• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 26 Қыркүйек, 2017

«Алтын» кездесу

284 рет
көрсетілді

Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді

Ұлттық валютаның орта мерзімді перспективадағы бағамын айқындайтын жағымды іргелі факторларға қарамастан, валюта нарығында құбылмалылық сақталуда. Бұл үрдістің себептері мен басқа да көптеген мәселелер жайында ҚРҰБ Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығында (КОжҚСО) өткен мерзімді баспасөз және телевизиялық БАҚ бас редакторларымен кездесу барысында Ұлттық Банк Төрағасы Данияр Ақышев айтып берді. 

Екі жыл бұрын Ұлттық Банктің бас­шысы лауазымына кіріскен кезде Данияр Ақышев «ақпараттық ашықтық» саясатын реттеуші жұмысының негізгі қағидаттарының бірі ретінде атап өтті. Оның пікірінше, қар­жы нарығына кәсіби қаты­су­шылармен, БАҚ-пен және халықпен адал әрі толыққанды ақпарат алмасқан жағдайда ғана рет­теушіге деген сенім арта тү­седі. Ұлттық Банк басшысы рет­теуші саясатын алдын ала болжау нарықтардың тиімді жұмыс іс­теу­інің және қатысушыларының бо­лашақта сенімді болуының кепілі болып табылатынын бірнеше рет атап өтті.     

Жоғарыда айтылған қағидатқа толық сәй­кестікпен Данияр Ақы­шев жетекші БАҚ басшыларын кездесуге шақырды, кез­десу Ұлттық Банктің режімдік объек­тісі – еліміздің алтын қорының негізгі бө­лігі сақталған орын – КОжҚСО-да өтті. Осында, зіл батпан есіктің арғы бетінде басылған, бірақ әлі айналысқа шығарылмаған резервтік банкноттар сақтаулы және осы жерде қағаз ақша өзінің қолданылуын тоқтатады: айналыстан алынған олар мықты шредерден өтіп, төлем құралынан түрлі-түсті қағаз қиқымына айналады. 

Данияр Ақышев кездесуге қатысу­шы­ларға мерзімді бас­пасөзді оқитындар мен теле­көрермендерді толған­ды­ратын бір­де-бір сұрақ жауапсыз қал­май­тындай, Ұлт­тық Банктің құ­зыретіне кіретін барлық та­қы­рып­тар аясы бойынша брифинг өт­кізуді ұсынды. 

Бір жарым сағатқа созылған сұрақ­тар мен жауаптар сессиясы қазақ­стан­дықтарды көп толғандыратын тақы­рып­тардың бірі: теңгенің Ресей рубліне қа­­тысты бағамының төмендеуін тал­қы­лау­дан басталды. 

– Қыркүйекте теңгенің Ресей руб­ліне қатысты бағамы 5,94 болып, ре­ко­рд орнатты. Бұл үрдісті қалай тү­сін­­ді­ресіз, әлде бұл жаңа тепе-теңдік пе? Тең­­ге рубльге қатысты 5-5,5  болған те­пе-теңдікке орала ала ма?

