағындағы өсіп-өнген құландар «Алтын-Дала» мемлекеттік табиғи дала резерватына жіберілмек.
Жерсіндіру жұмыстары үш жыл ішінде іске асырылатын болады. Осы күзде алғашқы 15 бас құлан көшірілмек. Аталған жұмыстар Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің құландарды жерсіндіру жобасы аясында іске асырылмақ.
2016 жылығы есеп бойынша, Қазақстанда 3700-ге жуық құлан бар, оның ішінде 3250 бас құлан «Алтын-Емел» табиғи паркінде. Шектеулі парк аумағының құлан үйіріне тарлық келтіруі жем-шөп қорының азаюына, түрлі инфекциялық аурулардың таралуына әкеп соқтыруы мүмкін. Осыны есепке ала отырып, Қазақстандағы дала экожүйесін қалпына келтіру әрі жаңа құлан үйірін құру мақсатында құландар жаңа мекенге көшірілмек. «Алтын дала» резерватындағы Торғай және Улы Жыланшық өзендері мен бірегей көлдер жүйесі, оның ішінде өңірдегі ең ірі бұлақтық орнитологиялық аумақ – Сарықопа көлінің тұщы сулы жүйесі құландарды жерсіндіруге қай жағынан да қолайлы болып отыр.
Бастапқыда жануарлар биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының реинтродукция орталығы аумағына жіберілетін болады. Арнайы маманданған ветеринарлар мен зоологтар құландарды бақылауға алады. Қазіргі уақытта биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының маманы Нюрнберг зообағында арнайы оқу-тәжірибеден өтуде. Аталған жобаға Нюрнберг зообағының Сегре қоры қаржылай демеу көрсетіп отыр.
Көзкөргендердің айтуынша, жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысына дейін құлан Қазақстанның жазық даласында үйір-үйірімен топтанып жүрген. Қыста Каспий теңізінен шығысқа Іле ойпатын мекендесе, жазда Қарағанды Ақтөбе, Қостанай облыстарының жерін жайлаған. Дәмді еті және жұқа да, жеңіл терісі үшін құландарды есепсіз аулаудан олардың саны күрт төмендеді.
Елімізде құланды жерсіндіру жұмысы 1953 жылдан басталды. Құланның саны дүниежүзінде жылдан-жылға азаюына байланысты қорғауға алынып, Халықаралық табиғат қорғау одағының және Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»