– Теңгенің бағамы өзгермелі, негізінен ол Ұлттық Банктің валюта нарығына қатысуынсыз қалыптасады. Қазіргі кезде қалыптасқан рубльдің теңгеге қатысты туындаған бағамы – бұл Қазақстан мен Ресей ара­сын­дағы сыртқы эко­но­ми­ка­лық қатынастардың даму ерекшеліктерінің көрінісі. Теңге құнының рубльге қатысты әлсіреуі Ресей рубліне деген сұраныстың жоғары екенін білдіреді, ол АҚШ долларына деген сұраныс арқылы жанама іске асырылады. Соңғы кезде Ресейден ке­летін импорттың өскенін байқап отыр­мыз, соның нәтижесінде Ресей рубліне деген сұраныс та өсуде. Ахуал ағымдағы сыртқы экономикалық үрдістерді көр­сетеді. Мен қандай да бір тепе-теңдік ту­ралы айтпаған болар едім. Рубль неме­се теңге арасындағы тепе-теңдік тар­геттелмейді, яғни Ұлттық Банк оны бел­гіле­мей­ді. Сондықтан ахуал екі ел ара­сын­да орын алған сыртқы экономикалық өл­шем­дермен айқындалады. Бірінші кезекте Ресей мен Қазақстан арасындағы тауарлар мен көрсетілетін қыз­мет­тердің экспорты жә­не импорты. Айырбастау бағамы – төлем балансы көрсеткіштерінің негізінде қалыптасатын, шетел валютасына деген сұраныс пен ұсынысқа ғана байланысты индикатор, өлшем. Төлем балансы – бұл Қазақстан мен басқа елдер арасындағы барлық шетел валютасы ағындарының балансы және тиісінше, егер бұл баланс теріс болып, валютаның әке­тілуі әкелінуіне қарағанда те­ріс болса, нәтиже де сондай бо­лады. Теңгенің деңгейі валюта бир­жасындағы Ұлттық Банктің нақты күндегі ұстанымымен емес, бірінші кезекте осы факторлар арқылы айқындалады. 

– Алдыңғы екі көлемді түзету мұнай бағасының шектен тыс құлдырауы кезін­де болды. Халық мұнайдың не­гіз­гі экспорт тауары екендігін, ба­ғасы түс­се валюталық кірістердің де түсе­ті­нін белгілі бір дәрежеде қабылдап, тү­сінді. Жаздың ортасынан бері мұнай ба­­ғасы орнықты өсуде, сонымен бір­ге Қашағандағы өндіру көлемі де ұл­ғаюда. Экспорттың 55%-ын мұнай құ­рай­тынын ескерсек, валюталық тү­сім күн өткен сайын өсуде. Мұнай ба­ға­сы­ның өсіп, Қашағандағы өндіру кө­ле­­мінің өскеніне қарамастан, тең­генің әл­сіреуін қалай түсін­ді­ріп берер едіңіз?

– Валюталық түсім ұлғаюда, бірақ оның барлығы, өкінішке орай, валюта нарығына түспейді. Бізде ырықты валюталық режім, валюталық түсім тауарды сату кезінде репатриацияланбайды. Девальвациялық күтулер кезінде экспорттаушылар валютаны ұстай тұрып, оны сатпауына болады. Валюталық ырықтандырудың жағдайы тұрақсыз. Бұл, бір жағынан, инвестициялық ахуал­дың жақсаруына ықпал етеді. Екінші жағынан, валюта на­рығында түсімді толық ал­мау­ға әкеледі. 25 компанияның валюталық түсімі бізде биржада сатылатын бүкіл валюталық түсімнің 75%-ын жинақтайды. Бұл компаниялар – мұнай және кен-металлургия секторының көш­басшылары. 2013 жылы бұл ком­паниялар биржада 40 млрд доллар, ал 2016 жылы 10 млрд доллар сатты. Экспорттаушылардың кірісі төмендегені көрініп тұр, се­бебі әлемдік бағаның құл­ды­рауы нәтижесінде олардың тау­арларының бағасы да түсті. Тү­сімнің қандай да бір бөлігін олар елге әкелмей, биржада сатпаған да болуы керек. 

Сіздің бақылауыңыздың дұрыс екені сөзсіз және валюталық тү­сім­ге қатысты жағдайды реттеу қажет деп санаймын. Бізде мұ­найды өндірудің ұлғайғаны бай­қалғанымен, ішкі нарықта ва­люталық түсімнің ұсынысы әрдайым бола бер­мей­ді. Сон­дық­тан да Ұлттық Банк пен фис­кал­дық органдардың жұмысын үй­лес­тір­ген маңызды. Бізде екі жылдан аса уа­қытқа созылған, импорттың ақысы тө­ленген, бірақ тауары әлі келіп түспеген не экс­порт жеткізілгенімен, ақшасы әлі түс­пе­ген келісімшарттар бар. Екі жылдан аса уа­қытқа со­зыл­­ған келісімшарттар бойынша шетелдегі соманы біз 4-8  млрд АҚШ доллары мөлшерінде ба­ғалап отырмыз.

– Ұлттық Банк валюта нары­ғын­да­­ғы ахуалға араласпайтынын айтып отыр. Алайда, шілде және тамыз ай­ла­рын­да Ұлттық Банк валю­та са­тушы­сы ретінде болды. Бұл жағ­дай­ды­ң өте си­рек орын алатынын жә­не қан­дай да бір шегінің бар-жоғын біл­гім келеді. Мұн­дай өктемдіктер қа­н­шалықты жиі бо­лады?

– Шынында, нетто-өктем­дік­тердің көлемі маусымда 100 млн долларға, тамыз­да 70 млн долларға жуық болды. Мау­сымдағы және тамыздағы бір айдағы сау­да-саттық көлемі 2 млрд АҚШ долларынан асады, тиісінше Ұлттық Банктің тарапынан өктемдік көлемі аз ғана. 

Ұлттық Банктің өктемдіктері қандай да болсын нақты уақыт­та­ғы бағамға әсер етеді. Ха­лық, кәсіпорындар және банк­тер де сенетін девальвациялық күтулер туындайтын жағдайлар болады. Бұл кезде нарықта шетел валютасын сатушылар жоқ болып, бірақ, мысалы, өзінің им­порттық келісімшарттарына қыз­мет көрсетілетін, айырбастау пункттеріне валюта сату қажет болатын 10 сатып алушы бар жағдай орын алуы мүмкін. Ал осы уақ­ытта валютаға ұсыныс нөлге тең. Осындай жағдайларда кез келген бағам болуы мүмкін. Себебі, валюта биржасындағы сауда-сат­тық қағидалары негізінде бағам нақ­ты мәміленің орташа алынған ба­ғасына қатысты қалып­тас­­ты­рылады. Егер валютаға ұсыныс шек­­тел­ген болса, валютаны сатып алғысы ке­летіндер бағаны көтере бастайды. Осы жағдайларда бізде араласу құқығы болады. Әдетте осындай жағдайлар сирек, не айтарлықтай шиеленіскен, не сыртқы нарықтағы өлшемдер өзгерген кезеңде болады. Өк­тем­діктің қашан және қан­дай мөлшерде болуы мүмкін еке­нін есептеп шығара алатын ешқ­ан­дай нақты математика және ай­қын формула жоқ және болуы мүмкін емес. Еркін өзгермелі бағам жағдайында осыған уақыт жұмсау қажет емес деп санаймыз. Бағам өлшем өзгермеген кезде өзі қалыптасуға тиіс: мысалы, нарықта 10 валюта сатушы және 10 сатып алушы болған кезде. Ал стрестік жағдай болған кезде, Ұлттық Банктің сауда-саттыққа араласуға құқығы болады. Бірақ, егер теңге бағамының өзгеруі бой­ынша орнықты үрдісін көретін болсақ, біз оған кедергі жасамаймыз.

– Криптовалюта. «Иә» немесе «жоқ»? Қазақстанда криптовалютаны қа­лай қабылдайды? Ұлттық Банктің осы нарықты реттеу бойынша пайымы бар ма?

– Қазақстанда криптовалюталарды реттеу, не шектеу мәселелері қосымша зерделеуді талап етеді. Ұлттық Банкте криптовалюталарды зерделеумен және оларды Қазақстанда пайдалану мүмкіндігі мәселесімен бірнеше департамент айналысады. Қазір осы нарықта болатын процестерді кеңінен бағалауға әлі ерте. Осы кезеңде біз белсенді ойыншыға қарағанда, бақылаушы ретінде боламыз. Біріншіден, мынаны түсіну керек: криптовалютаны шектеу, не реттеу үшін, осындай шектеулерді басқару тетігінің бар-жоғын білу қажет. Мысалы, егер сіз шетелдегі қаржы пирамидасының қатысушысы болсаңыз, Ұлттық Банкте сізге әсер етудің ешқандай тетігі жоқ, ал Қазақстанда бұл мәселені реттеп, басқара аламыз.

Осы жылдың көктемінің со­ңы­нан бастап Ұлттық Банк іске асырып отырған әріптес банк­тер арқылы халыққа өлшеу­іш алтын құймаларды сату бағ­дар­ламасы журналистердің үлкен қызығушылығын туғызды. 

– Алтын құймаларын сату қар­қы­нын еске­ре отырып, тәжі­рибе табысты өтті деп санаймыз, –  деп атап өтті елдің бас бан­кирі. – Бізде бір жүз грамдық алтын құй­малар сатылады, олардың біреуінің құны 1 млн теңге – бұл халық үшін барынша қымбат өнім. Осы фактіге қарамастан, осындай номинал аса танымал болып отыр. Бағдарлама іске қосылған кезден, ағымдағы жылдың 31 мамырынан бастап, біз 900-ге жуық құйма саттық. Бұл шамамен 24−25 кило алтын. Осы бағдарламаның табысты болуы – бұл құймаларды Ұлттық Банктен ғана емес, банктерден сатып алуға болатынында деп ойлаймын. Бұл қолжетімді. Сонымен қатар алтын – бұл өтімді актив. Сіз банкке келіп оған алтын құймасын кез келген сәтте орауының бүтін болуы шартымен сата аласыз. Астана мен Алматыға қарағанда құймалар көбірек қызықтырып отырған өңірлер бар. Өскеменде сұраныстың айтарлықтай өсу қарқынын байқап отырмыз. Бұл ең алдымен, осы өңірде өнеркәсіп кәсіпорындарының өте көп еке­німен түсіндіріледі. Халық өзінің жұ­мыс ерекшелігіне байланыс­ты бағалы металдарды көбірек түсінеді. Бірақ сұраныстың негізгі бөлігі он грамдық құймалар есе­бі­нен қалыптасады, – деп толық­тырды Данияр Ақышев. Ұлттық Банктің басшысы алтын туралы әңгімеден оны көр­сетуге көшті. Көп тонналы есік ашыл­ғаннан кейін журналистер ба­ғалы металдар толтырылған бун­керлерді көрді. Құймалар мен пластиналар біз қиялдағандай, төбеге дейін бірінің үстіне бірі, үш қатардан аспайтындай етіп қойылған. Алтын – жұмсақ металл және сақтықпен қарауды талап етеді. Елдің «алтын жүрегіне» экскурсия – бұрын-соңды болып көрмеген қадам. Сенімді қауіпсіздік деңгейі бар режімдік объект. ҚР алтын қорының үлкен бөлігі дәл осы жерде сақталады. Алтын, платина, бүкіл көлемнің 60 пайызына жуығы. Журналистер жадында 40 тонна бағалы металды сақтап қалды, Қазақстан қорын ұстап және иіскеп көрді. Көп болған соң алтынның да иісі болады екен. Ал жаңадан шығарылған, шытырлаған банкноттардың иісі қандай болады екен… Сырт көзбен қарағанда шап-шағын  құйманың салмағы 12,4 кило, ал оны көтеруге ер адамдардың ғана күші жетті. Ал «алтын саяхатымыздың» нәзік жандарының естелікке суретке түсулері үшін құны 185 млн теңге тұ­ратын құйманы ақырындап көтеріп ұстатты. Айналымға әлі енгізілмеген қолма-қол ақшамен танысудың да кезегі жетті. Айта кетсек, жиырма мыңдық ақшаның бір метрі 13 млрд теңге болады екен. Жаңадан басылған банкноттар сақталатын бөлмеден кейін БАҚ және Ұлттық Банк өкіл­дерінен тұратын делегация зерт­ха­наға аяқ басты. Орталықтың қоймасына түсетін бағалы металдар нақ осы жерде жан-жақ­ты, мұқият сараптамадан өтеді. Зертхананың қызметкерлері әр металдың  өзінің айрықша ерек­шеліктері бар екенін айтты. Яғ­ни, кез келген бұй­ымды арна­йы аппаратқа орналастырып, бір минуттан кейін оның сапасы мен құ­рамын білуге болады. Журналистер мұн­дай мүмкіндікті бос жібермей, аппа­рат­қа өздерінің неке жүзіктері мен басқа әше­кей­лерін тексеруге кірісті. 

Экскурсиямыздың  соңғы, бір­шама көңілсіздеу сатысы банкнот­тарды жоятын бөлмеге келдік. Бұл жерде біз ақша ғұмырының қалайша аяқталатынының куәсі болдық. Машина салынған қағаз ақшаны аяусыз турап, шыққан «қал­дық­ты» нығыздап тастады. Алайда, мұ­қият қарасаңыз, бас­­­тырылған қағаздың  құ­ра­мы­на қандай номиналды ақша­ның кір­генін байқауға болады. Банк­ноттарды жоюшылар осы бөліктерден құрақтап толыққанды ақшаны жинауға бола ма деген журналистердің сауалына тек күлді де қойды – ұсақтап туралған қалдық бұған ешқандай мүмкіндік қалдырмайды. Экскурсияға қа­ты­сушылардың әрқайсысы кеше ғана ақша болған 300 грамдық кәдесыйлық брикетті редакцияға ала кетті. 

Тақырыпқа орай: – Қазіргі уақытта сыртқы нарықтарда жағдай қолайлы болып отыр. Мұнай бағасы бір баррель үшін  50 АҚШ доллар жоғары деңгейде қалыптасты. Оң фактор ретінде сауда әріптес елдер Ресей мен Қытай экономикасының оң өсуі және  тұрақты дамуы атап өтілді.   – Қазақстанның экономикасы 3 жылдық баяулаудан кейін өсу көрсетіп отыр. Бірінші жартыжылдықтың ішінде ІЖӨ нақты көрсеткіште  4,2%-ға ұлғайды. Ұлттық Банктің болжамы бойынша экономикалық өсу қарқыны 2017 жылы  3%-ға жуық болады. – Ағымдағы жылдың 8 айы ішінде өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі 5,4%-бен салыстырғанда инфляция 3,9%-ға дейін баяулауын жалғастыруда. Тамыздың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 7%-ға дейін төмендеді (2016 жылғы желтоқсанда – 8,5%) және 2017 жылға арналған 6-8%-дық нысаналы дәліздің ортасында тұр. 2018 жылы да біз инфляция 5-7% нысаналы дәліздің ортасында болады деп күтеміз.  – Халықтың алдағы уақытта бағаның өсуін күтуі тұрақты деңгейде тұр. Бір жылға бұрын инфляциялық күтулердің сандық бағалауы соңғы пікіртерімдердің нәтижелері бойынша 6,5%-ды құрады. Сол себепті ағымдағы жылдың басынан бастап Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені біртіндеп азайта отырып, ақша-кредит талаптарын жеңілдетуді жалғастыруда. 21 тамызда ол 10,25%-ға дейін 0,25%-ға төмендеді.  – Ұлттық валютаның орта мерзімді перспективадағы бағамын айқындайтын оң іргелі факторларға қарамастан, валюта нарығында құбылмалылық сақталып отыр. Девальвациялық күтулермен күшейтілген  шетел валютасына артық сұраныстың нәтижесінде теңге 14 қыркүйектегі жағдай бойынша бір доллар үшін 337 теңгеге дейін – 0,3%-ға әлсіреді. Жыл басынан бері 1,4%-ға әлсіреу байқалады.   –  Ұлттық Банктің болжамы бойынша теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы, егер мұнай бағасы бір баррель үшін 50 АҚШ долларынан аз төмендемесе, ал Ресей рублінің бағамы бір АҚШ доллары үшін 59-60 рубльден аспайтын болса, ағымдағы деңгейлерде сақталады.  – Алдын ала деректер бойынша, елдің алтын-валюта резервтерінің өсуі сегіз ай ішінде 11,6%-ды, 32,9 млрд АҚШ долларын құрады. Елдің халықаралық резервтерінің жалпы сомасы 2017 жылғы тамызда Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда,  58 млрд АҚШ долларына жуық  болып, 91 млрд АҚШ долларына немесе ІЖӨ-нің  61%-на жетті.

Дина УСТИНЕНКО